Аймақтар • 16 Маусым, 2022

Ақтауды көгалдандыру жаңа жоба аясында жүргізіледі

446 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Желегі аз Ақтауды көгалдандыру – өзекті мәселе. Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің хабарлауынша, бұған дейін шөлейтті облыс орталығындағы ағаш, бұта, гүлдерді суарумен айналысатын мекеме жыл сайын анықталатын болғандықтан жұмыстың сапасына кері әсерін тигізген. Енді қалалық әкімдік тығырықтан шығу үшін қаланы көгалдандыру ісін алдағы 5 жыл бойы мемлекет-жекеменшік әріптестік жобасы аясында жүргізбек. Жеңімпаз мекеме – GreenCityAktau ЖШС-мен қала әкімдігі келісім мерзімін

Ақтауды көгалдандыру жаңа жоба аясында жүргізіледі

Жоба аясында Ақтау қала­сын көгалдандыру, ағаштарды, бұталарды, гүлдерді отырғызу және жасыл желектер мен ағаш­тарды күтіп-баптау жұмыстары жүргізіледі.

– Бес жылға бағытталған жоба аясында жапырақты ағаш­тар­дан 20 905 дана, қылқан жапырақты ағаштардан 11 750 дана, сәндік бұталардан 1 460 дана, бұталардан 20 мың шаршы метр, көгалдардан 5 мың шаршы метр, гүлзарлардан 652 500 дана, раушан гүлдерінен 18 мың дана егу жоспарланған, – дейді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ануар Туляков.

Мемлекет-жекеменшік әріп­тес­тік аясында жұмыс істейтін мекеме анықталғанға дейін жыл басынан бері «Ақбота» МКК-ның көгалдандырушылары жасыл желектерді күтіп-ұстау, сон­дай-ақ жаңа ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарын жүргізген. Олар ақпан айынан бастап 4 650 түп ағаш отырғызды. Оның 2 650 данасы қылқан жапырақты (қарағай, биота) 2 мың данасы жапырақты ағаштар (айлант, үйеңкі, шаған, килитерия).

– Сонымен қатар қаланың 9, 11, 14-шағын аудандарын бі­рік­тіретін айналма жолдың орта­сына 112 мың дана бір жылдық шырайгүл гүлдері, 12-шағын аудандағы Т.Әлниязұлы ескерт­кішінің алдына раушан гүл­дері егілді. Отырғызылған көшеттердің барлығы Ақтау қаласында өсірілген, яғни барлық ағаш пен көгалдар Маңғыстау облысының құрғақ климатына төзімді, – дейді А.Туляков.

а

Жасыл желектерді суару жұ­мыстары биыл Ақтауда ал­­ғаш рет су құбыры арқылы жүр­гізіле бас­тады. Жылдар бойы теңізге кетіп жатқан жерасты тұщы суларын тиімді пайдалану үшін қаланың орталық бөліктеріне, саябақтар мен алаңдарға ұзындығы 55 шақырымды құрайтын құбыр тартылды. Қазіргі таңда аталған құбырлардың 45 шақырымы іске қосылған. Қалған 10 шақы­рымына ағымдағы жөндеу жұ­мыстары жүргізілуде. Маусым айының соңына дейін толықтай іске қосылмақ. Жасыл желекті суару үшін Ақтауда тәулігіне 1 700 текше метр су тұтынылады.

Сондай-ақ шағын аудан бойын­дағы жасыл желекті суа­ру үшін GreenCityAktau ЖШС жыл соңына дейін тағы 40 шақырым су құбырын іске қосуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда оның 13 шақырымы 1, 2, 3, 3а, 3б, 4-шағын аудандарына жүргізіліп, іске қосылды.

– Шағын аудан ішіндегі жасыл желектерді суару үшін қазіргі таңда мүлік иелерінің бірлестігі және тұрғын үйлерге қызмет көрсетуші мекемелермен келіссөздер жүргізіліп, келісімшартқа отырмақпыз. Сондай-ақ қосымша 30 дана арнайы су тасушы көліктер қаланың жасыл желектерін суаруда. Бірі жер астында, екіншісі жер үстінде орналасқан 60 текше метрлік қос резервуар бар. Оператор күн сайын таңғы сағат 6-да келіп, насостарды қосады. Сағат 7:30-дан көліктер келіп, су толтырып алады. Бірінші ауы­сымда сағат 8:00-16:00 дейін 80-ге жуық адам жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында көше бойындағы ағаштарды суарады. Жасыл желекті, газондарды қырқады. Екінші ауысым сағат 16:00-де басталады, 20 адам шағын аудан ішін суарады. Бір шағын ауданға шамамен 10 күнде қайтып келеді, – дейді А.Туляков.

Қазіргі таңда GreenSity­Aktau ЖШС-і мекемесі тал­дарды дезинфекциялау жұ­мыс­тарын да жүргізіп жатыр. Бұл іске «БИ-58» және «Карате» деп аталатын у түрлері қолданылуда. Қазіргі таңда қала аумағында 40 мыңға жуық жасыл желек зарарсыздандырудан өтті, бұл жұмыс әлі де жалғасады.

Ақтауда жыл сайын қыруар қаражатқа ағаш, гүл түрлері өсіріледі. Бірақ күннің ыстығы және судың жетіспеуі салдарынан желектердің жайқалып кет­кенін көрген жоқпыз. Енді іске мемлекет-жекеменшік әріп­тестік жобасы аясында кіріссе, қаланың сәні кіріп, желектер шаһардың шырайын келтірер деп ойлаймыз.

п

 

Маңғыстау облысы