Әдебиет • 16 Маусым, 2022

Кофе және әдебиет 5

309 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейде таңғы кофеңді ішіп отырып ойланасың: жазу қазақтың қанына сіңген қабілет сынды. Жолда немесе тойда әңгімеңіз жарасып, қауқылдаса қалған жаңа танысыңыз әрі қазағыңыз суреткер жазушы болмаса да, сөз жоқ, ақын. Бұл сөзіміз расқа айналмаған жағдайда одан құрығанда «кей-кейде өлең жазатыным бар» деген жауап естисіз. Осыдан кейін екі қазақтың бірін ақын, ал екі өлең жазғанды – ұлы ақын демесек тағы ұят сияқты. Сонымен қазақта шынымен де ұлы ақын көп немесе ақындық өнерге берер өлшем таяз.

Кофе және әдебиет 5

Бұл үрдіс қазақ әдебиетінің сонау жетпісінші жылдардағы жақсы кезеңінде де солай болды һәм бүгінгі халық үшін де, билік үшін де белгісіз бір орында қалған өнер тұсында да солай. Айналаңа қарасаң, бәрі ақын, бәрі жазушы: тегін жүрген ешкім жоқ. Біреу бала күнгі арманына жетіп, жазған өлеңі аса сәтті шықпаса да анда-мұнда жариялап, азғантай қаржысына 500 данамен кітап шығарып әуреге (өзіне әурешілік емес, рахат) түседі. Әгәрәки, тәуекелшіл һәм пысық «ақын» болса, тәуелсіздік мерекесі, елорда күні қарсаңындағы дәстүрлі мүшәйраларға да қатысып, жұлдызы жанып жатса (бізде қазір ақындардың жұлдызы тез жанады), «Абай не жазған?» деп сұхбат беріп, елді шулатады.

Ерінбеген енді біреу ата-бабасының өмірін жазып (яки жаздырып) кітапқа басады. Бұл санатта өз руының тарихын шығаратындар да бар. Ешкім оқымайтын, бірақ жиі басылатын осы кітаптардың мақсаты не дейсің. Әрине, кім не жазады, қандай кітап шығарады – өзі біледі. Елімізде – демократия. Дегенмен мерейтойлық һәм рулық кітаптар – әдебиет емес. Баспалардан көркем шығармалардың орнына осындай жеке тұлғалық һәм рулық мақсаттағы кітаптардың жарық көруі қынжылтады. Айта кетейік, әлемдік статистика бо­йынша киноиндустрия мен кітап саудасын салыстырсақ, кітап шығару әлдеқайда көбірек пайда әкеледі. Бұл тұжырымды естіп-білгенімізбен еліміздегі баспа саласы мен кітап нарығының бүгінгі жағдайы белгілі. Мәселен, қазіргі таңда 300-ге жуық баспа мен 800-ге тарта баспахана жұмыс істейді. Сонда да қоғамда кітап өндірісінің имиджі төмен. Оған себеп, кітап басып шығаруда нақты жүйе мен маркетингтің жоқтығы дейміз. Содан болар, кітап сатудан түсетін табыстың тек 25 пайызы ғана отандық өнімге тиесілі. Ал баспалардан шығатын кітап өнімдерінің 80 пайызын оқулықтар құрайды. Нарықтағы өзге кітаптардың 80 пайызы – ресейлік өнім. Отандық кітаптар аз таралыммен шығатындықтан, сатылымда көп кездеспейді. Әлқисса.

Қазақ кедей болса да мақ­тан­ғанды ұнататын халық емес пе?! «Арқыраған ақын», «төгіліп тұр», «жазуында бірдеңе бар» деген сөздер «халтурщик» ақындардың шабытын асырып, толқыта түседі. Өлеңді құрастыратындардың бар «әурешілігі» осы сезім үшін. Бәлки, біз ол күйді түсінбейміз. Реалистік көзқараспен қарасаң, кешегі шалқыған Кеңес Одағы емес – әдебиетте түк абырой жоқ уақытта «ақын» атануға тал­пынатындарға таңғаласың. Түп­теп келгенде, ақынмын деп мақ­тануға, мадақ естуге, кейде жа­ғымпаздануға әдебиеттен артық лайық кәсіп жоқ сияқты. Мұны қазақтың қу іші сезеді. Ата­сының өмірін жазғандар атасымен мақтанады, руының шежіресін түзгендер руымен мақтанады, мақтанбағандардың да жасырын мақсаты бар.

Одан қалса ешкім оқымаса да өз­ге тілге аударылуға әсіре құш­тар ав­торлардың да қатары көп. Олар Қазақстанның өзін шы­рамытып әрең танитын алпауыт елдер біздің әдебиетке қы­зығатынына шын сенетін тым аңғал, яки оқыса да, оқымаса да бәрібір – аударылса болды. Тіпті әдеби ортада жүрген кей авторлар бұл жұмыспен жоспарлы түрде айналысады. Сөйтіп, ағылшын, испан, қытай, т.б. тілдерге аударылады. Жорысақ, бұл да жазушылық мақтанның бір түрі. Шет тіліндегі жап-жаңа мұқабаға қарап отырып, сүйсіну һәм айналасына мақтану, марқаю, тұсаукесерін өткізу, шапан кию, орамал тағу.

Тұрсынжан Шапай «Мақтанға мадақ» атты мақаласында: «Алып – анадан туады» дейді. Сөз болғаныңа! Алып аяқ астынан туады! Қарайсыз: бір күні теледидар экранын толтырып біреу отыр... Әнші, әдебиетші, я саясатшы, тарихшы, әйтпесе, бірдеңетанушы – әйтеуір біреу. Әйтпесе, анау да өзі, мынау да өзі – дәуіріміздің үйреншікті дилетанты. Қысқасы, ешкім емес. Жай отырған жоқ, өзін мақтатып отыр. Жүргізуші де мақтайды, өзі де мақтанның отына майды құя түсіп, құя түсіп маздайды... Ертеңінде қарайсыз – газеттер сол біреу туралы жапа-тармағай жарыса жазады. Радионы тыңдайсыз – сол біреу. Жалпақ жұрттың аузында – және сол. Сөйлеп жатыр, сөйлеп отыр, сөйлеп тұр... сөйлеп жүр...» деп жазады. Расында да, бір мақтаған, мақталған адамды өлеңін оқымастан ақын санап кететініміз бар. Бұл мінез де оқырманды тобырға айналдырады. Ал ешкімнің аузына ілікпеген есімдерге біртүрлі самарқау қараймыз. Дәл осы тұста Абай айтады: «Нәпсісін тыйып, бойын тоқтатқан кісінің жаман атанып, нәпсісі билеп, мақтанға еріп пәле шығарған кісі мықты атанатұғыны несі?»

Жалпы, өмірде де, әдебиетте де әділетсіздік көп қой. Мәселен, бір Құдайға сенетін кез келген діншіл мұсылман әдебиеттің де дін сияқты таза екеніне сенбеуі мүмкін. Содан соң да асыл өнердің талаптарын ұстана қоймайды, жеке мүдделері үшін, ішкі сезімдері үшін қолданады. Қызық.

 P.S. Қолы қалт етсе, ақын­дарды келеке қылады деп сөк­пеңіздер. Әрі-беріден соң бұл сөзімізге шын ақындардың жүректері ауырмасын.