Парламент Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасында кооперация мәселелерін заңнамалық тұрғыдан жетілдіру» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысы болды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Шараға Сенат депутаттары, ауыл шаруашылығы, қоршаған орта және су ресурстары, әділет, өңірлік даму министрліктерінің, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері, белгілі ғалымдар мен фермерлер қатысты.
Құттықтау көз сөйлеген Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Қайрат Ищанов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында ауыл шаруашылығын ауқымды жаңғырту жөніндегі алға қойған міндеттеріне назар аударды. Қ.Ищанов аграрлық кешен алдында әлемдік азық-түлік нарығында жаһандық тұрғыдағы орынға ие болу, қожалықтар мен ауыл шаруашылығында өңдеуші шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ, 2050 жылы еліміздің Ішкі жалпы өнімінде ауыл шаруашылығының үлесін 5 есе ұлғайту мақсаты тұрғанын атап өтті.
«Жалпы алғанда, агроөнеркәсіп кешенін қазіргі әлемдік жаһандану жағдайында дамыту мәселелері заңнамалық, экономикалық және қаржыландыру тетіктерінің жан-жақты, үйлесімді қолданылуын талап етеді, бұл ретте мемлекеттік органдар мен әр-түрлі қоғамдық ұйымдардың өзара бірлескен іс-қимылы қажеттілігін атап айтқым келеді», деді Төраға орынбасары.
Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Сергей Кулагин «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» бірыңғай заң әзірлеу қажеттігіне назар аударды.
Талқылау барысында дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстан Республикасында кооперация мәселелерін заңнамалық тұрғыда жетілдіру ұсақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен фермердің мүдделеріне орай уақытында көтеріліп отырғанын және қажет екендігін атап өтті. Сенаторлар осы саладағы заң шығару жөніндегі өз ойларын ортаға салды. Дөңгелек үстел отырысы барысында айтылған ұсыныстар Үкіметке жолданатын болды.