Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Мемлекеттік кеңесші жаңа қоғамдық институт мүшелерінің қатарында белгілі композитор, жазушы Илья Жақанов, Қазақстанның халық жазушысы, ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов, қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, белгілі журналист және қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам, ғалым-математик, академик Асқар Жұмаділдаев сынды айтулы тұлғалар бар екенін жазады.
Сондай-ақ Ұлттық құрылтайдың құрамына мықты экономист және қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев, белгілі мемлекеттік және саяси қайраткер Әлихан Байменов, журналист, медиа-менеджер, қоғам қайраткері Ермұрат Бапи, мемлекет және қоғам қайраткері, Парламенттің бірнеше шақырылымының депутаты Нұртай Сабильянов, мемлекет қайраткері, әлем чемпионы, Сеулдегі Олимпиаданың күміс жүлдегері Дәулет Тұрлыханов, биотехнолог ғалым, QazVac COVID-19 вакцинасын әзірлеуші Күнсұлу Закария, қоғам қайраткері, дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы, белгілі тілтанушы ғалым Анар Фазылжанова, эколог, азаматтық белсенді Азамат Әміртаев және басқа да Қазақстанға кеңінен танымал азаматтар кірді. Ұлттық құрылтай құрамына барлығы 117 адам мүше болды.
Ерлан Қариннің айтуынша, құрамына әрбір өңірлік қоғамдық кеңестен бір өкілден енуі – Ұлттық құрылтайдың басты ерекшелігі болып саналады. Осылайша, бұл диалог алаңы барлық жергілікті Қоғамдық кеңестердің түйіні іспетті болып отыр.
«Сондай-ақ Ұлттық құрылтайға Парламент депутаттары, саяси партиялардың, бизнес, медицина, білім, ғылым, мәдениет, спорт, адам құқықтарын қорғау және басқа да ұйымдасқан әлеуметтік топтардың ірі салалық бірлестіктерінің өкілдері кірді. Құрылтай жұмысына жастар көшбасшылары мен белсенді жас азаматтар да шақырылды», дейді Е.Қарин.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі өз жұмысын аяқтаған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің негізі бөлігі Ұлттық құрылтай құрамына кіргенін де мәлімдеді. «Жаңа құрылым туралы Президент өзінің наурыз айындағы Жолдауында алғаш рет мәлімдеді.
Ал Ұлттық құрылтай не үшін құрылды?
Ұлттық құрылтай қоғамдық топтасуды нығайту және кеңейту бойынша идеялар мен қадамдарды іздеу және әзірлеу үшін диалогтық платформа болуға тиіс.
Ұлттық құрылтай мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің айырмашылығы неде? Егер Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде талқылау нысанасы ағымдағы әлеуметтік-экономикалық проблемалар, саяси реформалау мәселелері болса, Ұлттық құрылтайда жалпыұлттық құндылықтар негізінде қоғамдық шоғырландыруды одан әрі дамытуға қатысты ұзақмерзімді сипаттағы мәселелер талқыланатын болады.
Ұлттық құрылтай құрамы қалай қалыптасады?
Ұлттық құрылтай – ел Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Соған сәйкес, оның құрамы бойынша ұсыныстарды Мемлекет басшысының Әкімшілігі дайындайды. Ұлттық құрылтай отырыстарына тек Ұлттық құрылтай мүшелері ғана қатысады», дейді Е.Қарин.
Ұлттық құрылтайдағы жұмыс қоғамдық негізде жүзеге асырылатынын атап өткен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі құрылтай жұмысында қатысушыларды ротациялау принципі қарастырылғанын да хабарлады. «Бұл болашақта басқа да қоғам қайраткерлерін кезең-кезеңімен тартуға мүмкіндік береді», дейді ол.
«Барлық қазақстандықтар өз ұсыныстарын Ұлттық құрылтай хатшылығына жолдай алатын арнайы онлайн платформа құрылғанын ерекше атап өткім келеді.
Осылайша, Ұлттық құрылтай жаңартылған Қазақстанның құрылысына өз үлесін қосуға дайын азаматтардың жалпыұлттық бірігуінің өзегі болады», делінген жазбада.