Экономика • 15 Маусым, 2022

Отандық сауда желілері

905 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Геосаяси дағдарыс экспорт пен импортқа, одан әрі сауда нүктелеріндегі тауар тапшылығы мен баға саясатына да тым қатты әсер етіп жатыр. Көзге үйреншікті болған кей тауардың сөрелерден жоғалып кеткенін, ал біразының бағасы біршама өзгергенін байқауға болады. Отандық сауда желілері өкілдерінің айтуынша, айналада болып жатқан геосаяси белгісіздік, сыртқы нарық қысымы тауар ассортиментіне де өзгерістер алып келді.

Отандық сауда желілері

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Қымбатшылыққа не себеп?

SMALL компаниясының бас директоры Демид Самошкиннің айтуынша, геосаяси жағдайға байланыс­ты біраз жеткізушілер тауар баға­сын көтеріп жіберген. Сәйкесінше, SMALL-дағы баға да 30-35 пайызға жоғарылаған.

«Бұл ретте көрсеткіштер белгілі бір тауарға емес, орташа чекке негізделген. Сонымен қатар қазіргі жағдайға бай­ла­ныс­­ты ассортимент бойынша жет­кізу­шілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып жатыр. Алайда олар сатып алушылардың талап-тәртібі өзгергенін де ескеруі керек. Енді бәрі бұрынғыдай болмайды. Тұтыну құрылымы өзгерді. Сатып алушылар мейлінше арзан тауарларға басымдық бере бастады. Орташа баға сегменті қызық емес, одан да төмен қарай кетіп барамыз. Адамдарды екіге бөлуге болады: бірі аз сатып алады, бірақ сапалысын таңдайды, екіншілері көп алады, бірақ орташа сападағы өнімдерді көздейді», дейді Д.Самошкин.

Оның айтуынша, сәуірде доллар курсының төмендеуіне байланыс­ты жеткізушілер де бағаны төмендетуге мәжбүр болған.

«Соның нәтижесінде біраз жет­кізу­шімен арадағы бұрынғы бағаны ұстап қалдық. Бірақ оны үнемі ұстап тұру мүмкін емес. Өндірушілердің айтуынша, қазір баға курстың көтерілуіне байланысты емес, барлық елде өндіруші бағасының артуына байланысты өсіп жатыр. Шикізат қымбаттады. Оның үстіне Ресей мен Украинадан жеткізіле­тін шикізат бағасы одан әрі өсе береді. Демек әуелі шикізат, сосын дайын өнімнің қымбатшылығы туындайды. Сонымен қатар кейбір логистикалық бағыт ұзақтығы 1 күннен 18 күнге көбейді. Соған орай кейбір импорттық тауарлар 30, 40, ал кейбірі тіпті 100 пайызға қымбаттады. Жақын арада ассортимент азаюын қатты сезінетін боламыз», дейді ол.

Magnum компаниясы бізге берген жауабында геосаяси жағдай шиеленісе басталған кезеңде тауар ассортиментінің азайып кеткенін, қазір біртіндеп қалыпқа келіп жатқанын айтады.

«Жетіспеушілік негізінен тұрмыстық химия, косметика, гигиеналық заттарға қатысты болды. Ресей мен Қытайдан нон-фуд (азық-түлік емес) өнімдерді алып келу бойынша қиындықтар туындады. Бірақ тауар тапшылығы баға саясатына әсер еткен жоқ. Тіпті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен эконом-сегменттегі өнімдер бағасы төмендеді. Ал тұрмыстық химия тауарлары жыл басынан бері 20-40 пайызға қымбаттады. Сәуір айындағы қатты қымбаттаудан соң біраз жеткізушілер бағаны төмендете бас­тады. Маусымдық көкөніс пен жеміс-жидектер арасында тамырлы жемістер (сәбіз, қызылша – ред) бағасы өсті. Бұл тыңайтқыштар бағасының өсуіне байланысты. Жем бағасының өсуіне байланыс­ты құс бағасы 10-15 пайызға, Ресейден келетін өсімдік майы 30 пайызға, тәтті сусындар 10-15 пайызға қымбаттады», делінген ресми жауапта.

