Саясат • 16 Маусым, 2022

Ауыл әкімдері біліктілігін арттыруда

375 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Amanat партиясы Саяси менедж­мент академиясы ауыл және ауылдық округ әкімдерін оқыту бағдар­ламасын бастады. Бағдарламаның бірінші кезеңінде 500-ден астам ауыл әкімі халықтың экономикалық белсен­ді­лігін арттыру саласындағы біліктілігін жетілдіру курс­тарынан өтуде.

Ауыл әкімдері біліктілігін арттыруда

Партияның атқарушы хат­шысы Асхат Оралов бейнекон­ференция байланысы арқылы Сая­си менеджмент академиясы ұйымдас­тырған ауыл, ауылдық округ әкімдері мен партияның аумақтық фи­лиалдарының атқарушы хатшыларын оқыту семинарына қатысты.

13-22 маусым аралығында өтетін оқыту семинарына Ақ­мола, Ақтөбе және Қызыл­орда облыстарының 535 ауыл әкімі қатысып жатыр. Жыл соңына дейін еліміз бойын­ша екі мыңнан астам ауыл әкімі мен партия аумақтық филиал­дарының атқарушы хатшы­ларын оқыту жоспарлануда.

Оқыту барысында қатысу­шылар маркетингтік талдау жүргізуді және ауыл экономи­касын көтерудің перс­пек­тивалық бағыттарын анықтауды үйренеді. Ауылда тиімді бизнес-жо­ба­ларды жасау дағдыларын іс жү­зінде пысықтауға баса на­зар аудары­лады.

Семинарға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Асхат Ора­лов партия, әсіресе, ауылдық жерлерде халықтың табысын арттыру мәселелеріне ерек­ше назар аударып отырғанын атап өтті.

«Жаңа Қазақстанды құру жағ­дайында заманауи басқару­­шы­ларды даярлаудың жаңа сапалы үлгісі қажет. Олар­дың біліктілігін арт­тыру үшін Саяси менеджмент акаде­миясы толыққанды дайындық бағ­дарламаларын әзірледі. Осы­лайша, 500-ден астам ауыл әкімін оқыту басталып кетті. Ал жыл соңына дейін 2 мың­нан астам әкім біліктілігін арттырады. Оқуды тиімді өткі­зу үшін Академия тренерлері өңір­лерге арнайы барып, офлайн форматта оқытып жатыр. Әкімдердің алған білім­дері ең алдымен ауыл тұрғын­дары­ның өмір сүру сапасын жақсартуға септігін тигізетініне сенім­діміз», деді партияның атқару­шы хатшысы.

Айта кетсек, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауының қоры­тын­дысы бойынша биыл Amanat пар­тиясының мүшелері округ­тердің 87,3%-ында жеңіс­ке жетті. Өңір­лік конферен­ция­ларда партиядан ұсынылған 746 кандидат және 124 өзін-өзі ұсынушы әкім болып сай­ланды. Олар­дың көпшілігі бастауыш партия ұйымдарының төраға­лары мен партияішілік прай­мериздің қатысушылары.

«Бізге жоғары деңгейдегі тре­нер­лер келіп, маркетингтің заманауи құралдарының негіз­дерін, болашағы бар бизнес-жобаларды анықтауды нақты мысалдармен түсіндіруде. Осының бәрін азаматтардың эконо­микалық белсенділігін арт­тыру үшін ауылға енгізу қажет. Алған білімімізді іс жүзін­де қолдануға тырысамыз», деді Қы­зылорда облысындағы Шиелі кентінің әкімі Ғабит Аман­жолов.

Естеріңізге сала кетейік, Amanat партиясының кезектен тыс ХХІІ съезінде Президент Қ.Тоқаев басшыларды даярлау сапа­сын жақсартуды, бір жолғы семи­нар­лар мен тренингтерден гөрі жүйелі, толыққанды дайын­дық бағдар­ла­ма­ларына кө­шуді, сондай-ақ партия акти­віне жергілікті жерлерге барып оқы­татын тренингтер өткізуді тапсыр­ған болатын.