Әдебиет • 15 Маусым, 2022

Жалғыз романдардағы жалғыздық

1008 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шығарма жазудың көпіртіп көп жазу емес екенін дәлелдеп кет­кен­ таланттар қаншама?! Олар дүниенің жұмбақ сырларын, айтар сөзін, тұщымды ойларын, жеке көзқарастарын тек жалғыз ро­манға сыйғызыпты. Сөздің сиқыры да, қадірі мен қасиеті де сол «жалғыздықта» салмақ басып тұр. Себебі олар «сөзді де се­зім сынды үнемдемесе, таусылып қалатынын» (Шыңғыс Айт­ма­тов) ерте білген де шығар. Мүмкін олар өздері бастан кешкен жалғыздыққа мәңгілік ескерткіш қоюды ойлады ма екен? Сонымен біз бүгін тек жалғыз роман жазып, есімдері әдебиет тарихында алтын әріппен жазылған қаламгерлер туралы ой бөлісеміз.

Жалғыз романдардағы жалғыздық

«Құланның ажалы» – ар-намысты жоқтау

Біздің әдебиетімізде небәрі 32 жасында өлмес роман жазған Ақан Нұрмановтың алар орны бөлек. Ол туралы жазылып та, айтылып та жүр. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары әдебиетке осындай үлкен жаңалықпен келген Ақан Нұрмановтың жалғыз романы «Құланның ажалы», ең алдымен, ер мінездің, батылдықтың, сосын жүйрік қаламның туындысы дер едік. Қылышынан қан тамып тұрған сүркейлі кезеңде Кейкі ба­тырды кейіпкер ету батыл қаламгердің ғана қолынан келетін іс. Бұл романның жазы­луы туралы әртүрлі көзқарас бар. Бірақ біз жазушы Қалихан Ыс­қақтың:«Кіші бесіннен көз бай­ланғанша «Құланның ажалы» оқылды. Бірінші бөлімі. Екінші бө­лімі орысша екен. Үшінші бөлімі әлі жазылмапты… Мынау кешкі ымырттың алакеуім кірекесіндей көкейге зіл боп кептелген мұң арқалап қайттық. Құланның ажалы … Құланның ажалы кімнен? Оған әлі жауап жоқ еді. Құлан да, Кейкі де екеуі бір-ақ адам. Құланның ажалы емес, бұл Кейкінің ажалы еді. Құлан Кейкінің руы – Құлан Қыпшақ. Білетін жұрт Құланды Кейкі деп таниды, білмеген жұрттың көкейінде Құлан отырады. Ақан цензураны ғана жаңылдырған болды. Цензурадан басқа да қырағы көздер толып жатыр. Соларды алдап көр. Құлан ажалының азабы да осында» деген пікіріне иланғымыз келеді. Иә, Қалихан ағамыз айтпақшы, «Жүрегінде өмірге деген қыжылы бар» бұл роман жазушының есімін танытты, ұлт тарихындағы Кейкі батырға деген түсінігімізді одан ары тереңдетті. Қысқасы, Ақанның жалғыз романы – ар-намысты жоқтау. Қазақ жазушысы жазған жалғыз роман тарихтың, намыстың аманатын арқалап тұр.

«Сұлуқара» – жылқыларға деген сүйіспеншілік

Ағылшын жазушысы Анна Сьюэллдің алғашқы әрі соңғы романы «Сұлуқара» оның атын шаршы әлемге жария еткен керемет туынды. Бұл роман кітап болып басылғаннан қазірге дейін әлемдегі балаларға арналған елу үздік кітаптың бірі мәртебесінен түскен жоқ. Балалармен қатар ересектер де аталған шығарманы тұшынып оқып, жазушының қалам қуатына жақсы баға беріп келеді. Жазушы өмір бойы осы бір романын жазып, шығармашылықтағы паспортына айналдырған. Бір өкініштісі, кітап баспадан шыққаннан кейін Анна Сьюэлл бақилық болды. Сол үшін де ол «іштен шыққан шұбар жыланын», атап айтқанда, «Сұлуқараның» оқырманға ұнап, биікке көтерілгенін көре алмай кетті. Жазушы Олд-Саттон атты елді ­мекенде алты жыл тұрғанда, біз сөз етіп отырған жалғыз рома­нының қолжазбасын қайта-қай­та өңдеп, түзеумен болады. Шы­ғар­машылықпен айналысқан осы уақытта оның денсаулығы на­шарлап, төсек тартып жатып қалады. Сонда да қаламын қо­лынан тастамаған қайсар жазушы шығарманы анасына айтып беріп отырған, ал анасы 1876 жылдан бастап қызының шығармасын қағазға түсірген.

Әдебиеттанушылардың айтуынша, «Сұлуқара» ағылшын әдебиетіндегі жылқы жануарын кейіпкер етіп жазылған алғашқы роман екен. Қазір әлемдік класси­ка­дағы балалар кітабы санала­тын бұл шығармасын автор әуелде жылқышыларға арнап­ жазыпты. Ол бір сөзінде: «Бұл романды жазудағы басты­ мақ­са­тым – жылқыларға мейірім­ді­лік, жанашырлық танытып, тү­сіністікпен қарау», дейді. Бұл кітапты оқырмандар қыл құй­рықтылардың қадірін білуге, жылқы шаруашылығына және оны тұрақты басқаруға, Қамбар ата түлігін қолға үйрету тәжірибесіне нұсқаулық ретінде оқуға болады. Сьюэлл «Сұлуқара» романының баспа құқығын 1877 жылы 57 жасында Норвич баспагері Джар­ролдске сатты. Осы кітабы үшін ол бір реттік төлем ретінде 4,630 АҚШ долларын алды. Кітап сол жылы жарық көріп, оқырманмен жүздесті.

Жоғалту мен табысу кітабы

«Қара бидай атызындағы қарауыл» – Сэлинжердің жалғыз романы. Бұл шығарма 1945-1946 жылдары сериялық түрде оқырманмен жүздесіп, 1951 жылы роман ретінде кітап болып шыққан. Негізінде ересектерге арналып жазылғанымен, жасөспірімдер де бұл кітапты қызығып оқиды. Кейіпкердің әртүрлі кездегі бейнесі, іс-әрекеті оқырманды жалықтырмайды. Сол үшін де бұл роман әлемге тез таралып, көптеген тілге аударылды. Жыл сайын шамамен бір миллион данасы сатылып, осыған дейінгі жалпы сатылымы 65 миллионнан астам дананы құрады. Романның басты кейіпкері Холден Колфилд жасөспірімдерге өте жақын. Оқыр­ман кітаптың ішінен өзінің балалық шағын, өспірім ке­зеңін тауып алады. Оның үстіне, кінәсіздік, сәйкестік, жоғалту мен табысу, өзара қарым-қатынас жә­не депрессияның күрделі мәсе­ле­лері де осы шығарманың бір өзегі.

Аталған романды Time журналы 2005 жылы 1923 жылдан бері жазылған 100 таңдаулы ағылшын тіліндегі романдар ті­зіміне қосты. Жазылғанына ға­сыр­ға таяу уақыт өтсе де, оқыр­­манның қолынан түспей ке­ле жатқан «Қара бидай аты­зында­ғы қарауыл» романы мәңгі­лік оқы­латын шығарманың санатына қосыла бермек. Себебі бұл шығарма жасөспірім кезеңге анықтама бере алатын бірден бір керемет туынды.