Экономика • 16 Маусым, 2022

Бизнестегі жастар белсенді ме?

409 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазіргі жастар бизнеске үйір. Әсіресе шағын және орта бизнестен бақ іздейтіндер көп. Әлбетте, бұл жақсылықтың нышаны. Өйткені олар бизнеске үлес қосу арқылы елдің экономикасын демеп отыр. Дамыған елдерде экономиканың негізгі тірегі біздегідей шикізат емес, бизнес екенін ескерсек, жастардың бұл қадамы құптауға тұрарлық.

Бизнестегі жастар белсенді ме?

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Сол себепті ел Үкіметі жастар кәсіп­керлігіне ерекше назар аудара бас­тады. Мәселен, Ұлттық статистика бюро­сының ресми мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанда 29 жасқа дейінгі жастардың атына тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 250 509. Оның 90 пайызы, яғни 225 162-сі тұрақты түрде жұмыс істеп тұр.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықовтың айтуынша, кәсіпкер жастардың дені көтерме және бөлшек саудада, автомобильдерді және мотоциклдерді жөндеу саласында шоғырланған – 67 483 субъекті. Мұның 62 634-і немесе 92,8 пайызы нақты жұмыс істеп тұр. Ауыл, орман және балық шаруашылығында 17 133 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Нақты жұмыс істеп тұрғаны – 15 861 немесе 92,6 пайызы. Өңдеу өнеркәсібіндегі жастардың да үлесі әжептәуір – 11 560 (жұмыс істеп тұрғаны – 10 522 немесе 91 пайыз). Сондай-ақ жас кәсіпкерлер көлік және қоймалау (тіркелгені – 10 877, жұмыс істеп тұрғаны – 10 113 немесе 93 пайыз), тұру және тамақтану бойынша қызмет көрсету (тіркелгені – 7 819, жұмыс істеп тұрғаны – 7 163 немесе 91,6 пайыз), құрылыс (тіркелгені – 7 098, жұмыс істеп тұрғаны – 6 653 немесе 93,7 пайыз) салаларында да бақ сынап жүр.

– Қазіргі уақытта Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамытуға әрі қолдауға бағыт­талған 2021-2025 жылдарға арнал­ған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлт­тық жоба іске асырылуда. Оның аясын­да ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге қар­жылық және қаржылық емес қолдау шаралары ұсынылады. Сондай-ақ шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерлер­ге және жалпы кәсіпкерлерге өтеусіз негізде экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік гранттар беріледі, – дейді Т.Жақсылықов.

Бұл ретте кәсіпкерлерге келесідей шарттар қойылған: жаңа жұмыс орындарын құру, грант сомасының кемінде 10 пайызы мөлшерінде жобаны қоса қаржыландырудың болуы және кәсіпкер жобасының жаңашылдығын, тиімділігін, бизнес-жобаны іске асыру үшін қажетті инфрақұрылымның болуын қамтитын өлшемшарттарға сәйкестігі. Ал халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын кәсіпкерлер мен ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі адамдардың жобалары үшін соңғы екі шарт маңызды емес.

– Кәсіпкерлер, оның ішінде жас кәсіп­керлер үшін портфельдік субсидиялауды ұсыну шеңберінде соңғы қарыз алушы үшін 6 пайызбен жеңілдетілген микрокредит беру көзделген. Кредиттің ең жоғары сомасы инвестиция үшін 20 млн теңгені, айналым қаражатын толықтыру үшін 5 млн теңгені құрайды. Бұл ретте 5 млн теңгеге дейінгі кредиттер үшін ке­піл қажет емес. 5 млн теңгеден жоға­ры кредит­тер бойынша жеткілікті кепіл­дікті қам­тамасыз ету болмаған жа­ғдай­да кредит сомасының 85 пайызына дейін­гі мөлшерде кепілдік беріледі, – деді Ұлттық экономика бірінші вице-министрі.

Осы орайда ломбардтардың, микро­қаржы, факторингтік ұйымдардың және лизингтік компаниялардың, сондай-ақ сауда саласындағы кәсіпорындардың (тамақ өнімдерін сатуға рұқсат) қызметін қоспағанда, елді мекендердегі, оның ішінде моно және шағын қалалардағы, ауылдық елді мекендердегі жобалар үшін микрокредиттер салалық шектеулерсіз 5 пайыз мөлшерінде жеңілдікті сыйақы мөлшерлемесімен ұсынылатынын атап өткен жөн. Бұған (қоса, қаржылық емес қолдау іс-шараларының шең­берін­де кәсіпкерлік бастамасы бар жас кә­сіп­керлерге, шағын және орта кәсіп­кер­лік субъектілеріне оффлайн және онлайн режімде өтеусіз негізде ақпа­раттық-консультациялық қызметтер ұсынылады. Жас кәсіпкерлерге толық және сенімді ақпарат алу үшін, сондай-ақ Ұлттық жобаға қатысу мақсатында құжаттарды дайындау және жинау үшін өңірлердегі кәсіпкерлік басқармасына, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына, сондай-ақ кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарына жүгінуге болады.

Жастар кәсіпкерлігін дамытуға үлес қосып отырған жобаның бірі – «Бастау Бизнес». «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырып жатқан бұл жоба кәсіпкерлік қызметке тарту арқылы халықтың экономикалық белсенділігін арттыруды көздейді.

