Қоғам • 15 Маусым, 2022

Ғаламтордың «торына» түсуден сақтан

904 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Соңғы бірнеше онжылдықта әлеуметтік желілер халықтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда инновациялық өнертабыс тек артықшылықтарға ғана емес, сонымен бірге қауіп-қатерге де толы екенін ескерген жөн.

Ғаламтордың «торына» түсуден сақтан

Азаматтық бастамаларды қолдау орталы­ғының ұйытқысымен өткен басқосу барысында сарапшылар лудомания, әлеуметтік желілерге тәуелділік және YouTube видеохостингі мәселе­лерін талқылады. «Жастар мен балалар арасында интернетке, YouTube-ке тәуелділік пен құмар ойындардың алдын алу жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» жобасы аясында ұйымдастырылған отырысқа Amanat партиясы Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары Серік Ахметжанов, психолог Аида Өтемісова және Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Оңайгүл Тұржан қатысып, мәселеге қатысты пікірлерімен бөлісті.

«Талқылап отырған мәселе қоғам үшін өте маңызды. Оның өзектілігі, біріншіден, интер­нетті пайдаланушылар мен «ойыншылар» санының өсуімен анықталады, екіншіден, бұл хобби жеке адамға және тұтастай қоғамға зиянды әсер етеді, үшіншіден, ойынға тәуелділік мәселесі әлі көптеген зерттеуді талап етеді. Бұл тақырып бойынша толық және объективті ақпарат жоқ», деп атап өтті Жастар қанаты төрағасының орынбасары Айсұлу Ерниязова.

Ал филология ғылымдарының кандидаты Оңайгүл Тұржан қазіргі уақытта ғасыр­дың ең озық жетістігі әрі сырқаты болып саналатын ғаламтордың жастарға пайдасы мен зияны қатар тиіп отырғанын жеткізді. «Шамадан тыс тәуелділіктің салдарынан жастардың ден­саулығы ғана емес, ойлау, сөйлеу, жазу мәде­ниеті де төмендеп барады. Ақпараттық иммунитеттің қалыптаспауынан, ақпараттың дұрысы мен бұрысын сараптай алмайтын жастар көбейді. Осы орайда жастардың арнасын түрлі пәндік олимпиадаларға, ғылыми жұмыстарға бағыттау қажет. Егер ынталандыру тетіктерін жетілдірсе, тиімді үйлестірсе жастардың, әсіресе жеткіншектердің желідегі уақыттары азаюына бір септігін тигізер еді», дейді ғалым.

Өз кезегінде психолог Аида Өтемісова мәсе­­ле­нің кең таралу себебін, түп тамырын анықтау қажеттігін алға тартты. «Себебі оның түбірінде әлеуметтік желілерге тәуелділікке әсер етуші факторлар жиынтығы тұр. Бұл сала мамандарының араласуынсыз шешіле салатын дүние емес. Себебі отбасылық жағдай, күнделікті өмірдегі мәселелерден бір сәтке алыстау, оны алмастыру сынды факторлар бар. Сол себепті кешенді жұмысты жетілдіруіміз қажет», дейді маман.

Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, құмар ойын­дар тәуелділік болып табылады. Қоғамдық сая­сат институты директорының орынбасары Серік Ахметжановтың айтуынша, әлеуметтік желілер мен интернет жастар үшін тек ойын-сауық құралы немесе жаңалықтар көзі ғана емес, сонымен қатар сату-сатып алу немесе түрлі қызметтер алу алаңына айналған.

«Қоғамдық саясат институты әр жылдары осы тақырыптар бойынша әлеуметтік зерттеулер жүргізді. Респонденттердің 11%-ы отбасында құмар ойындарға тәуелді адамдар бар екенін атап өтті. Құмар ойын түрлерінің ішінде бірінші орында букмекерлік кеңселер (46,7%), одан кейін ойын автоматтары (35,5%), бейне ойындар – үшінші (23,3%), казино – төртінші (18,3%) және карта ойындары бесінші орында (17,7%) тұр. Респонденттердің 73,8 пайызы лудоманияны қоғамның өзекті мәселесі деп санайды», деп атап өтті институт қызметкері.

Отырысты ұйымдастырушылар жоба аясында жақын арада бүкіл ел көлемінде жастар мен балалар арасында интернетке тәуелділіктің, құмар ойындар мен кибербуллингтің жоғары деңгейі бар өңірлерді анықтау бойынша топтық талқылаулар жүргізілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ осы саладағы қазақстандық және шетелдік заңнамалық актілерге талдау, ғаламтор желілеріне мониторинг жүргізіліп, құмар ойындарды жарнамалайтын сайттардың тізімі түзілмек.