Түркістан облысындағы Жетісай ауданының шаруалары биыл 78 мың гектар суармалы жердің 49,5 мың гектарына мақта шитін сепсе, 17 мың гектар жерге бақша, 3,5 мың гектарға дәндік жүгері, 2,3 мың гектарға көкөністер мен тағы басқа дақылдарды еккен. Бүгінде бақша дақылдарының алғашқы өнімдері – қауын-қарбыз пісіп, ішкі нарықпен қатар Ресейге де экспортталуда. Мысалы, 30 жылға жуық уақыттан бері диқандықпен айналысып келе жатқан Қобыланды Түймешев Жаңа ауыл ауылдық округіндегі 150 гектар жеріне түрлі дақылдарды егіп, «Әділет» шаруа қожалығын ашқан. Жылдағыдай биыл да өнімін өзгелерден ерте нарыққа шығарып отыр. Ол 100 гектарға қауынның «Дакар», «Аэропорт», «Бакинка», «Эфиопка» сынды сұрыптарын егіп, оның 20 гектарынан өнім жинауда. Ақпанның соңында отырғызылған көшеттер жоспардағы 65 күнде емес, ауа-райының жауын-шашынды болуы салдарынан 90 күнде пісіп-жетілді. Енді сұранысқа сәйкес Ресейдің Мәскеу, Самара қалаларына экспортталып жатыр. Диқанның айтуынша, бағасы да жаман емес, килосына 800 теңгеден жоғары. «Биыл қауынымыз жылдағыдан сәл кештеу пісті. Сұраныс та жақсы. Ағын судан қиыншылықтар болғанымен, тапшылық сезілмеді. Алғашқы өнімдерімізді Ресейге экспорттаудамыз. Өнімді ешқандай делдалсыз, егістік басынан өзіміз көліктерге тиеп, жөнелтудеміз», дейді «Әділет» шаруа қожалығының төрағасы Қобыланды Түймешев.
Ауылдық округ әкімі Нұрлыбек Бахтияровтың айтуына қарағанда, 7 мың гектардан астам суармалы жері бар округте бүгінде 5 мыңнан астам гектарға мақта шиті егіліп, 45,5 гектарға көкөніс, 1 163 гектарға бақша дақылдары орналастырылған. Оның ішінде пленка астына егілген қауынның аумағы – 978 гектар, ашық топыраққа егілген қауын – 225 гектар. Ал 220 гектарға қарбыз егілген. Сондай-ақ Жетісай ауданы, Атамекен ауылдық округіне қарасты Жемісті ауылында бір гектар алқапта тамшылатып суару әдісімен өсірілген 25 тонна қарбыз Ресейге экспортталмақ.
«Тамшылатып суарудың пайдасы мол екен. Жыл сайын 6 мың түп егетін едім, осы әдіспен биыл 8 мың түп шықты. Бұл өз кезегінде мол өнім алуға мүмкіндік береді. Тамшылатып суарудың тағы да бір артықшылығы тыңайтқыш 5-6 есе аз кетеді. Қол күшін де көп қажет етпейсің. Қарбыздың 60-65 күнде пісетін «Долбый» атты сұрпын сәуір айында ектік. Қазір бағасын келіссек, 25 тоннадан астам қарбызды сатылымға шығарайын деп жатырмыз. Бұған дейін килосына 210 теңге ұсынып кетті, бұл бағадан 20-30 теңгеге жоғарылау бағаны көздеп отырмын», дейді «Атымтай» шаруа қожалығының төрағасы Атымтай Омаров.
Айта кетейік, биыл Жетісай ауданында «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 1 100 гектар аумақта 236 жоба іске асырылуда.
Ал Мақтаарал ауданы А.Қалыбеков ауылдық округінің диқандары ерте пісіп жетілетін қант қызылшасының алғашқы өнімін Ресейге жөнелтті. Ауыл диқандары Нидерландыдан арнайы жеткізілген «павло», «вадан» атты қызылшаның жоғары сұрыптарын қаңтар айында 25 гектар үй іргелік жерлерге еккен болатын. Жаңажол ауылының тұрғыны Бектемір Алиқұлов алғашқы болып үйінің іргесіндегі 15 сотық жерден 1,5 тонна өнім алып үлгерді. Шаруаның гектарына шаққанда 300 центнерге дейін өнім алуға мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда килосын 180 теңгеден саудалауда. Жалпы округ аумағында шаруалар Ресейге және еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларына өнімдерін жөнелтуде. Қант қызылшасын толық жинап алған соң, диқандар екінші өнімге мал азықтық дақылдарды егуді жоспарлап отыр. Келес ауданының диқандары да алғашқы өнімдерін еліміздің ірі қалаларына жөнелтпек. Сонымен бірге шет мемлекеттерге экспорттауды көздеп отыр. Мысалы, Бозай ауылдық округіндегі «Әбіл» шаруа қожалығы 40 гектар аумаққа егілген қарбызды жинап алуда. Аудан әкімдігінің хабарлауынша, шаруа Нұрлан Мұстаев
22 тонна өнімді өткізіп үлгерген.
