Наурыздың басында Антарктикалық метеостансаларда бұған дейін кездеспеген ауа райы көрсеткіші тіркелген еді. Ғалымдар бастапқыда аппараттар істен шыққан шығар деп топшылаған. Әдетте оңтүстік полюсте болатын қысқа жаз аяқталған тұста өңір салқындай түсуге тиіс еді. Бірақ географиялық оңтүстік полюстен шамамен мың шақырым қашықта орналасқан «Восток» стансасында -17 градус тіркелді. Негізі наурыз айында бұл маңда ауа температурасы -53 градус деңгейінде болатын. Сөйтіп, «Востоктағы» күн райы күрт жылыды.
Суық саналатын Терра Нова (Антарктида) айлағында да температура жылып, плюске дейін жетті. Солтүстік полюсте де осындай әдеттен тыс температура тіркелді. Арктикада қыс бойы қатқан мұз баяу еруге тиіс еді. Сондықтан жылдың бұл мезгіліндегі мұндай көрсеткіш ғалымдарды таңғалдырып отыр. Зерттеушілердің есептеуіне сүйенсек, өңірде температура орташа көрсеткіштен 3 градусқа асып түскен. Осы орайда, ғалымдар дабыл көтеріп отыр. Олардың айтуынша, полюстердегі ауа райының күрт ысуы климаттық апаттан хабар береді.
Расында, биылғы жаз әлем халқы үшін аптап ыстық болып тұр. Мәселен, Пәкістан мен Үндістанда наурыз айында ауа райы күрт ысып, деректер тіркеле бастаған 122 жылда кездеспеген деңгейге жетті. Бұдан қала берді, Азияның оңтүстігіндегі басқа елдерде де аптап ыстық жалғасты. Мұхиттың арғы бетінде де жағдай мәз емес. АҚШ-та жаз аптаптың алқымнан алуымен басталды. Соның салдарынан 120 миллионға жуық америкалық зардап шеккен көрінеді. Яғни бірі басынан күн өтіп ауырса, енді бірі ми қайнатар далада ішетін су таппай сенделген.
Еуропа да аптап ыстықтан қиыншылыққа душар болды. Испанияда температура 40 градусқа дейін жетті. Франция да күн райының күрт өзгеруінен зиян шегіп отыр. Өткен ғасырда аталған екі елде де мұндай рекордтық температура тіркелмеген екен. Жауыны тыйылмайтын Ұлыбританияда да термометрлер ең жоғары көрсеткішке жетті. Мәселен, Лондондағы Хитроу әуежайында 32,7 градус тіркелген. Бұрын-соңды «Тұманды Альбион» мұндай ыстыққа куә болмапты.
Ғалымдар бұл рекордтық температураның табиғи құбылыс емес екенін дәлелдеді. Өткен айда жарияланған зерттеуде оңтүстік Азиядағы аптап ыстық толқынға адамзаттың климатқа бейжай қарауы әсер еткенін көрсетті. Сондықтан ғалымдар да, денсаулық сақтау мамандары да дабыл көтеріп отыр. Өйткені ыстық ауа райы адам денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Аптап денемізге тікелей қысым жасап, жанама түрде егінге зиян келтіреді. Далаларда өрттің өршуін тудырады. Тіпті жолдар мен ғимараттар секілді адамзаттың қолөнеріне де әсер етеді. Сарапшылардың сөзіне сенсек, ыстықтан кедей адамдар көп зардап шегеді. Себебі олар далада, зауыттарда еңбек етеді. Баспанасының жоқтығы, бола қалған күннің өзінде салқындатқышқа қол жеткізе алмауы да үлкен кедергі.
Күн райының мұншалықты күрт құбылуына климаттың өзгеруі әсер етіп отыр. Жыл сайын шартараптың түкпір-түкпірінде ауаға миллиондаған тонна парникті газдар шығарылады. Өз кезегінде мұндай зиянды қалдықтар күн сәулесінің атмосферада сақталып қалуына жол ашады. Осылайша, жаһандық температура біртіндеп ысына бастайды.
Дүниежүзілік банктің мәліметінше, 2050 жылы босқындар қатары 216 миллион адамға артуы мүмкін екенін алға тартады. Басты себеп – климаттың өзгеруінен туындайтын қиындықтар. Орман өрті, су тасқыны, дауыл мен қуаңшылық кесірінен туған жерін тастап, өмір сүруге қолайлы орта іздеуге мәжбүр адамдар саны артпақ.
Соңғы 35 жылда жер-жаһан күрт жылынған. НАСА-ның мәліметіне сүйенсек, XIX ғасырмен салыстырғанда Жердегі орташа температура 1 градусқа көтерілген. Мәселен, 2010 жылдан бері әлем бес рет рекордтық деңгейде ысыған.