Қазақстан • 15 Маусым, 2022

Шәмшіге құрмет – елге құрмет

1972 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Тұранды мақтамаймын тіпті текке, Онсыз да Тұран мәлім талай шетке» (Мағжан) демекші, халық көкке көтерген есімді билік одан әрі асқақтатқаны қандай келісті, қандай жарасымды! Кешелі бері «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілгені туралы хабар ел ішіне жарықтың жылдамдығымен тарады. Халық әлдеқашан мойындап, жүрегіне ұялатқан екі қазақ болса, соның бірі – Шәмші.

Шәмшіге құрмет – елге құрмет

«Алаш аттан түскенде хан тақ­тан түсетін» заман болған де­сетін. Дәл осы күні Ұлытау төрінде өтетін Ұлттық құрыл­тай­ға қатысушылардың тізімі қа­тар жарияланып, ашық ақпа­рат көздерінде бірінен соң бірі ат оздырып жатқанын жақсы ырым­ға баладық. Шәмші десе, халық, ұлт деген ұғымдар оянады ел­дің көкейінде. Көпшілік, тұтас­тық сынды түсініктер ту көте­рері тағы мәлім. «Той бастал­ды Отырарда, сұлу Сырдың бо­йында. Кеудесінде оты жан­ған, Қызылқұмның қойнын­да. Аңыздарда аты қалған, та­лай ақын толғаған. Осындай той Отырарда, бұрын-соңды бол­маған» демеуші ме еді бір әнінің сөзін жазған Мұхтар Шаханов.

Осылайша, қазақ топыра­ғын­дағы ең көне қалалардың біріне саналатын Отырар Әл-Фарабиден кейін Шәмшіні әкелді дүниеге. Күллі әлем жарияға шығармағанымен, дүние жүзінің оқымыстылары мойындайды екен. Музыка туралы тұңғыш ғылыми еңбек қалдырған деп Фарабиді таныса керек. Өзі халқын сүйген, халқы өзін сүйген, ұлт жүрегінен ойып тұрып орын алған Шәмші дәл сол топырақта мың жылдан соң дүниеге келіп, түркінің қарашаңырағына озан болып орнап алды. Қазақ аспанын ғана емес, Тұран халықтарының көбі тыңдайды Шәмшіні. «Сен мөлдірейсің, еркем» деп қырғыздар да, басқа да түркі халықтары шырқайды.  

Түптеп келгенде, Шәмші Қал­даяқов – қазақ жерінің тұтас­тығы үшін әнімен күрескен тұлға. Оны композитордың мына сөзіне қарап бағамдаса болады: «1959 жылдың аяғында қазақтар «Бұл қалай, біздің терістіктегі 5 облысымызды «Целинный край» қылып бөліп алайын деп жатыр» деген шу шығарды. Сол кезде «Менің Қазақстаным» деп жазған ҰРАН ӘНІМІЗ еді», дейді. Халықтың рухын осы әнімен-ақ көтеріп жібергені бүгінде тарихтан мәлім. 1986 жылы алаңдағы жастар шырқаған бұл туынды уақыт өте келе Қазақстанның Мемлекеттік әнұранына айналса, демек Шәмші елінің тұтастығы жолында әнін ту етіп көтерген күресінің нәтижелі болғаны.

Осының тағы бір айқын дәлеліндей, Қазақстан тәуел­сіздік алысымен 1991 жылы Шәмшіге Қазақстанның Халық әртісі атағы берілген. Композитордың көзі тірі ол уақытта. Ал көзі кеткен соң есіміне берілген бұл атақ шын өнер иесінің аты мәңгі өлмейтінін тағы бір мәрте әйгілегендей.

«Бұл күнде әнші көп, тек қана Шәмші жоқ» дейтін сөз бар ел аузында. Бүгінде Шәмші әндері шыр­қал­майтын ұлы той, ұлық кештер жоқ та шығар. Той мен думанды, мерекелік кештерді былай қойғанда, жай күндердің өзінде жұрт Шәмшісін тың­дайды. Ыңылдап айтып жүреді. Жұматай Жақыпбаев Олжасқа жазған өлеңінде «Ағам да солай: Алысты жа­қынға балап, Қақтырған біздің қиял мен ақылға қанат», деп көсілетін. Қазақ аспа­нында қалықтаған әндері арқылы халықтың сезімі мен ойына қанат бітірген Шәмші есіміне көрсетілген құрмет пен сый – бір жағынан оның еш ескірмейтін әнін әр кеш шырқап келе жатқан еліне жасалған құрметтің белгісі.