Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев төрт жылда өнеркәсіп өнім көлемі 1,6 есеге артып, 707,8 млрд теңгеге жеткенін атап өтті. Бұл мерзімде ауыл шаруашылығы өнімі 1,7 есеге артып, 906,5 млрд теңге болған, 823,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдаланылуға берілген, облыс бюджетінің көлемі 1,7 есе өсіп, 970,3 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ облыс әкімі өңірдің индустриялық аймақтарында жалпы құны 32 млрд теңге болатын 44 жоба іске қосылып, нәтижесінде 2 368 жұмыс орны ашылғанын айтып өтті. «Биыл құны 4,2 млрд теңгені құрайтын 246 жаңа жұмыс орнын ашумен 6 жобаны іске қосу жоспарлануда. Қазіргі таңда 793 млн теңгеге 2 жоба іске қосылып, 36 жұмыс орны құрылды. Жалпы, өнеркәсіп өнім көлемін 2022 жылдың қорытындысымен 751,3 млрд теңгеге жеткізу жоспарлануда. Қазіргі кезде өндірістегі бірнеше ірі жоба қолға алынды. Мысалы, Ордабасы ауданында 2 млн тонналық мұнай өңдеу зауыты бар, биыл көмірден жанар-жағармай шығаратын зауыт қолданысқа беріледі, Түлкібас ауданында цемент өндіретін зауыт, химиялық заттар шығаратын зауыт ашылады. Түркістан төңірегінде арнайы экономикалық аймақ құрып, өзбекстандық инвесторлармен келісіп, күнделікті тұтынатын тұрмыстық техника жасау бойынша зауыт салу жоспарланған. Ресейлік инвестор Келес ауданында 500 гектар жерге ірі жылыжай салады. Өндірістік орындар болмаса, өңір дамымайды. Сондықтан осыған басымдық беріледі», деді Өмірзақ Естайұлы. Өңірде 150 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. «Қарапайым заттар экономикасы» арқылы 42,9 млрд теңгеге 315 жоба мақұлданған болса, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы арқылы 2,2 млрд теңгеге қолдау көрсету жоспарланып отыр. Шағын және орта бизнесті қолдау шаралары арқылы өндірілген өнім көлемі 47%-ға өсіп, 1,2 трлн теңге болған. Ал ауыл шаруашылығында 199,3 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Биыл егіс көлемі 851 мың гектар болып, өткен жылдан 5 500 гектарға ұлғайды. Қосымша 26 600 гектарға жылыжайлар салынып, алаңы 1 494 гектарға жеткен. Мал мен құс басы және өнімділік орташа 3-4%-ға артуда. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 8 400 гектарға 3 мың жоба жүзеге асырылып, 145 500 тонна көкөніс өнімі жиналды. Биыл 3,1 млн тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдерін жинау жоспарланып отыр. Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру аясында құны 34,3 млрд теңге болатын 5 серпінді ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Тұрақтандыру қорының есебінде құны 327,6 млн теңге 3 615,8 тонна тауар бар. Бұған қоса қосымша 1 млрд теңге қаржы бөлініп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 12 түрін алуға бағытталмақ. Сондай-ақ тұрақтандыру қорын толықтыру үшін 136 тонна қант сатып алынған. Жалпы, жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1 трлн теңгеге, өсім қарқыны 104%-ға жеткізілетін болады.
Облыс әкімі, сондай-ақ өңірдегі өзекті мәселенің бірі – жайылым тапшылығына тоқталды. Облыс бойынша жалпы жайылым жер көлемі – 8 864,7 мың гектар. «Шаруашылық жүргізуші кәсіпорындар үшін жайылым жер жеткілікті. Негізгі мәселе елді мекендердегі жұртшылық шаруашылығындағы мал басына қажетті ортақ жайылымның тапшылығында болып отыр. Өткен жылдың басында жайылым тапшылығы 7 164,7 мың гектарды құраған. Бұл мәселені шешу мақсатында әрбір ауылдық округтер бойынша талдау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде есептік мерзімге жайылым тапшылығы 3 119,8 мың гектар болды. Өткен жылы 133 елді мекенге 135,8 мың гектар жайылым жер ортақ жайылымға бекітіліп берілді. Биыл елді мекендердегі ортақ жайылым жерлерін қосымша 101,2 мың гектарға ұлғайту жоспарланып, есептік мерзімге 149,8 мың гектар ортақ жайылыммен қамтамасыз етілді. Өңірдегі елді мекендерді ортақ жайылыммен қамтамасыз етудің 2025 жылға дейінгі жоспарына сәйкес кезең-кезеңімен ортақ жайылымды 2 896,2 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда», деді Ө.Шөкеев.
