Қазақстан • 15 Маусым, 2022

Көміртегінен бейтараптылық: Мақсатқа жетсек игі

341 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегінің көрсеткіштерін нөлдік межеге жеткізіп, экономиканы карбонсыздандыруға байланысты көздеген жоспарларын жүзеге асырмақ ниетте. Бұған байланысты тиісті доктрина мен ұлттық жоба әзірленіп, жаңа Экологиялық кодекс те қабылданған болатын. Алайда өндірушілер мен қоғам белсенділері бұл заңнамадағы кейбір толықтырулар жетілдіруді қажет етеді деп санайды.

Көміртегінен бейтараптылық: Мақсатқа жетсек игі

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Үкімет іс-қимыл жоспарын дайындамаған

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміз 2060 жылға қарай толық көміртекті бейтараптылық жөнін­дегі міндетті қолға алған болатын. Бұл нені білдіреді? Яғни осыдан кейін Қазақстанда өндірілген тауарлар мен көрсетілетін қыз­меттерде зиянды қалдықтардың көлемі ең төменгі деңгейде немесе нөлдік көлемде болуға тиіс. Сөзсіз, бұл өте күр­делі мін­дет әрі алға қойылған ауқымды жоспарды орындау оңай шаруа емес. Бірақ сарап­шылардың айтуынша, кешенді жос­пар мен жүйелі жұмысты жолға қою арқылы мұны іске асыруға болады. Нелік­тен еліміз мұндай жауапкершілікті алып, биік мақсатқа қол жеткізуді көздеп отыр дегенге келсек, біріншіден бұл – жаһандық үрдіс. Мәселен, көршілес Қытай мемлекеті бұл мақсатқа 2050 жылға дейін жету міндетін қойып отыр. «Әлбетте, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болғымыз келсе, онда мұндай ауқымды міндеттерді іске асыра білуіміз керек» деп санайды Қазақстанның жаңғырмалы энергетика қауымдастығының құрметті бас директоры және директорлар кеңесінің мүшесі Арман Қашқынбеков.

«Еуропалық одақ шамамен бір-екі жылдан кейін көміртегі салығын енгізе бастайды. Сол кезде Еуропаға импортталатын барлық тауар мен көрсетілетін қызметтер мұқият тексеріледі. Атап айт­­қанда, өндірісте қандай электр энер­гия­сының пайдаланылғаны, оның ішінде көмір ме, әлде жаңғырмалы немесе балама энергия көздеріне басымдық берілді ме, осының бәрі майшаммен қаралады. Сондай-ақ құрылыс пен тасымалдаудың әдістері де тексерілетін болады. Бұл ретте Қазақстанның бұған дайын болуы өте ма­ңызды. Әрине, ол үшін еліміздің бүкіл өнер­кәсібі мен экономикасын қайта құру қажет.

Менің білуімше, төмен көміртекті даму стратегиясының алғашқы жоба­сын Үкімет Неміс энергетикалық агент­тігінің (Deutsche Energie-Agentur) көме­гімен әзірлеген. Бұл бағытқа бізде Экология, гео­логия және табиғи ресурстар министрлігі жауапты. Аталған стратегия Президентке таныстырылған еді.

