Әлем • 19 Маусым, 2022

Босқындарды Африка асырып жатыр

402 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ұлыбритания елге пана іздеп келген босқындарды Руандаға жөнелтіп жатыр. Ал заңсыз мигранттардың бұған көнбеске еш амалы жоқ. Неліктен Корольдік оларды Африкаға жіберіп жатыр? Бұл шешім заңды ма?

Босқындарды Африка асырып жатыр

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Ұлыбританияға заң­сыз кірген кез келген адамды осы жылдан бастап Руандаға жіберетінін мәлімдеген еді. «Руандаға жібері­ле­тін адамдардың санында шектеу жоқ, елге заңсыз кіргеннің барлығын жөнелтеміз», деді ол. Алайда бос­қындардың мүддесін қорғайтын қайырым­дылық ұйымдары мен адво­кат­тар елдің бұл саясатына қар­сы шығып, сотқа шағым түсірді. Олар Руанданың қауіпсіз жер екеніне кү­мән келтіреді және бұл әрекет Адам құ­қық­тары жөніндегі Еуропалық конвенция келісімін бұзады деп санайды.

Өткен аптада Ұлыбритания­дан Руандаға 37 мигрантты апаруға тиіс рейс ұшуға бірнеше минут қал­ғанда тоқтатылды. Заңсыз мигрант­тарды ұшар алдында құқық қор­ғау қызметкерлері жіті тексеріп, «жо­­лаушылардың» ішінде болған К.Н. деген атпен белгілі ирак азаматы Руандаға жіберілсе, «қауіп-қа­терге» тап болуы мүмкін деген ше­шіммен, барлық жолаушыларды рейс­тен шығарды. Нәтижесінде, бұл іс сотқа жіберілді. Дегенмен бұл оқиға босқындарды Африкаға жіберуге тосқауыл болмайды. Ұлыбрита­­ния үкіметі африкалық елге тағы бір рейс ұйымдастырып жатқанын айтты. Ішкі істер министрі Прити Пател «келесі рейске дайындық басталды», деп мәлімдеді. Ал босқындар­ды қолдаушылар «Жоғары сот шілде айында бұл саясаттың «мақсатына» бағытталған сот сараптамасын жүр­гізуі керек. Егер сот мұны заңсыз деп тапса, Руандаға жіберілген кез келген мигрант кері қайтарылуы мүм­кін» деді. Сарапшылар болса, елдің көзқарасын білмек ниетпен, сауалнама жүргізді. BBC жариялаған сауал­дама нәтижесі 2 463 респонденттің 44%-ы Ұлыбританияның босқын­дар­ға қарсы саясатын қолдағанын, ал 40 пайызы қарсы болғанын көрсетті.

Босқындарды паналату «қып-қызыл» шығын

Ұлыбритания үкіметі заңсыз мигранттарды баспанамен қамтуға жылына 1,5 миллиард фунт стерлинг, ал күніне 4,7 миллион фунт стерлинг жұмсалатынын айтады. Оның үстіне үйсіз мигранттарды қонақ үйлерге орналастыру айтарлықтай шығын. Сарапшылардың айтуын­ша, Ішкі істер министрлігінің өті­ніштерді қарап, шешім шығаруы ұзақ уақыт алады, сондықтан билік пана сұрап келгендерді уақытша тұр­ғын жерлермен қамтуға мәжбүр. Ал «оларға жұмсалатын күнделікті шығындар айтарлықтай жоғары», деп сарапшылардың бірқатары би­лікті қолдап отыр. Бұған қоса, бос­қындардың құқықтық мәселесі түбе­гейлі шешілмей, үкімет оларды жұмысқа орналастыра алмайды. Сон­дықтан оларды «асырауға» тура келеді. Мәселен, өткен жылы Талибан шабуылы кезінде Ұлыбритания мың­даған ауғандықтарды құтқарып, олар­ды елдеріне паналатудан басқа амалы болмады, қонақүйлерге орналас­тыр­ды, шығын көлемі одан сайын арт­қанын айтып, бұдан кейін билік бір шешім шығаратынын мәлімдеген еді.

Ұлыбритания Парламентінің мү­шесі Том Пурсглов «Руандаға төлей­тін ақшамыз да дәл елдегі шығын кө­ле­міндей, алайда мигранттардың сол елге тұрақтау мүмкіндігін ескерсек, біраз қаржы үнемдейміз», деді. «Билік өткен аптадағы рейстің бағасын айтудан бас тартты», дейді сарап­шылар. Алайда деректерге сүйенсек, 2020 жылы мигранттарды чартерлік рейспен Ұлыбританиядан шығару бір адамға 13 000 фунт стерлингтен жұмсалған.

Руандадағы босқындар жағдайы қандай?

Руанда билігінің хабарлауына қарағанда, олар Руанда астанасы Кигали маңындағы қарапайым жатақха­наларды британдық мигранттарды қабылдауға бейімдеген. Руанда үкіметі 1000 босқынды қабылдау­ға дайын екенін айтады, бірақ «жа­тақханада одан да көп орын бар», дейді. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның босқындар ісі жөніндегі агенттігі елдің Ұлыбританиядан келгендерге толықтай жағдай жасай алмайды деп алаңдап отыр, өйткені «Руандада мигранттар мәселесімен айналысатын заңгерлер, сот қызметкерлері және аудармашылар тым аз», дейді агент­тік өкілдері. Дегенмен Үкімет өкілі Йоланда Маколо: «Біз Руанданың қонақжай жер болғанын қалаймыз және мигранттарға қамқорлық жасалып, олардың тұрақты қоныстануына барлық жағдай жасалу қажет», дейді.