а

«Атамекен» ұсынған ресми дерекке сүйенсек, соңғы бес жылда «Бастау Бизнес» арқылы 184 902 адам оқып шыққан. Соның 78 049-ы немесе 42 па­йызы – NEET санатына жататын, яғни оқы­майтын, жұмыс істемейтін жастар. Қалған санаттардың үлесі келесідей: жұмыссыздар – 122 247 немесе 66 пайыз, өзін өзі жұмыспен қамтығандар – 56 957 немесе 31 пайыз. 2021 жылы жоба аясында 10 495 жас кәсіпкерлік негіздерін меңгерді.

«Бастау Бизнес» аясындағы оқудан кейін 60 261 жоба іске қосылған. Бұл ретте 39 923 адам грант алса, 19 761 адам микрокредит есебінен жобаларын жүзеге асырған. Мұндағы жастардың үлесі 41 пайыз – 24 896 адам. Жобалардың нәтижесінде 70 мыңнан аса жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ бюджетке 1,6 млрд теңге көлемінде салық төленген. Іске асырылған жобалардың 9 120-сы (57 па­йыз) ауыл шаруашылығына, 6 779 жоба (43 пайыз) сервис, сауда және қызмет көрсету саласына тиесілі. Жыл басынан бері 5 745 жас өз жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік алды.

– Былтыр «Бастау Бизнес» жобасын іске асыру оқыту, микроқаржыландыру және жобаларды сүйемелдеуден тұратын бірыңғай экожүйеге шоғырландырыл­ды. Үкіметтің қолдауының нәтижесін­де жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 15 «Атамекен» микроқаржы ұйымы желісі құрылды. Жоба түлек­терін несиелендіруге бюджеттен 22,5 млрд теңге бөлінді. Қазіргі күні өңірлік микроқаржы ұйымдары жалпы сомасы 17,8 млрд теңге болатын 2 724 өтінімді қабылдады. 7 млрд теңгеге 1 207 микрокредит берілді. Осы жылы «Бастау Бизнес» шағын және орта бизнесті дамытуға әрі қолдауға бағытталған 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлік­ті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жұмыс істейтін болады. Бұл ретте негізгі басымдықтарының бірі ретін­де жұмыссыз жастарды және халық­тың әлеуметтік осал топтарын оқыту көз­де­ліп отыр, – дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Райымбек Баталов.

Биыл 30 мың адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланып отыр. Сондай-ақ осы жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жастарға 10 мың грант бөлді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша грант сомасы 400 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылуда. Ұлттық жоба бойынша «Бастау Бизнес» шеңберінде оқудан кейін жеке ісін ашқан адамдардың үлесін 2021 жылы 35 – пайызға, 2022 жылы – 40 пайызға, 2023 жылы – 45 пайызға, 2024 жылы – 50  пайызға, 2025 жылы 60 пайызға дейін ұлғайту жоспарланған.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталы­ғының дерегінше, елдегі қыз-жігіттердің 82,6 пайызының бизнес бастауда тәжі­рибесі жоқ. Тек, 16,8 пайызының ғана тиісті тәжірибесі бар. Алайда олардың тек 6 пайызы ғана бизнесін одан әрі дамыта алады екен. Бұл ретте әрбір үшін­ші адам кәсіпкерлік қызметке қызығушы­лық танытады екен. Әсіресе, сауда (41,9 пайыз), қоғамдық тамақтану (14,2 па­йыз), IT-сала (13,6 пайыз) секілді бағыт­тарға қызығушылық жоғары. Кәсіп­керлік қызметпен айналысу кезіндегі проблемалардың негізгілері – үй-жай­ларды жалдау құнының қымбаттығы, салық аударымдарының жоғарылығы және білікті кадрлардың жетіспеушілігі.

– Мемлекет бизнесті ашуға нақты көмектесетін жастардың санын анықтауы қажет. Сондай-ақ жастар кәсіпкерлігі үшін бірыңғай инфрақұрылым құру маңызды. Ауыл жастары арасындағы кәсіпкерлікті дамытуға назар аударылмай келеді. Бастапқы капиталға, микрокре­дит алудағы шектеуге, қаржылық сауат­қа қатысты мәселелер ауылдықтардың қолын байлап отыр. Сосын өзін өзі ақта­ған «Бастау Бизнес» жобасынан студенттерге арналған бір бағыт ашу керек, – дейді жас кәсіпкер Айбек Таңатбаев.

Finprom.kz-тің есебінше, бизнестен бақ іздеген қыз-жігіттердің негізгі бө­лігі Алматы және Нұр-Сұлтан қала­ларында шоғырланған. Ал жас кәсіп­керлердің үлесі аз өңірлердің үштігі келесідей: Солтүстік Қазақстан, Пав­лодар және Ақмола. Елдегі 17 өңірдің алтауын­дағы жас кәсіпкерлердің басым бөлігін әйелдер құрап отыр. Айталық, Маң­ғыстау облысындағы жастар ашқан жеке кәсіпкерлік субъектілерінің 63,2 пайызы әйелдерге тиесілі. Бұл көрсет­кіш Шығыс Қазақстан облысында 62,3 пайызға тең. Қарағандының көрсеткіші – 51,9 пайыз. Керісінше, әйелдердің үлесі төмен өңірлердің қатарында Солтүстік Қазақстан (39,2 пайыз) мен Түркістан (40,5 пайыз) облыстары бар.