Бірақ бұл сегменттегі идеялар мен ұсыныстар «ЭКСПО» көрмесі кезеңінен бері айтылып келе жатыр. Сол кезде көп­шілікпен бірге балама энергия көз­дерін дамыту стратегиясының қажет­тілігі тура­лы айтқанмын. Себебі 2013 жылы қол қойылған «Жасыл» эконо­ми­каға көшу тұжырымдамасының күші жойылған жоқ. Онда 2020 жылға қарай ЖЭК-ті 3%-ға жеткізу туралы көрсе­тілген. Осы көрсеткіштерге қол жеткіз­геніміз қуантады, әрине. Енді оның көлемін 2030 жылға қарай 15%-ға ұлғайту қарас­тырылып отыр. Ал 2050 жылы 50%-ға жетуіміз керек. Мұны іс жүзінде орындау үшін арнайы стратегия керек. Неге десеңіз, алдымызға көптеген зор мақсат қойғанымызбен оны жүзеге асыратын нақты тетік болмаса, мұның барлығы құр сөз жүзінде қала береді. Бұл төмен көміртекті даму стратегиясына да қатысты. Оның негізгі қағидаларына сәйкес ірі және моноқалалардағы ауаның ластануын төмендету үшін өнеркәсіп пен көлік секторына қыруар көлемдегі қаражатты тартуға тура келеді. Бірақ Үкі­метте бұған арналған іс-қимыл жоспары әзірге жоқ. Осыған байланысты Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында бірнеше рет өз ұсыныстарымызды жет­кізгенбіз. Жаңылмасам, Экология минис­трінің бағалауына сәйкес көміртекті бейтараптылық тұжырымдамасын жүзеге асыру үшін 600 млрд доллардан астам қаражат қажет. Еліміздің бір жылдық ішкі жалпы өнімінің көрсеткішін ескерсек, бұл Қазақстанның үшжылдық ІЖӨ-нің көлеміне тең сома. Десе де әлемдік тәжірибеге сүйенсек, көздеген мақсаттарды дүниежүзілік қаржы институттарының зайымдары арқылы жүзеге асырудың жолдары бар. Мысалы, Дүниежүзілік банк пен Азиялық банк осы бағыттағы қанатқақты жобаларды қаржыландырып келеді. Екіншіден, бюджеттің ақшасы мен субсидия беру, сондай-ақ тариф енгізу тетіктерін қарастырған артық болмай­ды. Мұндай тәжірибе еліміздегі ЖЭК үлесін арт­тыру кезінде қолданылған», деді Ұлт­тық қо­ғамдық сенім кеңесінің мүшесі А.Қашқынбеков.

Қоғамның пікірі ескерусіз қалған

«ЭкоМузейдің» директоры Дмитрий Калмыковтың пікіріне сүйенсек, жаңа Экологиялық кодексте қоршаған ортаға әсерді бағалау тәртібі бұған дейінгі заң­дарға қарағанда әлдеқайда жақсы жа­зылған. Әрине кемшіліктері бар, бірақ тұтастай алғанда жаман емес. Алай­да қоғамдық ашықтық тұрғысынан бағам­дағанда заңға тәуелді актілер әлі де болса жетілдіруді талап етеді.

«Шындығына келгенде, бұл заңға тәуелді актілер кейбір мәселелер бойынша қоғамдық ашықтықты қиындатып жіберді. Екіншіден, онда өнеркәсіпке тым артық талаптар қойылған. Айталық, қоғамдық тыңдауларды қоршаған ортаға әсерді бағалау кезінде, сондай-ақ осы бағалауға қол жеткізген соң тиісті рұқсатты алуға барғанда тағы бір рет өткізуіңіз керек. Менің ойымша, бұл проблеманың басты себебі – қоғам белсенділері заң актілерін толық әзір­леуге қатыстырылған жоқ. Мұны тү­зету керек деп есептейміз», деді Д.Кал­мыков.

Кәсіпкерлер зардап шегіп жатыр

Орнықты дамуды көздейтін табиғат пайдаланушылардың қазақстандық қауымдастығының атқарушы директоры Галина Артюхина айтқандай, бір жыл бұрын ғана қабылданған Экологиялық кодекс бірқатар жағымсыз жайтты ашып берді. Әсіресе шағын және орта бизнестен түсіп жатқан шағым өте көп.

«Экономиканы трансформациялау туралы айтқанда екі мәселеге тоқталу керек. Біріншіден, бұл қажетсіз кедергілерді тудырмайтын заңнамалық нормаларға, екіншіден инвестицияларға байланысты. Осы ретте қоршаған ортаға әсерді бағалау мен скринингтерге тоқталғым келеді. Экологиялық кодекстің қабылданғанына бір жылдан асты. Осы аралықта бірқатар жағымсыз жайт анық байқалды.

Бізге шағын және орта бизнес өкілде­рінен көптеген сұрақ пен шағым түсе бастады. 2021 жыл жергілікті уәкілетті орган­дардың бизнеске мемлекеттік бақы­лау жүйесін жүргізудің либералды жолымен жүруге мүлдем дайын емес екенін көрсетті. Естеріңізде болса, бұл қабылдан­ған реформаның басты мақсаты ретінде жарияланған еді.

Қолданысқа енгізілген заңға тәуелді актілер, әсіресе рұқсат беру рәсімдері мен объектілерді экологиялық қауіптілік санат­тары бойынша бөлу өлшемдерін қол­дану көп жағдайда Кодекстің негізгі ере­желеріне қайшы келеді.