Руандада қазірдің өзінде басқа Африка елдерінен, соның ішінде көр­шілес Бурунди мен Конго Демо­кратиялық Республикасынан 150 мың­ға жуық босқын тұрып жатыр. Мұнда Ливия арқылы Жерорта теңізімен Еуропаға өтуге тырысқан миг­ранттар да бар. Босқындар бір­қатары ауылшаруашылық секторында жұмысшы және үй күтушілері бо­лып жұмыс істейді. Босқындар Үкіметтен айына шамамен 35 фунт стерлинг көлеміндегі жәрдемақы алады.

Неліктен Руанда өзге елдерден келген босқындарға құшақ ашып отыр? Өйткені елде 1994 жылдан бері жалғасқан геноцид «соғысында» 800 мың адам қаза тауып, ел қаңырап қалған. Содан бері демография өспей, мигранттардың санының есебінен дамуды көздеп отыр. Қазір елдегі 13 миллион адамның 70 пайызы фермерлер, алайда жергілікті билік олардың өнімдері өз отбасынан ауыспайтынын айтады.

Босқындарды Руандаға жіберу шешімін Ұлыбритания үкіметі ал­ғаш рет 14 сәуірде жариялады. Ста­тис­тикалық мәліметтер бойынша, Ұлыбританияға 18 сәуір мен 5 мау­сым аралығында 3 599 пана іздеу­ші шағын қайықтармен келген. Бұл 2021 жылдың сәуір-маусым айлары аралығында келген 4 554 адам­нан аз болса да, сарапшылар «сәуірден маусымға дейінгі барлық кезеңдегі деректер қолжетімді бол­ған кезде олардың саны артуы мүм­кін», деп болжап отыр. 2021 жылы барлығы 28 526 адам шағын қайық­тармен Ұлыбритания шекарасын кесіп өткен. Шекара әскерлерінің кәсіподақ ұйымы өкілдерінің айтуын­ша, биылғы жалпы көрсеткіші өткен жылдармен салыстырғанда әлде­қай­да жоғары болмақ. 2021 жылы келгендердің 75%-ын 18 бен 39 жас аралығындағы ер адамдар құраған. 5%-ға жуығы 40 жастан асқан ерлер, 7%-ы 18 жастан асқан әйелдер, 12%-ы­ 18 жасқа дейінгі балалар (олар­дың төрттен үш бөлігі ерлер) болған. ­Бұ­ған дейін келгендердің басым көп­шілі­гін ирандықтар құраған, 2018 жы­лы 80% және 2019 жылы 66%. Ал «соңғы кездері шекарадан өтетін­дер түрлі ұлт өкілдерін құрап отыр», дей­ді Шекара әскерлерінің кәсіп­одақ ­ұйы­­мы өкілдері. Ішкі істер ми­нистрлігі­­нің мәліметінше, өткен жы­лы ша­ғын қайықпен келгендердің 30%-ы Иран, 21%-ы Ирак, 11%-ы Эрит­­рея және 9%-ы Сирия азаматтары.

Украиндықтардың тағдыры не болмақ?

Independent басылымы жария­лағандай, Украинадан Ирландия арқылы Ұлыбританияға келетін құжаттары жоқ адамдар Руандаға депортациялануы мүмкін. Ұлы­бри­танияның ішкі істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығармайды. Ал жақында Ирландия қақтығыстардан қашқан босқындарға қойылған шектеулерді алып тастады. Ұлы­британия болса олардың мұндай «ізгі ниетіне» риза болмады, өйт­кені бұл елде қылмыстық құқық бұзу­шылықтар көрсеткішін артты­руы әбден мүмкін деп санайды билік. Сарапшылар «Руандаға кет­кен босқындар болашақта Ұлы­британиядан баспана алу құқығынан автоматты түрде айырылады, өйткені олардың өміріне енді қауіп төнбейді», дейді.

Ұлыбритания украиндарға қол­дан келген көмекті көрсететінін бұған дейін бірнеше рет айтқан. Сондай-ақ Пурсглов парламенттік тыңдау кезінде украиндық босқын­дарға көмектесетін арнайы бағдар­ламалардың бар екенін еске салып, «украиндықтардың Ұлыбританияға жетуі үшін шағын қайыққа мініп, бопсалаушыларға ақша төлеуіне ешқандай себеп жоқ» деп атап өтті. «Адамдар қолжетімді қауіпсіз және заңды жолдарды пайдалануы керек. Біз әрбір жағдайды жеке-жеке қарастырамыз, бірақ адамдар Украинадан келетін болса, қауіпсіз және заңды жолдарды пайдалануы керек», деді министр. Осылайша, Ұлыбритания үкіметі елге келген украин­дықтардың тағдыры қалай бола­тынын нақты айтпай отыр. Дау­нинг-стриттің хабарлауынша, үкімет құрған схеманың алғашқы бірнеше жылында мыңдаған заңсыз мигранттар Африкаға қоныстанады деді.

Алайда сарапшылар «заңсыз иммигранттар» қалай есептеледі деген сұраққа британдық шенеуніктер жа­уап бере алмай отыр», дейді. Мыса­лы, Ұлыбритания депутаты Том Пурс­глов шешімдер нақты жағдайлар­ға байланысты болатынын айтады. Ал саясаттанушы Юрий Кот «Абзац» ақпараттық порталына берген сұх­батында: «Британдықтар неліктен Руан­да халқы мен Украина халқының тағ­дырын шешеді, халық олардан сұрады ма?! Бұл тікелей фашизм әре­кеті, нәсілдік артықшылықпен бас­қалар үшін шешім қабылдап, адам­дарды бөліп отыр. Екінші дүние­жүзілік соғыс кезінде фашистер жас­тарымызды тұтқынға айдаған жоқ па? Ұлыбританияның бұл әрекетін сол кездегі жағдайға ұқсатып отырмын», деді.