Қайбір жылы корейлік әнші Псайдың «Гангнам стайл» әні мен биі әлемді дүр сілкіндірді. Корей халқы гангнам стильімен киінді, солай тамақтанды, солай жүруге тырысты. Неге дейсіз ғой!? «Оппалап» шапқан өнерпаздың қимыл-әрекеті қоғамға жылдам тарап, бірінен екіншісіне вирустай жұғып, халықтың көңіл күйін лезде желпіндіріп әкетті. Әлеуметтік желі астан-кестен болды. Неге, басқа толып жатқан ырғақты әндер емес, тура сол әуен танымал болды!? Бұл әлемде жоқ «гангнам стилі» қайдан шықты, өзі!? Оның себебі мынада, жалпы «гангнам» сөзі «каннам» сөзінен түрленіп шыққан тіркес екен. Сұлу шаһар Сеулдің дәулетті аудандарының бірі «Каннам-гу» деп аталады. Бар құпия осы жерден басталады. Дамыған һәм өркениетті астанамыздың сол жағалауы секілді сәулетті ғимаратты бойына жиған әсем қаланың тұрғындары сияқты тамаша өмір сүруді кім қаламайды дейсіз!? Байларша киініп, байларша қыдырғанды кім жек көрсін!? Бұл ұйқыда жатқан мимырт корей халқына үлкен мотивация болды. Сол әнге еліктегені соншалық қарапайым халықтың белсенділігі күннен-күнге артқан. Бұл саяси жұмбақ әрекет екенін кім бағамдады дейсіз!? Әсерлі әуеннің сол сәтте әлемді арбап алғаны да содан. Тіпті Азияны аса жақтыра қоймайтын Батыс халқы да екі аяғын асау аттай артқа лақтыра билей жөнелді. Міне, бисіз революция жасаудың қажеті жоқ дегеніміз сол еді. Бұл сөзімізге әйгілі «V – дегеніміз Вендетта» атты антиутопиялық комикс дәлел бола алады. 1980-1990 жылдардағы Ұлыбританиядағы тоталитарлық режімді жою турасындағы кинокартина. Өзін «V» деп атаған тылсым революционердің бетпердесі мен маршы халықты жаңа кеңістікке жетеледі.
Өнерпаз Джесси Ньюберннің бір әдемі сөзі бар. «Қартайғандықтан билеуді тоқтатпайсыз, билеуді тоқтатқандықтан қартаясыз» деген. Шынымен, қозғалысы жоқ ұлт – қартайған ұлт, жасы егде тартқан әлеуметтен әлдене күту бос әурешілік. Кеңес идеологиясының кесірінен қазақтың қатып қалған буының «Қара жорға» биі босатқандай болды. Бірақ ол орысшыл биліктің, батысшыл буынның тамырын қозғай алмады. Өкінішті-ақ!
Ал әйгілі Ламбада биі латынамерикалықтарға сұрапыл сезім сыйлады. Желбірете жейде киген денелі жігіттер мен қысқа көйлекпен мың бұрала билеген арулардың өзара тандемі тамаша үйлесіп, дене нүктелерін дөп басты. Жаныңызды елітер ырғақты әуенді естігенде-ақ аяқ-қолыңыз еркіңізге бағынбайды. Құдды эмоциялар теңізін кешкендей әсерге бөленіп, өмір күнделігіңіздің ең бақытты кейіпкеріне айналасыз. Ламбада пайда болғаннан бері толқындай буырқанып, жаһанды өзінің ырғағымен және ерекше харизмасымен қамтыды. Бұл отты хореографиялық қойылым Бразилиядағы Пара штатында пайда болды. Бидің жанды детальдары Амазонка өзенінің маңында өмір сүрген үндістердің дәстүрлі би қимылдарынан алынған. Оған қоса, бразилиялық танго және форроның элементтері де жоқ емес.