Жаңа жобаларға қарастырылатын скрининг рәсімі және қоршаған ортаға әсерді бағалау процесі инвестор жаңа өндіріс орындарын ашу идеясымен келген кезеңде ғана басталуға тиіс еді. Іс жүзінде мұның бәрі қауіптілік санаттары бойынша барлық кәсіпорынды қайта қарау мен бизнесті жасанды түрде қажетсіз процес­терге тартуға айналды. Егер де кез келген облыстық аумақтық органның сайтына кірсеңіз, онда кәсіпорындардың скрининг рәсімінде 22 немесе 30 жұмыс күні емес, 8 ай тұрғанын байқайсыз. Ең азы кем дегенде 4 ай күтуге мәжбүр. Оның өзінде бұл қауіптілік жағынан 3-4-ші санаттағы ком­паниялар туралы айтып отырмын. Жер­гілікті органдардың бұған дайын бол­мауы шамадан тыс ырықтандырудан үрей­лене­тінге ұқсайды. Мұның салдары негізсіз қысымға әкелді. Оның зардабын әсіресе шағын және орта бизнес сезіп жатыр. Бүгінде тіпті ірі компаниялар да бұл мәселені айналып өтетінін көріп отырмыз. Ал шағын бизнес ірі қауымдастықтарға да бірікпеген және оларды қорғайтын ешкім жоқ», деді Г.Артюхина.

Озық қолжетімді технологиялар анықтамалығын жетілдіру қажет

Аталған заңдағы жаңашылдықтардың бірі – Озық қолжетімді технологиялардың анықтамалығы да қоғамда біраз пікір­талас тудырғаны рас. Kazenergy қазақ мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары­ның қауымдастығы Экологиялық реттеу депар­таментінің директоры Аскар Емен­таевтың сөзіне сүйенсек, әсіресе анық­тамалықта қарастырылған «Энергия өндіру мақса­тында ірі қондырғыларда отын жағу» жобасына байланысты туын­даған мәселе көп. Қауымдастық өкілі аталған нормада шикілігі көп болғандық­тан оны мұқият қарап, қайта толықтыру керек деген ұйым­ның ұсынысын жеткізді. 

«Мұнай-газ саласында озық қол­жетімді технологияларды енгізуге бай­ланыс­ты жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәсе­лен, мұнай мен газды қайта өңдеу бағытында анықтамалық әзірленді. Ол мақұлдаудың соңғы сатысында тұр. Бұл анықтамалыққа байланысты салада айтарлықтай проблемалар мен тәуекелдер жоқ. Рас, пікірталастар, оның ішінде шекті деңгейлерді нақтылауға қатысты әңгімелер болды. Десе де мына бір мәселені айтқым келеді. Бұл аталған анықтамалықта қамтылған «Энергияны өндіру мақсатында ірі қондырғыларда отын жағу» жобасына байланысты. Бұл жерде осы тармаққа қатысты көптеген сұрақ пен тәуекел туындағанын жоққа шығармаймыз. Себебі ол да салалық ко­митеттің дауыс беру процесінен өткі­зілген еді. Бірақ бүкіл саланың атынан айтқымыз келгені осы нұсқаулық қайта қаралса деген ұсыныс бар. Себебі еуропалық елдер мен біздің жақын көршілеріміз бұл бағыттағы жұ­мысты бұрын бастаған. Атал­ған мемлекеттер ластану деңгейлеріне кезең-кезең­мен өтті. Мысалы, Беларусь пен Ресей бұл үдерісті бізден әлдеқайда бұ­рын енгізе бастағандықтан тәжірибесі көп. Ал біз алғашқы кезеңнен бастап еуропалық талаптарға ұмтылып отырмыз. Сондықтан осы шекті деңгейге біртіндеп өтіп, анық­тамалықтың осы тармағын қайта пысықтау керек деген ұсынысымыз бар», деді А.Ементаев.

Стратегия мен кодекс өзара үйлеспейді

Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы (ТМКҚ) Қазақстанның көміртекті бейтараптылық жөніндегі стратегиясын Экологиялық кодекспен, оның ішінде озық қолжетімді технологияларды енгізу жөніндегі нормалармен, сол секілді әзірленіп жатқан ОҚТ анықтамалығымен үйлестіру қажет деген ұстанымда. Салалық ұйым өкілдері төмен көміртекті және көміртексіз жобаларды жедел енгізуді көздейтін ОҚТ анықтамалығының қазіргі редакциясы жоғарыдағы Стратегияда қамтылған іс-шараларға қарама-қайшы деп есептейді. Неге десеңіз, кәсіпорындар Экологиялық кодекске сәйкес технологияларға инвес­тиция жұмсағанымен кейіннен көміртегі бейтараптылық Стратегиясында көзделген парник газдарының көлемін азайту бойын­ша өлшемдерге сай болмағандықтан қыз­меттерін тоқтатуы да мүмкін.

