Театр • 16 Маусым, 2022

Жаһан жанарын жаулаған

670 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өнер – ұлттың айнасы. Сол арқылы күллі ұлттың болмыс-бітімін ғана емес, деңгей-дәргейін де тануға һәм танытуға болады. Бас қаланың жас театры, биыл тарихына 15 жыл толып отырған іргелі өнер ордасы – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Жастар театры ұжымы театр мерейтойы аясында Қырғыз Республикасындағы гастрольдік сапарын абыроймен өткізіп, Түркия мемлекетінің Конья қаласында ұйымдастырылған түркітілдес елдердің «Мың тыныс – бір дауыс» халықаралық театр фестивалінен табысты оралды.

Жаһан жанарын жаулаған

Елордамыздың төрінен осыдан тура 15 жыл бұрын бой көтерген Жастар теа­т­ры алғаш шымылдық түрген күнінен бастап-ақ өнер өлкесінен өзінің айшықты орнын алып, сахна саласындағы даңғыл да дара жолын маңайына мойындатқан болатын. 2007 жылдың 5 шілдесінде ұлы қаламгерлер – Ш.Айтматов пен Ә.Кекілбаев шығармаларының желісінде қойылған «Шыңғысхан» спектаклімен тұсауы кесілген театрдың тәй-тәй басып, бүгінге дейін жеткен шығармашылық жетістігі мен өнерінің өміршең өрісі астанамызбен бірге дамып, даңғылданып келеді. Оның айқын дәлелі – іргесі қаланғаннан бергі 15 жыл ішінде театр ұжымы халықаралық деңгейдегі бірнеше фестивальға қатысып, барлығынан дер­лік Бас жүлде – Гран-примен елге оралды. Соның ішінде, әсіресе, бір туған Қырғыз елімен рухани һәм мәдени бай­ланыс жылжыған жылдармен бірге жанданып, өнерде өзінің өркениетті ізін қалдырып үлгерді.

Бүгінде айырқалпақты ағайын аста­на­лық театрдың шығармашылық тынысымен жіті таныс әрі жаңа қойы­лымдарын елдерінде өтетін түрлі театр фестивальдарында көріп, спектакль­дерінің суреткерлік салмағын сарапқа салуға асық. Соның айқын дәлелі болса керек, Жастар театры ұжымы осы уақыт аралығында қырғыз елінде өткен бірнеше фестивальға қатысып, үнемі үздіктер қатарынан көрініп келеді. Атап айтсақ, 2008 жылы Ш.Айтматовтың туғанына 80 толуына орай Бішкек қала­сында өткен Халықаралық «АРТ ОРДО» театр фестивалінде Ш.Айт­матовтың шығармалары негізінде жа­сал­­ған «Жан азабы» спектаклі үш бірдей номинация: «Ең үздік спектакль» – Гран-при, «Жоғарғы деңгейдегі көркемдік шешімі үшін» және «Үздік сазды безендіру» аталымдарында марапатталса, 2017 жылы дәл осы фес­тивальда У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы үшін «Үздік режиссура» жүлдесін иеленді. Сондай-ақ 2018 жылы Бішкек қаласында өткен «Айтматов және театр-2018» халықаралық театр фестивалінде Ш.Айтматов, Ә.Кекіл­баевтың «Шыңғысхан» әпсанасы «Үздік қойылым» аталымында мойында­лып, 2019 жылы Ош қаласында ұйым­дас­тырылған «ART-ORDO» VII Халық­аралық театр фестивалінде режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың Шыңғыс Айтматов, Оралхан Бөкей, Роза Мұқа­нова шығармалары негізінде қойылған «Ғасырдан да ұзақ...» спектаклі Гран-при жүлдесін қанжығасына байлады.

р

Бауырлас елдің театр әлемін тамаша талантымен мойындатып жүрген жасампаз ұжымның өнерімен жақсы таныс ағайын бұл жолы да елордалық Жастар театр­ын зор қошеметпен қарсы алды. Олар ұсынған Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» және Н.Жақыпбайдың «Жанарымдағы жалғыз әуен» қойылым­дары қырғыз ағайынның шексіз ілтипа­тына бөленді.

– Қазақстанның бас шаһарынан келген Жастар театрының өнері біз үшін таңсық емес. Әрдайым елімізде өтетін театр фестивальдарында көріп көзайым болып, өнеріне үнемі тәнті болып жүрміз. Жастар театры мен қырғыз елін байланыстыратын ұлы тұлға бар, ол – Шыңғыс Айтматов. Ең алғаш жас театрдың тұ­сауын кескен ұлы қаламгеріміздің «Шың­­­ғыс ханның ақ бұлты» шығармасы бол­са, кейін де жазушы қаламынан туған қай­та­ланбас туындылар театр репер­туары­ның төрінен орын алды. Жастар театрының Бішкек қаласына жасаған бұл өнер сапары екі ел астанасы ғана емес, тұтас ұлт арасындағы байланыс­ты одан әрі нығайтып, жандандыра түсе­ді деп сенемін. «Қазақ, қырғыз бір – туған» деп жатамыз. Сол туыс­тығымыз, ағайын­дығымыз мәңгі жа­сай берсін!» деді гастрольдің ашылуын­да ақжарма тілегін жолдаған Қырғыз Респуб­лика­сының еңбек сіңірген қайраткері, ұлт жанашыры, Қырғыз ұлттық теле-радио корпорациясының президенті Қайрат Иманәлиев.

р

Екі күнге созылған өнер сапарын сәтті аяқтаған театр ұжымының өне­ріне тәнті көрермен ықыласымен бірге Қырғыз Республикасының ресми билік өкілдері де қазақстандық Жастар театры ұжымын арнайы сый­лық­тармен марапаттады. Атап айтсақ, Қырғыз Республикасының Мәде­ниет, ақпарат және спорт минис­трлі­гі­нің шешімімен театрдың көркем­дік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, Халықаралық Ш.Айт­ма­тов атындағы сыйлықтың лауреа­ты Нұрқанат Жақыпбай «Қырғыз Респуб­ликасы мәдениетінің мықтысы» төсбелгісін кеудесіне тақса, жазушы, драматург, Қырғыз Республикасы театр қайраткерлері одағының прези­денті Жаныш Осмонұлы Құлмамбетов Одақ атынан Жастар театры ұжымын «Әлемдік театр өнеріне қосқан ерен еңбегі үшін» аталымындағы «Шабыт» ұлттық театр сыйлығымен марапаттады.

р

Қырғыз елінде табысты басталған өнер сапары әрі қарай Түркияның Конья қаласында өткен түркі тілдес ел­дер­дің «Мың тыныс – бір дауыс» халық­ара­лық фестиваліне ұласты. Айтулы фестивальдың ашылуында «Жа­на­рым­да­ғы жалғыз әуен» музыкалық спектаклімен өнер көрсеткен ұжым, фестивальдың не­гіз­гі бағдарламасына У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясын ұсынды. Әлем­­­нің түкпір-түкпірінен жиналған көрер­­­мендер мен театр мамандарын тәнті еткен айтулы қойылым фес­тивальға қа­тыс­­­қан үздік спектакльдер қатарына еніп, сахна сарапшыларының жоғары бағасын алды.

Өнер ұлттың жаны әрі айнасы десек, тәуелсіздік тұсауын кескен талантты театр ұжымының түркі әлемі төріндегі тұғырлы орны мен асқақ абыройы күллі қазақ өнерінің мерейі һәм мәртебесі екені анық.

р