Облыс бойынша 2020-2025 жылдары 323,3 млрд теңгеге, 4 823 жаңа жұмыс орнымен, 34 инвестициялық жоба енгізілген. Облыс құрылғаннан бері құрылыс саласы едәуір дамып, нәтижесінде құрылыс жұмыстарының көлемі 2021 жылдың қорытындысымен 2,3 есеге артып, 322,9 млрд теңгеге жеткен. Биылдың қорытындысымен құрылыс жұмыстары 329,3 млрд теңге мөлшерінде жоспарлануда. Жыл басынан пайда-
лануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 191,5 мың шаршы метр болып, өткен жылдың сәйкес кезеңіне 17,7%-ға артты. Сондай-ақ облыс әкімі тұрғындарды сапалы ауыз сумен, табиғи газбен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Түркістан қаласында туризм саласын дамыту оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету – бүгінгі басты талаптың бірі. Бұл орайда туризм саласына былтыр 102 млрд теңге инвестиция тартылған. Өңірде Түркістан, Кентау қалалары мен Отырар, Ордабасы, Бәйдібек аудандары бағытында тарихи-танымдық туризм, Сарыағаш курорты аумағында емдік-сауықтыру туризмі, Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудандарында экологиялық туризм түрлері қарқынды дамып келеді. Соның бірі ретінде туризмді дамытудағы алар орны ерекше «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» жобасы іске асырылуда. Сондай-ақ облыс әкімі 2022 жылдың 5 айының қорытындысымен Түркістан қаласына біркүндік келушілер саны былтырғымен салыстырғанда 29 574 адамға артып, 296 919 болғанын айтып өтті. Төрт жылда қалаға тартылған инвестиция көлемі 8 есеге артып, жалпы 793,2 млрд теңгені құраған. Оның 50%-ға жуығы, яғни 389,4 млрд теңге – жеке инвестициялар. Түркістан қаласын дамытудың 2-кезеңінде инвестициялардың көлемі 1,3 трлн теңге, оның 1 трлн теңгесі немесе 77%-ы жеке инвестициялар болып табылады. Яғни бюджеттен бағытталған 1 теңгеге жеке инвестициялардың 3 теңгесі тиесілі.
Баспасөз конференциясы барысында облыс әкімі Кентау қаласының Түркістанмен қатар дамитынын жеткізді. Мектеп жетіспеушілігі мәселесі де журналистер сұрағына арқау болды. Бұл орайда облыс әкімі 2021-2025 жылдар аралығында өңірде 200-ге жуық мектеп бой көтеретінін атап өтті. Биыл 59 мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізуге 20 млрд теңгеден астам қаржы қаралды. Ал облыс орталығы Түркістан қаласында 2025 жылға дейін 10-нан астам мектеп салынады деп жоспарлануда. Сондай-ақ облыс әкімі ел газеті «Егеменде» көтерілген Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мемориалдық кешеннің құрылысына қатысты пікірін білдірді. Өңірдегі ақсақалдар бастамасымен қолға алынып, іргетасы қаланған кешеннің құрылысы Үкіметтен қаржы бөлінбегеніне байланысты тоқтап тұр. Дегенмен Ө.Шөкеев басталған іс биыл болмаса келесі жылы жалғасын тауып, аяқтау мақсатында жұмыс жүргізілетінін, мемориалдық кешеннің жас ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы зор екенін айтып өтті.
Халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру басты мақсат екенін мәлімдеген Өмірзақ Шөкеевтің дерегінше, жаңа кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн теңгеге жеткізіледі, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстар жалғасады.