«Кәсіпорындардың зиянды заттардың көлемін, оның ішінде көмір генерациясын төмендетуге байланысты ОҚТ-ны енгізу жөніндегі міндеттемелерін де ескеру қажет. Демек Стратегияда көзделген көмір генерациясынан бас тарту жөніндегі міндеттемелерді орындау ОҚТ-ға инвес­тиция тартудың орынсыз шығын екенін көрсетеді. Бұл өз кезегінде Экологиялық кодекс­тегі талаптарын орындаудың қа­жет­­тілігіне күмән тудырары сөзсіз.

Бұл орайда жаңа кодекске сәйкес кәсіпорындар пайдалану салдарын да жоюға байланысты қаржылық қамтамасыз етуді қалыптастыруға тиіс. Аталған норма стратегияда да жазылған ескеру қажет», деді Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіп­орындары қауымдастығының атқа­рушы директоры Николай Радостовец.

Бұдан бөлек қауымдастық көмірді таза жағу технологиясын егжей-тегжей зерттеп, осы жөніндегі ақпаратты Стратегияда қамту қажет деп санайды. Қазір әлемде көмірді таза жағудың перспективалы технологиялары қарастырылған. Олар Clean Coal (Таза Көмір) немесе High Efficiency Low Emissions (Жоғары Тиімді Төмен Эмиссиялар) деген жалпы ұғымдармен біріктірілген. Осыған байланысты көмір электр стансаларында Clean Coal немесе High Efficiency Low Emissions технологияларын орнатуды энергетикалық секторды карбонсыздандыру жөніндегі іс-шаралардың бірі ретінде жатқызу қажет деген ұстанымдарын жеткізді ТМКҚ.

Eco Network жобасының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджановтың айтуынша, елімізде халықпен жұмыс жолға қойылмаған. «Егер қандай да бір мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде қоғамның пікірі ескерілмесе, халық бұл өзгерістерді қабылдамайды», дейді ол. Себебі түпкілікті тұтынушы және салық төлеуші-халық.

«Мейлі компаниялар болсын, әр компанияның артында адамдар тұр. Яғни, барлық 19 миллион халық көміртекті бейтараптықтың қаншалықты маңызды екенін түсінбейінше, бұл жай ғана әдемі бағдарлама болып қала береді. Егер де оны соңғы тұтынушыға дейін қалай жеткізуді ойластырмаса. Салыстырмалы түрде айтсақ, экологиялық тұрғыда таза өндірілетін электр энергиясы дәстүрлі көмір генерациясының энергиясынан сәл қымбат болатынын түсіну керек. Бірақ осы арқылы әр азамат қоршаған ортаны сақтауға өз үлестерін қосып жатқанын түсініп, тұтынуды үнемдейтін болады. Бұл өндірілген тауарлар мен қызметтерге де қатысты.

Мысалы, мектептерді алайық, оқушылар ата-аналар үшін негізгі аудармашыға айналып, ресурстарды үнемдеу, ақылды тұтынуды енгізу немесе қалдықтарды сұрыптаудың маңыздылығын түсіндіре алар еді. Өкінішке қарай мемлекет бұл тетікті тиімді қолдана білмейді. Салдарынан әдеттеріне басып экология пәнін енгізіп жатыр - бұл жұмыс істемейді.

Үкімет сауда желілері және басқа да бизнес қауымдастықтармен келіссөздер жүргізіп, олардың маржаларын азайтуға күш салуы керек. Мысалы, шағын желілерді құруға ынталандырып, олардың бір-бірімен бәсекелесу үшін жағдай жасау тиіс. Сәйкесінше, бағалар да төмендейді. Бұл өте үлкен міндет. Біз оған оңай іске асырылатын бағдарлама ретінде қараймыз. «Озық қолжетімді технологияларды әзірледік, енді бірден экологиялық таза елге айналамыз» деп ойласаңыз қателесесіз. Бұл олай жұмыс істемейді. Еліміздің әрбір азаматы қандай да бір өнімді сатып аларда немесе қызметті пайдаланғанда оның таңдауы қаншалықты маңызды екенін түсінуі тиіс», деді Е.Мұхамеджанов.