Президент • 16 Маусым, 2022

Ана тілімізге деген құрмет әрқашан жоғары болуы тиіс - Президент

392 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекеттік рәміздерімізге, ана тілімізге деген құрмет әрқашан жоғары болуы тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың I отырысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ана тілімізге деген құрмет әрқашан жоғары болуы тиіс - Президент

«Мемлекеттік рәміздерімізге, ана тілімізге деген құрмет әрқашан жоғары болуы тиіс. Қазақ тіліне қатысты алаңдаушылық елдегі жағдайды дұрыс түсінбегеннен туындап отыр. Шын мәнінде, бұрынғы ахуал мен қазіргі кезеңді мүлде салыстыруға келмейді. Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Оған қоса, әлемнің басты ақпарат құралдары қазақша шығып жатыр.

Жақында әйгілі «APPLE» компаниясы қазақ тілін iOS-тың тілдер жүйесіне қосты. Әлемнің 40 тілінде тарайтын «NICKELODEОN» телеарнасы қазақша көрсетіле бастады. Жастардың бастамасымен «NATIONAL GEOGRAPHIC» журналы 6 жылдан бері ана тілімізде жарық көруде. Осындай көптеген жағымды жаңалықтар бар. Сондықтан, қатты алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын. Десек те, осы саладағы жұмысымызды даңғаза жасамай, табандылықпен жүргізуіміз қажет.

Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді. Бұған ешқандай күмән болмауы керек», деді Президент.

Айта кетейік, бүгін Ұлытауда Мемлекет басшысының қатысуымен Ұлттық құрылтайдың I отырысы өтті.