Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Мәселен, шекаралық аудандарға тән проблема екі өңірге де ортақ. Және бұл жағдайдың түп-төркінін бұрнағы кезеңнен бері таратқан жөн. Өйткені тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында алып аймақта бірнеше аудан оңтайланып, жабылған болатын. Атап айтқанда, Жетісу өңіріндегі Қапал, Үйгентас, Қоғалы, Нарынқол сынды шекаралық аудандар бір жылда таратылып, көрші аудандарға қосылған. Араға ұзақ жылдар салып Нарынқол аумағы ғана жеке бөлініп, өз алдына мәртебеге ие болды. Бұл – Қытай елімен арадағы негізгі қақпа сынды тірек аймақ еді. Қазір Райымбек ауданы жаңаша сипатта дамып келеді. Бірақ біздің әңгімемізге арқау болатын басқа аудан, басқа ауыл бұл жолы. Өкінішке қарай, шаруасы шатқаяқтап тұрған шалғай ауылдың тағы бірі де...
«Егеменнің» елдегі өкіліне Жұмағали Тұрсынұлы есімді ақсақал хабарласып, өзінің туып-өскен ауылының аянышты халін айтып, тұрғындардың жанайқайын жоғарыға жеткізуді өтінген еді. Ақсақалдың туған ауылы Ақтөбе – қазір Ақсу ауданына қарайды екен. Оңтайландыру жылдарында жабылып қалған Қапал ауданының ең шеткі нүктесі саналатын шағын ауыл Қытаймен шектесетін аумақта жатыр. 1997 жылы Ақсу ауданына қосылған ауыл бүгінде тозып, жойылуға шақ тұр. Тау арасындағы елді мекенге жол талғамайтын көлікпен ғана жетуге болады. Әрі ортада арынды Ақсу өзені ағып жатыр. Әупіріммен тұрмыс кешіп отырған ауылдың тұрғындарына осы асау өзеннің үстіне салынған көне көпірдің өзі күн сайын қауіп төндіреді екен.
– Алыстағы ауылға апаратын жолдың машақатын сөзбен айтып жеткізу қиын. Тек жол талғамайтын көліктермен, өгіз аяңмен ғана шоқалақтатып жетеміз. Қазір шалғайдағы шекаралық елді мекендегі 21 үйде жүз шақты адам ғана қалды. Қысы-жазы жол қатынасы қиын. Көлік иелері қойдың құнын берсең де, Ақтөбе ауылына барудан ат-тондарын ала қашады. Ал аудан билігі уәде еткен жолдың жыры шешімін таппай келеді. Осы жолды кесіп ағатын Ақсу өзенінің үстіндегі өткелді қияметтің қылкөпірімен ғана салыстыруға болатын шығар. Өткел 1969 жылдан бері жөндеу көрмеген. Тек мүлде жүруге жарамсыз болып қалғанда, жұрт шулағанда реттеп қойған болады. Онда да ауыл тұрғындары өз күштерімен жөндейді. Мамандар бұл көпірді мүлдем сүріп тастап, жаңадан темірбетон материалдармен қайта салу керегін айтқан. Бірақ оған көңіл бөлінбей келеді, – дейді Жұмағали Тұрсынұлы.
Жол қатынасының нашарлығы ауылдағы ауру-сырқауы бар жандарға тіптен қиын болып отыр. Ақтөбе ауылы қарайтын Суықсай округіндегі дәрігерлік амбулаторияның меңгерушісі Роза Есерманованың айтуынша, науқас тұрғындарға қажетті дәрі-дәрмекті жолай қатынаған адамдардан беріп жібереді. Ал ауылда жаңа туған бала мен жас босанған анадан бөлек диспансерлік есепте тұратын да жандар бар көрінеді. Мысалға, ауылдың үш бірдей тұрғыны қан қысымының жоғарылығына байланысты арнайы есепке алынған. Оларға мезгіл сайын медициналық көмек көрсету керек, бірақ үнемі олай бола бермейді.
Тау арасының табиғаты да қатал келетіні бар. Ал ауыл тұрғындары үшін қыста көмір тасымалдау бір азап дейді кейіпкеріміз. Тіпті ауылдағы шағын мектепті жылытудың өзі үлкен мәселеге айналады-мыс. Мәселен, мектебіне қысқы маусымға 10 тонна көмір қажет екен. Осы отынды тасымалдау кезінде ауылға жете алмаған жүк көлігі көмірді ескі көпірдің арғы бетіне төгіп, түсіріп кетуге мәжбүр болады. Ал мектеп ұжымы оны жабылып тасуға кірісетін көрінеді.
Ауылдағы электр желісі мен бағандарының да тозығы жетіпті. Ұзындығы 26 шақырым болатын желінің сымы жиі-жиі үзілсе, атам заманда қойылған ағаш бағандар шіріп, құлаудың аз-ақ алдында тұр. Тұрғындар әуелі жарық қай күні сөнеді деп емес, басымызға баған құлап, үзілген сымнан тоқ ұра ма деп қауіптенеді.
Айтпақшы, ауылдағы шағын мектепте 4 бала ғана оқиды. Жастар да қалмай барады дейді ауыл азаматы. Өйткені ауылда тиянақ қылар, табан тірер өркениеттің нышаны да жоқ. Телефон байланысы нашар, интернет мүлдем тартпайды. Соған қарамастан ауылда өмір бар, тіршілік жалғасуда. Ақсу аданы әкімдігінің мәліметінше, осы Ақтөбе ауылына 2024 жылы жаңадан дәрігерлік қосын салынбақ. Сондай-ақ өңірдегі қуат желісін басқаратын «ТАТЭК» компаниясы барлық электр бағанын ауыстыруға уәде еткен. Ал Ақтөбеге дейінгі ауылдар – Ащыбұлақ пен Суықсай арасындағы 9,6 шақырым жолды жөндеудің жобасы жасалған. Жол жасалса, кезек біз сөз еткен ауылға да жетуге тиіс. Жалпы, Ақтөбе ауылында 198 бас сиыр, 119 жылқы, 600-ден астам қой-ешкі бар. Бірақ төрт түлікке қажет жайылымдық жер жетпейді-мыс. Бұл енді Ақсу ауданына ғана емес, мұқым Жетісу облысының аумағына тән проблема.
Түйіндей айтқанда, мемлекеттік шекара сызығы өтетін аумақтағы ең шалғай ауылдың болашағы қалай болатынын қазір тап басып айту қиын. Ауыл жанашыры Жұмағали Тұрсынұлы көтерілген мәселеден аудан, облыс басшылығы толықтай хабардар екенін, бірақ жағдайды түзеуге жергілікті бюджеттің қауқары жетпейтінін айтады. Яғни ақтөбеліктер бұған Мемлекет басшысының өзі назар аударса дейді. Өйткені шалғайдағы ауылдың шамы сөнсе, шекараның бұл шебі бос қалады деген қауіп бар.
Жетісу облысы