Ламбада әуенінің шығу-тарихы туралы қарама-қайшы қауесет көп. Десе де біз, бір ғана нәрсе белгілі, ол – 1981 жылы Боливиядан келген «LOS KJARKAS» тобы алғаш рет тұсауын кескен. Әннің авторлары – Улисес пен Гонсало Эрмоса. Әйтсе де Гонсалоның композиция Анд тұрғындарының халық әуеніне негізделген нұсқа. Мұңлы, ырғағы тым баяу келеді. Сондықтан 1984 жылы перулік «CUARTETO CONTINENTAL» тобы боливиялық зарды жігерлі ламбада ырғағына алмастырып, дүниежүзілік хитке айналу үшін барлық қырынан ашты. Бірақ бұл нұсқа Солтүстік жарты шардың құлағына толық жетпеді.
Француз продюсері Оливье Ламотта Порту-Сегуро қаласында саяхаттап жүріп, жергілікті карнавалда биді тамашалап, әнді асықпай тыңдап, оны дамытса хитке айналатынын сезеді. Отанына оралған соң продюсер жеке кәсібін дамытпақ ниетте «KAOMA» тобын құрады. Көп ұзамай «Ламбада» әні арқылы Оңтүстік америкалық эмигранттардан құрылған жаңа топ жарық жұлдызға айналады. 1989 жылы мұхиттың екі жағындағы миллиондаған тыңдарман шығарманы радиодан естіді. Өңделген сингл 25 миллион данамен сатылды. Әсіресе Кеңес Одағы жастарының арасында айрықша таралды. Сәл болмағанда «Жыл әні» атануы да мүмкін еді. Аталған би мектептерде оқытылды, әннің мәтіні «Пионерская правда» газетіне жарияланды. Ол ол ма, әйгілі «Ну, погоди!» мультфильміндегі қоян да ламбада биледі.
Жалпы, ламбада бразилиялықтар тілінен аударғанда «шынайы сүйіспеншілік» деген мағына береді, бұл сүйкімді хореографиялық қойылымның табиғатына толығымен сәйкес келеді. Бұрынғы мұңлы мәтіні өзгерген соң, испан тілінде тыңдарманға кеңінен жол тартты. Ғажабы сол, ән былай тұрсын, биді еуропалықтар арнайы түсірілген бейнебаяннан үйренген. Клипте қария биге құмар қаршадай қыздың қылығын жақтырмағанымен, артынан еріксіз биге ілесе кетеді. Осылайша, «Ламбада» синглы Франция, Германия, Швеция және Швейцария хит-парадтарында бірінші орынға ие болды. Оған қоса «Ережесіз би» және «Ламбада» атты қос фильм де түсірілді.
«KAOMA» тобы бір әннің нәтижесінде өнердің ең биік шыңына көтерілді. Ал аңқылдақ француз продюсері авторлық құқыққа аса мән бермегендіктен, айыппұл төледі. Әннің негізгі авторлары сотқа шағым түсіріп, қыруар қаражат өңдіріп алды. Композитор Улисес пен Гонсало туындыларының ұлттық музыкаға айналарын сезбесе де керек, артынан менмендікке салынды. Әннің бейнебаяны эротикалық элементтерге толы болғанымен билік тарапынан ешқандай тосқауыл қойылмады. Экономикасы есеңгіреп тұрған латынамерикалық мемлекеттер халықты осылай қуантуды ойласа керек. Және бұл өз нәтижесін берді де. Ал бұл ән өздеріңізге аян, бүгінде тойшыл қазақтың қуанышына ортақтасып келеді.
Би – тәннің әні, оның азабы һәм қуанышы. Сіз қазақтың қазіргі биіне қараңызшы!? Алқам-салқам, арсын-гүрсін, дүңкіл-шаңқыл. Бұл ұлттың рухани деградацияға ұшырағанын айғақтайды. Бақсаңыз, 1970-1980 жылдардағы жастардың биі өте мәдениетті көрінеді, бір-бірін алыстан аңдып, көңілін көзқарасымен білдіреді. Ал қазір қыз бен жігіт той үстінде тақала билегенде, бір-бірін жеп қоярдай алқынады. Ұлтпен бірге, би де дамиды, өседі, өшеді, жаңғырады. Бұл – даусыз аксиома. Өткенмен бүгінді салыстырғыңыз келсе, қазіргі толқынның биін тамашалаңыз!? Қалай ойлайсыз, қазіргі қазақтың биі қандай!? «Қамажай» мен «Қара жорға» әнін соңғы рет қашан тыңдадыңыз!?