Астана қаласында 1-2 шілдеде “Дағдарыстан кейінгі кезеңдегі тұрақты экономикалық өсім” атты экономикалық үшінші форум өз жұмысын бастамақ. Биылғы жылы әлемнің елу мемлекетінен келетін саяси және іскер ортаның екі мыңнан астам өкілдерін жинайтын үшінші экономикалық форум қарсаңында Алматыда осы ірі шараға арналған баспасөз мәслихаты болып өтті.
Баспасөз мәслихатына қатысқан ел Президентінің көмекшісі Бақыт Сұлтанов Қазақстан астанасында жыл сайын өткізілетін дәстүрлі форумның күн тәртібіндегі өзекті мәселе – әлемдік дағдарыстан кейінгі тұрақты даму төңірегінде сөз қозғады. Оның айтуынша, Астана экономикалық форумының маңыздылығы уақыт өткен сайын арта түсуде, оның өзіндік себептері де бар. Биылғы форумға қатысушылардың арасында Нобель сыйлығының үш бірдей лауреатының болуы да көп нәрседен хабар берсе керек.
Экономикалық мәселелерді ортаға салатын ірі форум Мемлекет басшысының бастамасымен дүниеге келген. Бұл орайда, Санкт-Петербургте 2007 жылы өткен экономикалық форумда Президент ғалымдардың Еуразия экономикалық клубын құру туралы бастама көтеріп, сол клубтың тілдестік алаңы Астана экономикалық форумы болғандығын атап айту қажет.
Бақыт Сұлтанов баспасөз мәслихатына жиналғандарға Астана экономикалық үшінші форумының негізгі ерекшеліктері жөнінде жан-жақты баяндап берді.
– Шетелдік кәсіпкерлер мен өнеркәсіпшілер және өзге де салалардың басшылары қатысатын іскерлік форумы Астана экономикалық форумындағы үлкен оқиғаға айналады деп күтілуде. Бұл басқосудағы басты мақсат – Еуразия кеңістігінде өзара сауда-экономикалық байланыстар және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған іскерлік конгресін құру болып табылады. Тағы бір атап айтатын жәйт, үшінші форум “G 20”-ның биыл өтетін екі саммитінің аралығында ашылмақ. Анығырақ айтқанда, “G 20”-ның бір саммиті – Торонтода, ал екіншісі Сеул қаласында өтіледі деп жоспарлануда. Жиында әлемдік дағдарыстан кейінгі әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті мәселелері талқыланбақ, – дейді Бақыт Тұрлыханұлы.
Форумға қатысушылардың арасында ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, Экономикалық ықпалдастық жөніндегі ұйымның бас хатшысы, Ауғанстан президенті кеңесшісі Мұхаммад Мааруфи және Еуропа орталық банкі, Азия Даму банкі, ірі инвестициялық компаниялар және өзге де ірі ұйымдар өкілдері бар. Жиын шеңберінде дағдарыстан кейінгі реттеу жағдайында исламдық қаржыландыруды реттеу тетіктеріне арналған халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылады.
Мемлекет басшысының көмекшісі Астанадағы экономикалық үшінші форум аясында инновациялық технологияларды дамытуда маңызды рөл атқаратын инновациялық конгресс өткізілетіндігін де хабарлады. Ұлттық инновациялық экономиканы дамытудың озық тәжірибесімен және Орталық Азия елдері мен Қазақстанда инновациялық саясаттарға арналған ұсыныстарымен Финляндия, Норвегия, Германия, Корея, Франция және Израиль елдерінің инновациялар және технологиялар жөніндегі мемлекеттік құрылымдарының өкілдері ой бөліспек. Сонымен қатар, аталған іс-шара аясында индустриялық-инновациялық жобалар мен ғылыми еңбектер көрмесі де ұйымдастырылады.
Бақыт БАЛҒАРИНА,
Алматы.