Кепілгер елдер жабық келіссөз жүргізді. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің баспасөз орталығы хабарлағандай, тараптар Сириядағы жағдайды, оның ішінде гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық ахуал, Женевадағы сириялық конституциялық комитет жұмысының жандану перспективалары, тараптар арасындағы сенімді нығайту, кепілге алынғандарды босату және із-түзсіз жоғалғандарды іздеу мәселелерін талқылаған. Келіссөз қорытындысы бойынша Иран, Ресей және Түркия бірлескен мәлімдеме жасады. Онда тараптар Сирия Араб Республикасының егемендігіне, бірлігі мен аумақтық тұтастығына, сондай-ақ БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына өздерінің тұрақты түрде берілгендіктерін қуаттады және бұл принциптер жалпыға бірдей сақталуы және құрметтелуге тиіс екенін атап өтті.
Сонымен қатар кепілгер-елдер Сирияның әртүрлі аймақтарындағы лаңкестік әрекеттің барлық түрін айыптады. «ДАИШ, «Джабхат ан-Нусра» және «Әл-Каида» немесе ДАИШ-пен байланысты барлық тұлғаны, топты, кәсіпорын мен ұйымды және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі осындай деп таныған басқа да лаңкестік топтарды түпкілікті жою мақсатында одан әрі ынтымақтастықтың қажеттігін қуаттады. Идлиб деэскалация аймағында (IDZ) және одан тыс жерлерде бейбіт тұрғындарға қауіп төндіретін, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мойындаған «Хаят Тахрир Аш-Шам» тобының және онымен байланысы бар басқа да террористік ұйымдардың болуы мен лаңкестік әрекеті бізді алаңдатып отыр. Осыған орай біз Идлиб деэскалация аймағындағы жағдайды жіті қарастырып, гуманитарлық жағдайды тұрақты қалыпқа келтіру үшін одан әрі күш салуға келістік. Идлиб бойынша барлық қолданыстағы келісімдерді толық орындау арқылы «жердегі» тыныштықты сақтау қажеттігін атап өттік», деп көрсетті мәлімдемесінде тараптар.
Сондай-ақ кепілгер-елдер халықаралық құқық пен халықаралық гуманитарлық құқыққа, Сирия мен көршілес елдердің егемендігіне қайшы келетін, аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке қауіп төндіретін Израильдің Сирияда жалғасып жатқан әскери шабуылдарын айыптап, оларды тоқтатуға шақырды. Мәлімдемеде Израильдің Сирия аумағындағы агрессияны бүркемелеу ретінде азаматтық ұшақтарды пайдалануы халықаралық ережелерді өрескел бұзу және бейбіт тұрғындардың өміріне қауіп төндіретіні айтылған.
Келіссөздер алдағы уақытта да Қазақстанда жалғасады. «Астана процесінің 19-кездесуі осы жылдың екінші жартысында елордада өтеді», деп мәлімдеді Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әділ Тұрсынов.
Астана процесінің 18-кездесуіне РФ Президентінің Сирия жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев, Түркия делегациясы СІМ Көпжақты департаментінің бас директоры Сельджук Унал, Иран делегациясы СІМ саяси мәселелер жөніндегі аға көмекшісі Али Асгар Хаджи қатысты. Сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі Арнайы өкілі кеңсесінің саяси мәселелер жөніндегі бас қызметкері Роберт Данн, Иордания делегациясы, БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының және Халықаралық Қызыл Крест комитетінің өкілдері бақылаушылар ретінде келді.
Нұр-Сұлтандағы келіссөздердің жүргізілуі халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдау тауып отыр. Өйткені «Астана процесі алғаш рет Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция өкілдерін бір-бірімен бетпе-бет отырғызып, тілдестірді. Бүгінде ел ұйымдастырған іс-шара Сириядағы қақтығыстарды толықтай тоқтатып тастамаса да, келіссөздер арқылы ушыққан жағдайды біршама жеңілдетті», дейді сарапшылар. «Бізге Астана процесінің қай елде, қай жерде өтетіні маңызды емес, мәселен Астана процесінің бірқатар раунды ел аумағында өткен жоқ. Сочи, Анкарада ұйымдастырылды. Бұл жерде бізге маңыздысы ыдырап, керегесі сөгілген Сирияға көмек беру, ондағы қақтығыстарды ауыздықтап, халқына болашақта бейбіт өмір сыйлау жолындағы мәселелерді шешуге түрткі болу», деді Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкінбаев.