Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында сотталғандарды тәрбиелеу және олардың құқықтарын қорғау үдерістерін қалыптастыруда қоғамның рөлін арттыратын Қылмыстық-атқару кодексінің жобасы депутаттардың қызығушылығын туғызды.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің жобасы бірінші оқылымда қаралған-ды. Екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар қылмыстық-атқару заңнамасын халықаралық стандарттарға сәйкес келуі үшін көптеген өзгерістер енгізді. Заң жобасын қабылдау қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес қылмыстық-құқықтық шараларды анағұрлым кең қолдануға және сотталғандар мен жазасын өтеуден босатылған тұлғаларды әлеуметтік бейімдеуге және оңалтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, пенитенциарлық және пенитенциарлықтан кейінгі қылмыстың қайталану деңгейін азайтуға жағдайлар жасап, сотталғандармен жүргізілетін тәрбие процесіне жұртшылықтың қатысу тетігін қалыптастырады.
Заңнаманы одан әрі ізгілендіру мақсатында депутаттар сотталғандардың қауіпсіздігі шараларын қамтамасыз ету тетігін нақтылауға бағытталған түзетулер енгізген. Сонымен қатар, Қоғамдық байқау комиссиялары туралы нормалар едәуір кеңейтіліп, дербес тарау болып көрсетілген.
Негізінен, кодекс жобасы халықаралық стандарттарға сәйкес әзірленіп, көптеген жаңашылдықтарымен ерекшеленеді. Былайша айтқанда, бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеу тетігі барынша жетілдірілген. Бас еркінен айырылған адам қарапайым жағдайда жазасын өтесе, ары қарай оның тәртібіне байланысты ол қатаң немесе жеңілдетілген жағдайға ауыстырылуы да мүмкін. Бүгінгі таңда түрме жағдайында мұндай әлеуметтік лифт дифференциациясының көмегімен жазалауды атқару жүйесі Норвегияда қолданылуда. Онда сотталғандар өз қылмыстарының ерекшелігіне қарай қамақ жағдайы мен құқықтық артықшылықтарды (кездесуге мүмкіндік беру және т.т) қарастырған әртүрлі қабаттарда өз жазаларын өтеп келеді. Елімізде де жазаны дифференциациялау арқылы сотталғандардың түзелуіне барынша жағдайлар жасау қарастырылып отыр.
Жалпы, депутаттар заңдық құжатты халықаралық стандарттарға жақындатуға айтарлықтай үлес қосқандығын ерекше айта кеткен жөн. Кодекс жобасы қылмысы үшін әділ жазалау тетігін енгізу қағидаттарына негізделген. Осылайша, жазалаудың басты мақсаты заңға қайшы әрекет жасаған адамның өз қатесін түсініп, қамақ орнынан босағанда барынша жақсы жағына қарай өзгеріп шығуын қамтамасыз ету. Депутаттар кодекс жобасын жан-жақты талқыдан өткізгеннен кейін екінші оқылымда қолдау керек деп шешті.
Күн тәртібінде осының алдында қаралған мәселелердің алғашқысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қолдау тапты. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген зерттеулерге ерекше назар аудартты. Келтірілген мәліметтерге қарағанда, спирт ішімдіктерін тұтыну жөніндегі рейтингте Қазақстан 188 елдің арасында 34-ші орынды иеленген. Былайша айтқанда, әрбір азаматқа шаққанда жылына орташа есеппен 5,5 литр таза этил спирті немесе 11 литр арақтан келеді екен. Бұл – Қазақстан Орталық Азия өңірінде ең көп ішетін ел деген сөз.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында енді күшті алкогольге біртіндеп бағаны көтеру, сату орындары мен уақытын шектеу және сауда тәртібін орнату, сондай-ақ, этил спирті мен алкоголь өнімдерінің өндірілуі мен айналымына мемлекеттік бақылауды күшейту көзделіп отыр.
Вице-премьер бұл ретте күшті алкоголь өнімдерін сату мейрамханалар, дәмханалар мен барларды қоспағанда, жұмыс және демалыс күндеріне бөлінбестен кешкі сағат 21-ден бастап, келесі күнгі 12-ге дейін сатуға тыйым салынатынын ерекше атап кетті. Мұндай шектеу негізінен 30 градустан жоғары спиртті ішімдіктерге қатысты болса, ал күштілігі төмен алкоголь өнімдеріне бұрынғыша түнгі 23-тен таңғы 8-ге дейін тыйым салынады. Сондай-ақ, базарларда, көтерме сауда орындарында, дүңгіршектерде және де белгіленбеген орындарда алкоголь өнімдерін сатуға рұқсат жоқ.
Заңдық құжат, сонымен қатар, денсаулық сақтау, білім беру, балалар мекемелері, дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарында алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салуды қарастырады. Мұндай тыйым салу автожанармай құю бекеттеріне де қатысты. Заңдық құжатта бизнес субъектілерін контрафактілік және заңсыз алкоголь өнімдерін сатып алудан сақтандыру мақсатында есептік-бақылау таңбаларының дұрыстығын анықтайтын құралдарды енгізу көрініс тапқан.
Б.Сұлтановтың айтуынша, заң жобасын әзірлеу еліміздің экономикалық мүдделерін, экономикалық қауіпсіздігін, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау қажеттігінен туындап отырған көрінеді. Бұл ретте мемлекет этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуі және айналымы үдерісінде туындайтын құқықтық қатынастар саласындағы қатысушыларға ықпал етудің тиімді тетіктерін иеленуі тиіс.
Палата бұдан басқа «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының әуе шабуылына қарсы қорғанысының бірыңғай өңірлік жүйесін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын да мақұлдады. Ол бойынша өңірдегі әуе шабуылына қарсы қорғаныс міндеттерін шешу үшін Қазақстан мен Ресей арасында әуе шабуылына қарсы қорғаныстың бірыңғай өңірлік жүйесі құрылады деп күтілуде. Аталған әуе қорғанысы – ТМД-ға қатысушы мемлекеттер әуе шабуылына қарсы қорғанысы біріккен жүйесінің құрамдас бөлігі.
Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров Бірыңғай өңірлік жүйенің мақсаты екі мемлекеттің әуе кеңістігін күзету және қауіпсіздігін қамтамасыз ету екендігін атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, жүйенің негізгі міндеттері құрылу және әскерлерді қолдану қағидалары келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын ережеде көзделген. Әйтсе де, бірыңғай жүйе бейбіт уақытта әскерлердің жауынгерлік кезекшілігін атқару мен бірлескен іс-қимылдарын ұйымдастыруды қарастырады. Соғыс жағдайында тараптар өз ұлттық заңнамаларына сәйкес әскерлері мен құралдарын қолдану туралы өз шешімдерін қабылдау құқығына ие.
Қазақстан мен Ресей әуе шабуылына қарсы қорғанысының бірыңғай өңірлік жүйесінің әскерін тараптардың қорғаныс министрлерінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті мен Ресей Федерациясының Президенті тағайындайтын қолбасшы басқаратын болады.
Және де Мәжіліс кешегі отырысында «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» заң жобасын және оған ілеспе заңдық құжатты екінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластерінің құқықтық мәртебесін, «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын басқару ерекшеліктерін айқындайды. Атап айтқанда, «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының басқару органын коммерциялық емес ұйымға –дербес кластерлік қорға қайта ұйымдастыру көзделген. Әсіресе, шетелдік жұмыс күшін тартудың жеңілдетілген рәсімі белгіленеді әрі технологиялар паркінің әлеуетті қатысушыларына қойылатын талаптар нақты көрініс табады. Инновациялық технологиялар паркін дамыту аясында ғылым мен білімді және өндірісті интеграциялау шаралары қарастырылған. Сонымен бірге, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеудің басым бағыттарын дамыту назардан тыс қалмаған.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».