Бағаны өсірген 5 фактор

Компания өкілінің сөзіне сүйенсек, инфляцияға байланысты қымбат тауарлардың дүкен сөресінде ұзағырақ жатып қалу фактісі кездеседі. Премиум-сегменттегі сұраныстың орташа және орташа+ сегментіне қарай ауысқаны байқалады. Компанияның бас директоры Азамат Османовтың айтуынша, қазір сауда желілеріндегі баға өсіміне әсер етіп отырған 5 негізгі фактор бар, олар – геосаяси жағдай, жаһандық инфляция, еңбек нарығындағы қиындық, табыстың төмендеуі және жеткізу тізбегінің бұзылуы.

«Баға, әрине маңызды фактор. Бірақ кейде оған объективті фактор әсер етеді, ал кейде эмоция ықпал етіп жатады. Мысал ретінде қантқа қатысты ажио­таждық сұранысты келтіре аламыз. Баға­ға қатысты жылдам шешіп тастайтын да, ұзаққа созылатын да проблемалар бар. Табыстың төмендеуі, жеткізу тізбе­гі­­нің бұзылуы сияқты факторлармен әлі ұзақ өмір сүруге тура келеді. Мұны бар­­лық дистрибьюторлардың еңсере ал­ма­й­ты­нын түсіну керек. 2021 жылдың жел­тоқ­саны­нан 2022 жылдың мамырына дейін сатып алу бағасының айтарлықтай өсуі байқалады. Бұған айырбас курсы, жа­һандық нарықтағы шикізат пен энер­гети­ка бағасының өзгерісі және логис­тикалық кідірістер себеп болды», дейді А.Османов.

Magnum басшысының айтуынша, нарықта кішкентай мен үлкен ойыншы үшін де, отандық пен шетелдік өндіруші үшін де тең жағдай жасалуы керек, сонда ғана әділ бәсеке пайда болады, бұл өз кезегінде ішкі нарықтағы қауіп­сіздіктің артуына жол ашады. «Бізге өндірушілердің фундаменталды жүйелік проблемаларымен жұмысты жалғастыра беру қажет. Ал ритейлді қадағалау тиімді шешім болмайды», дейді ол.

Отандық өнім неге аз?

Сондай-ақ Magnum сөресіндегі отандық тауарлар үлесі артып жатыр, бірақ барлық категория бойынша емес.

«Тұрмыстық химия мен азық-түлік емес тауарлардың 95 пайызы, конди­терлік өнімдердің 80 пайызы, күшті алко­голь, шараптың 70 пайызы, шай мен кофенің 65 пайызы – импорттық санатқа жатады. Отандық өнімдер үлесі біртіндеп көбейіп келеді. Дегенмен барлық категория бойынша емес. Соған қарамастан біздің ойымызша қазір отандық өндірушілерге сөреден өз орнын алу үшін жақсы мүмкіндік, қолайлы кезең туып тұр», деп санайды компания басшылығы.

Алайда біздің өндірушілер сауда дүкендерінің сөресінен орын алу оңай емес екенін айтады. Олардың сөзіне қарағанда, сауда желілері тауардың сапасын емес, оның ең төменгі сатып алу бағасын басты критерий етіп алған.

«Желілердің өзі елде төменгі сортты өнімдер нарығын қалыптастырып отыр. Тиісінше, барлық өндірушілер солардың ыңғайына жығылуға мәжбүр. Желілер жақсы сервис құрып, ассортиментті бай ету тұрғысынан емес, өндірушілерден мейлінше арзан бағаға тауар сатып алу тұрғысынан бәсекелеседі. Ақырында, қазақстандық өнімдер дүкен сөрелеріне түспейді. Супермаркеттерде импорттық өнімдердің кең ассортименті салтанат құрып тұр. Мемлекеттің отандық өндірушілерді қолдап жатқанына ризамыз, түрлі жеңілдетілген бағдар­ла­малар бар, әртүрлі преференция­лар қарастырылған. Бірақ өнімді өн­діру жеткіліксіз, оны сата алу керек. Өнімдеріміздің көбі ірі сауда желілері арқылы сатылуға тиіс, алайда олардың 30 жыл бойы қалыптастырған өз заңы мен ережесі бар. Бұл жергілікті өндіру­шілерге қиын», дейді тауар өндірушілер «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында.

