Оқиға • 17 Маусым, 2022

Павлодарда алаяқ заңгер ұсталды

170 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодарлық жедел уәкілдер заң қызметтерін көрсету саласында алаяқтық жасады деген күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Павлодарда алаяқ заңгер ұсталды

33 жастағы павлодарлық танымал сайттарға заң бойынша тегін кеңес беретіні туралы хабарландыру жариялаған. Арам ойын іске асыру  үшін  М.Жүсіп көшесінің бірінен кеңсе жалдаған. Аталмыш жарнаманы көріп, облыс орталығының 62 жастағы тұрғыны құқықтық көмекке жүгінген.

Алдына келген азаматтың сеніміне кіру үшін алаяқ ер адамды мұқият тыңдап, онымен 30 мың теңгеге келісім-шарт жасасады. Әрі қарай, оның мәселесін оң шешіп беруге уәде етіп, жұмысты жеделдету үшін адвокат алу керегін айтқан. Сол үшін тағы 30 мың теңге сұратқан. 

«Адвокатқа беремін деген соманы жәбірленуші таныстарынан қарызға алған. Алайда іс сиырқұймышақтанып, бір жылға созылып кеткен. Әркез өтірік уәдемен тойдырып келген «заңгердің» жұмысына көңілі толмағасын ер адам  құқықтық қорғаушылардың көмегіне жүгінген», деп жазылған Павлодар облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қазіргі уақытта алаяқтың 6 қылмысы анықталған. Айыпталушыға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.