Қоғам • 16 Маусым, 2022

Экологиялық заңнама жиі бұзылады

360 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде экологиялық заңнаманы бұзу деректері жылдан-жылға көбейіп барады. Табиғатты қорғау заңдылығын қадағалайтын құқық қорғау органдары тазалық пен өрт қауіпсіздігін сақтамау фактілерінің жиі тіркелетінін айтады.

Экологиялық заңнама жиі бұзылады

Бас прокуратураның ресми өкілі Дархан Дүйсембай соңғы кездері азаматтардың елді мекендер маңындағы тұрмыстық және өндірістік қалдықтар­дың заңсыз шығарылуы туралы арыз-шағымдар жиілеп кеткенін айтады.

Келіп түскен арыз-ша­ғым­дар бойынша Бас прокуратура уәкілетті органдардың табиғатты қорғау саласында эко­логиялық заңнамалардың сақтауына тексеру жүргізген. Тексеру іс-шаралары кезінде прокурорлар кәсіпорындар­дың өндірістік қалдықтарды өңдеусіз рұқсат етілмеген жерлерге төгуіне қатысты 43 фак­тіні анықтап, тіркеді. «Мысалы, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты экологиялық тұрғыдан рұқ­саты жоқ кәсіпорындарға 150 мың тоннаға жуық қауіпті қал­­дықтарды өткізген. Ал кәсіп­­орындар болса, сол қал­дық­тарды өңдеусіз қаладағы бос жатқан жерлерге таста­ған. Бүгінгі күнде кінәлі тұлғалар әкім­шілік жауапкершілікке тар­­тылды. Олардан 80 млн тең­­геден астам шығын өнді­ріл­­ді. Оған қоса, зауытқа қор­ша­ған ортаға эмиссия түрінде 1 млрд 600 млн теңге көле­мін­де төлем­ақы есептелді», дейді ­Бас про­куратураның ресми өкілі.

Рұқсат етілмеген полигон­дардың көлемі де азаймауда. «Қазақстан Ғарыш Сапары» мекемесінің ғарыштық бақы­лау нәтижесіне сәйкес, өңір­лерде жыл сайын 9 мыңға жуық жаңа полигон анықталады. Мы­­салы, Алматы қаласының прокуратурасы Алатау, Медеу және Түрксіб аудандары­нан 17 коммуналдық және өнді­рістік қалдықтар көмілген жер­ді тапқан. Қазіргі кезде про­куратураның талабы бо­йынша қоқыс полигондары жо­йылды.

Жалпы тексеру қоры­тын­дысы бойынша, Ақтөбе, Ал­маты, Қызылорда, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласы бойынша Экология департаменттері­нің басшылары, сондай-ақ про­фильді министрліктің лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылып, табиғат қорғау инспектор­лары бюджетке 33 млрд тең­геге жуық экологиялық шы­ғынды, сондай-ақ 12 млрд теңге көлеміндегі әкімшілік айыппұлды өндірген. Тиі­сінше Үкіметке заң бұзу­шы­лықтарды жою туралы ұсы­ныс енгізіліп отыр. Бұл іс-шаралардың барлығы қоғам­ның, атап айтқанда өндірістік қалдықтарды қалай болса солай қалдырып кете беретін кәсіпорындардың қоршаған ортаны сақтауға деген жауап­­кершілігін арттыруға бағыт­талып отыр.