Импорттың мысы басып тұр

Сүт одағының директоры Владимир Кожевниковтың айтуынша, дамыған елдерде отандық өнімдер сауда желілеріне кедергісіз түсіп, еркін сатылуы үшін қажет­ті жағдай жасалған. Мысалы, сөре­лерден міндетті орын бөлінеді, сатыл­ған тауар үшін жылдам төлем жаса­­лады, отандық өнім жарнамаланады дегендей. Ал бізде мұндай шара­лар жоқ. Не нарықтан кетеді, не төмен бағамен сауда желілеріне сатады. Төмен бағамен сатқан соң жарытып табыс түспейді. Табыс түспеген соң құ­рыл­ғысы жаңармайды, модернизация жасалмайды, жаңа өнімдер жасап шығаруға деген ықылас та, күш те қалмайды.

«2021 жылдың қорытындысы бо­йынша азық-түлік импорты 4,9 млрд долларды құрады. Біз өз нарығымызды өзге елдің тамақтану өнімдерімен толтырып отырмыз. Соңғы жағдайлар кез келген импорттың валюта курсына қатысы бар екенін көрсетіп берді. Отандық өндірісті қолдайтын, дамытатын кез келді», дейді «Атамекен» ҰКП агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенов.

Үкімет болса импортты алмастыратын бағдарлама жасап жатырмыз дейді. 2025 жылға дейін жүзеге асуға тиіс басым инвестициялық жобалар пулы анықталған. Соның аясындағы 700 жобаның 286-сы импортты алмастыруға арналған. Бұл Үкіметтің кезекті жобалары ма, әлде шынымен уақыт сынына төтеп берер дүние ме, оны уақыт көрсетер. Қазіргі шындық – Magnum-ның өзінде 3 мың атаулы ресейлік тауардың бар екені. Өзге сауда желілеріндегі ресейлік өнімнің үлесі кемі 15-20 пайызды маңайлайды. Енді ресейлік тауар импортының тежелуі отандық өндіріске жол аша ма, әлде сауда желілері Қытай, Түркия, Иран өнімдерімен сөресін толтырып, отандық өндірушілермен баяғыдай бақас болып отыра бере ме, ол да белгісіз.

2022 жыл қалай болады?

«Сауда желілерінің одағы» басқарма төрағасының орынбасары Эльбеги Абдиевтің айтуынша, 2022 жыл оңай болмайын деп тұр. Тауар тапшылығы автоматты түрде баға өсіміне себеп болады. Қымбат бағаны ешкім де қолдан төмен түсіре алмайды.

«Көптеген ірі компанияның Ресейден кетуіне байланысты азық-түлік емес тауар­лар, тұрмыстық химия мен fashion баға­сы өседі. Ресейге салынып жат­қан санк­циялардың салқыны, әсіресе тұр­мыстық химия саласына ауыр соққы болатын түрі бар. Киім де қымбаттайды. Азық-түлік тауарларының ішінде конди­терлік өнімдердің жағдайы қиын. Mars ком­паниясы бүкіл өнімін Ресейде өндіруші еді. Енді ол жақтан кетті. Бұдан әрі бұл фирманың шоколадтары Еуропадан әкелінеді. Алайда Еуропа бағытты жылдам өзгертіп, орыс және қазақ тілдерінде этикетка жасай алмайды. Бұған қазіргі заңнама мүмкіндік бермейді. Бұл екі айға жуық уақытты алатын процесс», дейді ол.

Э.Абдиевтің айтуынша, қазір қантқа қатысты туындап отырған жағдай – жасанды проблема. «Біздің есебіміз бойынша соңғы бес күнде сауда желілерінен үш-төрт апталық қант сатып алынған. Базарда оның бағасы 800 теңгеге дейін жетті. Қант болады, бірақ қазіргіден әлдеқайда қымбат бағада», деді ол.

