Медицина • 16 Маусым, 2022

Елордалық дәрігерлер 16 жастағы қыздың миына күрделі ота жасады

1414 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері Қызылорда облысынан келген 16 жастағы қыз баланың миына күрделі ота жасап, талма сырқатынан құтқарды. Бұл ота пациентке МӘМС жүйесінде тегін жасалды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордалық дәрігерлер 16 жастағы қыздың миына күрделі ота жасады

Анасының айтуынша, 16 жастағы Қарақат жеті жыл бойы талмасы ұстап, ауырып қала беретін. Алғаш рет 9 жасында болған. Ұстамалары тоникалық-клоникалық сипатта, сол қолынан басталып, көзін жұмып, басын оңға қарай 2 минутқа дейін бұрып қалатын, осылай аптасына 1-2 рет қайталанатын.

«Біз Қызылорда қаласындағы дәрігерлердің бақылауында болдық, құрысуға қарсы препараттар қабылдадық, бірақ уақыт өте келе бұл препараттар әсер етпей қалды, талмасы жиі ұстап қалатын болды. Баламыздың бұл аурудан айығуына қалай көмектесерімізді білмедік. Алматы қаласындағы эпилептологтардың да қабылдауында болдық. Бірақ онда бізге операция көмектеспейтінін айтты», деді Қарақаттың анасы.

Невролог-эпилептолог Гаухар Сұлтанханқызы Ибатоваға консультация алуға келгенде, ми жұмысын тексеретін жоғарыөрісті 3-Тесла МРТ және ЭЭГ-мониторингі негізінде қыз балада мидың оң жақ төбе бөлігінде эпилептикалық ұстамалар ошағына айналған түзінді ісік бар екені анықталды.

«Біз пациентке нейронавигация мен мидың «қабығы» тікелей жазылған электрокортикографияны қолдана отырып, микрохирургиялық ота жасап, миының оң жақ төбе бөлігіндегі түзінді ісікті алып тастадық. Науқас үшін неврологиялық жағынан жеткіліксіздік болмайтындай эпилептогендік ошаққа резекция жүргізілді. Осы ота пациент жағдайын жақсартып, оның өмір сүру қалпын өзгертуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз», деді Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігері.

Ота пациентке МӘМС жүйесінде тегін жасалды, әрі сәтті өтті. 

«Қызыма өте күрделі ота жасалды. Отадан кейін бірде бір рет талмасы ұстамады, балаңның сауыққанын көрген қандай бақыт екенін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қарақатымның сенімі мен үміті ақталғанына өте қуаныштымын. Мұндағы дәрігерлердің бәрі мықты. Нейрохирургия орталығының қызметкерлеріне үлкен алғысымды білдіремін. МӘМС жүйесінің арқасында біз өз кезегімізді ұзақ күткен жоқпыз және де осындай қымбат отаны бізге ақысыз жасады. Заманауи жабдықтар мен білікті мамандардың арқасында күрделі ота сәтті өтті және талма сырқатынан құтқарды», деп алғысын білдірді қыз баланың анасы.

Аяна Тоғанбек