24 Сәуір, 2014

Емделуші, сіз өз құқығыңызды білесіз бе?

1030 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
IMG_0101Халық саулығы – мемлекет байлығы. Азаматтардың денсаулығын жақсарту – елдің әлеуметтік-демографиялық дамуының кепілі. Осы қағидаларды жүзеге асыру мақсатында бірер жыл бұрын Елбасы Жарлығымен денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Соның негізінде Денсаулық сақтау министрлігі сан-салалы жұмыстар атқаруда. Бұл іс-шаралардың нәтижелі болуы үшін азаматтардың өз құқығын білуі маңызды. Тақырыпты тереңірек талқылау мақсатында «Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы» РМК Аккредиттеу орталығының жетекші маманы Арай ҚАСЫМХАНОВАНЫ әңгімеге тартқан едік. – Арай Молдахметқызы, жасыратыны жоқ, бізде ғана емес, кез келген мемлекеттің халқы өзінің құқын толық­қанды біле бермейді десек артық айтқандық емес. Ден­саулық саласына келсек, сапалы медициналық кө­мек алуға әркім құқылы. Меди­циналық қызметтің қолже­тімділігіне қарамастан, бұл қыз­мет түріне халық кейде қана­ғаттанбай жатады. Елімізде 2010 жылдан бері азаматтар медициналық ұйымды еркін таңдай алады. Бұл туралы талай рет айтылды да. Медициналық ұй­ымға барған азаматтың мұнан өзге қандай құқықтары бар? Ал­дымен соған тоқталып өтсеңіз... – Ата заңымыздың бірінші бабында: «Мемлекеттің ең қым­бат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Тіпті аккредиттеу стан­дарттарының бірі «Емделуші мен отбасы құқығы» атауымен дәл осы тақырыпқа арналады. Бұл дегеніміз – азаматтардың денсаулығына елімізде жіті көңіл бөлінеді. Кез келген медициналық ұйым тұрғындар мен олардың отба­сыларының құқықтарын қорғау саясатын жүзеге асырады. Осы орайда, азамат ең алдымен қалаған медициналық ұйымға тіркелуге, мекеме жүзеге асыратын барлық ұсыныстарды қолдануға, өзін емдейтін дәрі­герді таңдауға да құқылы еке­нін білуі шарт. Қажет болған жағдайда: науқасқа белгілі бір диагноз қойылып, медициналық ұйым оған қажетті қызмет түрін көрсетпейтін болса әрі ол жайында нақты ақпарат көрсетілсе, пациент басқа медициналық мекемеге жіберіледі. – Мәселен, ауруханада туыс­тарымыз емделіп жатыр делік. Мұндай жағдайда олар­дың жағдайын сұрап мекемеге еркін кіре аламыз ба? – Әрине. Бірақ медициналық мекемеге еркін кіруге болмайтын жағдайлар да бар. Оны ауруханаға келген шақта тір­кеу орнынан сұраған жөн. Се­бебі, ол аурудың түріне байланысты бекітіледі. Мәселен, психиатриялық клиникаларда науқастың бөлмесіне кіруге рұқсат берілмейді. – Ақпарат қандай жағдайда емделушіден жасырын қалуы тиіс? – Емделуші өзінің хал-жағ­дайы, диагнозы, зерттеу қорытындысы мен емдеу әдіс­тері, басына түсер қауіп-қатер, медициналық ахуалы, дәрігерлік араласудың басқа нұсқалары, оның салдары, емдеу қорытындылары, ұсынылып отырған медициналық үрдіс пен препараттар, процеду­ра мен дәрі-дәрмектің артық­шылықтары, клиникалық зерттеулерге қалай қатыса алаты­ны жөнінде мәлімет алуға құ­қылы. Тек «медициналық ақпарат пациенттің өміріне қауіп төндіреді» деген жағдайларда ғана ақпарат емделушіге емес, оның туыстарына немесе заңды өкілдеріне беріледі. – Жалпы, сіздер ак­­кредиттеуден өткізетін мекемесіздер. Ме­дициналық ұйымның белгілі бір стан­дарттарға сәй­кестігін тексеру барысында «емделушінің құқығын қорғау» деген сынды мәсе­лелерге назар аударыла ма? Тексеруден өт­кізу барысында акккредиттеуден өтуге ниет­тенген мекемеге қатысты арыз-шағымдар түскен болса, тек­серу нәтижесіне кері әсерін тигізе ме? – Аккредиттеу комиссиясы мұндай жағдайда пациент шағымын мұқият тексереді. Арыздың түріне қарай шешімді комиссия мүшелері шығарады. Сондықтан әр азамат әрқашан өз құқығын біліп, қорғай алуы тиіс. Бұдан өзге дау-жанжал туындаған жағдайда емделуші өз шағымын мекемедегі «Арыз-шағымдар мен ұсыныстар» кітабына жазып, болмаса «Сенім телефондарына» хабарласып қалдыра алады. Мұны көп азаматтар біле бермейді де. Себебі, күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп, айналамыздағы болып жатқан мәселелерге назар аудармаймыз. Сондықтан, «қажет» деген телефон нөмірлерді әр азамат ұялы телефонына түртіп жазып қойса, қажет кезінде хабарласар еді. Бүгінгі таңда Қазақстанда пациенттердің құқығы қорғалған десек артық айтқандық емес. Онымен қоғамдық ұйымдар, денсаулық сақтау басқармалары, Денсаулық сақтау министрлігі сынды ұйымдар айналысады.Әрі медициналық мекемелерге түскен арыз-шағымдар жедел тексеріліп, қолға алынады. Әр адам емдеу үрдісі медициналық персоналдың кәсіби біліктілігін ғана емес, мекеменің техникалық жабдықталуы, қызметкерлердің мәдениеті, этикалық тәрбие нау­қаспен жақсы қарым-қаты­насымен анықталатынын жадында ұстауы қажет. Әрине, барлық жерде бұл талаптар орындала бермейтін болар. Десе де, әр азаматтың құқығын білуі, оны қорғай алуы мұндай келең­сіздіктердің алдын алады. Әңгімелескен Гауһар ЕРМЕКБАЕВА.