Жағдай жақсарып, тауарға қатысты тапшылық болмауы үшін сарапшы мынадай шаралар тізбегін жасауды ұсынады: Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес өнімді таңбалауға қойылатын талаптарды уақытша жою; міндетті таңбалауды енгізу бойынша бастаманы жою; әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша 8 пайызға дейін қосылған құн салығы ставкасын төмендету.

Сарапшы ритейл жақын келешекте неге назар аудару керегін айтады. Оның пайымдауынша, сауда желілері бірінші кезекте электронды коммерцияны, инфрақұрылымды дамытып, жеткізіп беру мерзімін қысқартуы қажет. Сондай-ақ эконом сегментті дамытып, тауарлар ассортиментін байыту бойынша жұмыстар өз кезегін күтіп тұр. Ресейден ағылған тауарлардың орнын басатын жаңа арналар табу, клиенттермен жұмыс істеуді жаңа деңгейге көтеру де кезек күттірмейтін шаруа санатында.

Бағаны бақылаудың қажеті шамалы

«Атамекен» ҰКП Сауда департа­ментінің директоры Әсет Айтбаев өзіміз өнім шығармай, оған дүкендерден төр ұсынбай, баға қадағалаймыз деу бос әурешілік деген ой қосады.

«Бағаны, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу дегенді алып тастау керек. Өйткені бұл жұмыс істемейтін тәсіл. Үкіметтің ондай қадағалаушылық инструментінің пайдасы жоқ. Қант пен ұн бағасын қатаң бақылау оның бағасын тежей алмайды. Тежей алса, қант пен ұн бағасы өспеуші еді. Ал бұлар қымбаттап жатыр. Шетелдік тауармен бәсекеге түсу үшін отандық өндірісті қолдау қажет. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы бағаны ұстап тұруға және халықтың жекелеген категориясын қолдауға бөлініп жатқан ақшаны неліктен өндірушілерге үлестіріп бермейміз. Мүмкін ақшаны өндірістің өзіне емес, оның маркетингіне берерміз. Біз жыл сайын отандық өнімді жергілікті нарықта маркетингтік ілгерілету үшін жеке бағдарлама болуы керек деп ұсыныс айтып келеміз», дейді Ә.Айтбаев.

Саудагердің саудасы жүріп, заты өту үшін де халықтың табысы тәуір болуы керек қой. Ал еліміздегі кіріс көзі күн санап тарылып, жалақы көлемі жыл санап қысқарып келеді. Жоқ, жалақы бәз-баяғыдай шығар, бірақ Ер Төстіктей күрт өскен инфляция айлық табысты мәнсіз, баянсыз ақшаға айналдыруын қояр емес (ойласаң көзің қарауытады). Қазір көп адам азық-түліктің өзін бөліп төлеу арқылы сатып алуға дағдыланды. Кәдімгі, кредит. Nielsen Kazakhstan зерттеу компаниясының мәліметінше, ел тұрғындарының 40 пайызында жинап отырған қосымша ақша жоқ. Сауалдамаға қатысқандардың 31 пайызы соңғы үш айда табыстары төмендеп кеткенін айтса, 46 пайызы кіріс мөлшері өзгерген жоқ деп жауап беріпті. Шынайы картина осы болса керек.

Біз компания жасаған зерттеуге зәредей шүбә келтірмейміз, бірақ жи­ған-тергені жоқ жұртшылықтың 46 па­йыз межесінен де асып түсерін ішкі түйсігіміз сезеді. Бұған бола бағаны түсірейін деп тұрған сауда желілері жоқ. Арадағы алшақтық ұлғая берсе не болады? Сауда дүкендерінен отандық тауарларды (көбірек) қашан көреміз? Сауда желілері мен біздің өндірушілер ортақ мәмілеге келе ала ма? Тауар ассортименті­нің кедейленуін тұтынушылар қалай қабылдайды? Инфляция деңгейі жыл соңына дейін тағы қанша пайызға өседі және ол дүкендердегі азық-түлік пен керек-жарақ бағасына қалай әсер етеді? Халыққа жаны ашитын сауда желісі ашыла ма? Қысқасы, қарашада, Алматыда өтетін ТМД-ның ең озық ритейлерлерінің кездесуінде осы сауалдарды қойсақ, соған жауап тапсақ деп үміт етеміз.