«Қыстың соңына қарай үй алдындағы жылыжайға қарбыздың дәнін егіп, көшет күйіне жеткіземіз. Көктемнің жайма-шуақ күндерінде Сыр бойындағы егістік алқабына егеміз. Көктемнің соңғы күндерінде, яғни 3 айда қарбыз піседі. Жергілікті
5 адамды жұмыспен қамтыдық», дейді шаруа қожалығының төрағасы Нұрлан Сапарқұлұлы.
Иә, бүгінде түркістандық диқандар көкөніс өнімдерін көбінесе Ресейге экспорттауда. Алдағы уақытта өңірде өндірілетін өзге де өндірістік-өнеркәсіптік тауарларды экспорттау бағыты кеңейе түспек. Бұл орайда жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлер Түркістан қаласында ашылатын Turan арнайы экономикалық аймағына үлкен үміт артады. Жуырда Түркі мемлекеттері ұйымының өкілдері Turan арнайы экономикалық аймағының жоспарымен, ұйымдастыру барысымен, мүмкіндіктерімен танысу үшін Түркістанға арнайы келді. Арнайы экономикалық аймақтың тұжырымдамасы талқыланған Түркия, Әзербайжан, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан елдерінің делегациясымен кездесуде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жоба менеджментін жүзеге асыруда Түркия тәжірибесі қолданылатынын атап өтті.
«Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл идеясын жүзеге асыру бағытында жұмыс жүріп жатыр. Индустрияны дамыту жағынан Түркияның үлкен тәжірибесі бар. Бұл – халықаралық деңгейдегі экономикалық аймақ болуы керек. Жұмысты неғұрлым тез бастап, өндіріс орындарын ашуға мүдделіміз. Түркістанда индустриялық аймақ, арнайы экономикалық аймақ құрылған. Енді ол тағы бір экономикалық аймақпен толығады. Жергілікті әкімдік тарапынан Turan арнайы экономикалық аймағына жер беріп, инфрақұрылымын жасақтауға қолдау көрсетуге дайынбыз. Аймақта өндірісті дамыту аса маңызды», деді Ө.Шөкеев.
Сондай-ақ кездесуде Түркі Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Өмер Кожаман Түркістанда өндірісті дамытуға Түркияның ірі инвесторларының қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Бұл бағыттағы жергілікті биліктің қолдауына ерекше тоқталды.
«Ең алдымен сараптама жасап алуды көздеп отырмыз. Екіншіден, бұл бастама заңмен бекітіліп, жүзеге асқаннан кейін біз Түркістанға ірі кәсіпкерлер мен өндірушілерді жібереміз. Әсіресе, Түркиядан инвесторлар көбірек келеді деген болжам бар. Олар инвестиция салады деген сенім мол», деді Өмер Қожаман.
Әзербайжан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан өкілдері де өз ұсыныстарын айтып, бірлесе жұмыс атқаруға дайын екенін жеткізді. Түркістанда іскерлік байланысқа қолайлы жағдай қалыптасқанын атап өтті.
Экспортқа бағытталған Turan АЭА жұмысына күш салынып, бұл бағытта жан-жақты қолдау көрсетілмек. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде Мемлекет басшысы еліміздегі кең инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндіктерді ескере отырып, Түркістан қаласында түркі елдерін біріктіретін арнайы экономикалық аймақ құруды ұсынғаны белгілі. Ерекше мәртебе берілген Turan АЭА аясында түркі мемлекеттерінің қатысуымен өндіріс орындары, біріккен кәсіпорындар ашылады деп жоспарланған. Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақ ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу, машина жасау, электр жабдығын өндіру, туристік және білім беру кластерлерінен тұратын өнеркәсіптік-өндірістік кластер құруды, өзара тиімді сауда қатынастарын орнатуды көздейді.
Түркістан облысы