Қоғам • 19 Маусым, 2022

Жекеменшік балабақшаларды лицензиялау көлеңкелі бизнесті «гүлдендіріп» жібермей ме?

1031 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығы Оқу-ағарту министрлігінің мектепке дейінгі ұйымдардың қызметіне лицензия енгізу туралы ұсынысымен келіспейді. Бұл туралы Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен брифингте айтылды.

Жекеменшік балабақшаларды лицензиялау көлеңкелі бизнесті «гүлдендіріп» жібермей ме?

Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының құрылтайшысы, «INTELLECity» ЖШС жекеменшік балабақшасының директоры Маржан Ахмеджанова жиынды: «Лицензия – бұл белгілі бір қызметпен айналысуға рұқсат алу, іс жүзінде нарыққа кіру. Бірақ балабақшалардың көпшілігі нарыққа кірген. Онда лицензия не үшін қажет? Балабақша жұмыс істеу үшін қауіпсіздік және санитарлық нор­малары бойынша тексеруден өте­ді. Министрлік балабақшалардың бір бөлігін лицензиялау арқылы алып тастағысы келеді. Мемлекет балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту бойынша қазіргі деңгейді сақтауға дайын ба?» деген сұрақтан бастады.

Осы салада жұмыс істейтін кәсіп­керлердің уәжіне сенсек, лицензия­лау енгізілген жағдайда бірқатар жеке­меншік балабақша жабылуы мүм­кін. Демек Қазақстанда мектеп­ке дейінгі білім берумен қамту дең­гейі айтарлықтай төмендейді. Кәсіп­керлердің 2010 жылдан бері 280 млрд теңгеден аса салған инвестициялары жоғалады. Елеулі әлеуметтік қауіп-қатер орын алуы ықтимал.

Кәсіпкерлер мектепке дейінгі қыз­меттердің сапасын қамтамасыз ету тетіктері қажет екенімен келіседі. Алайда сапаны лицензиялауды қай­та енгізу арқылы көтеру нәтиже бер­мейді, дейді сектор өкілдері.

Ал Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының Алматы қа­ла­сы бойынша филиал директоры Любовь Айтхожина: «2008-2009 жылдары елдегі барлық балабақшаның жар­тысына жуығы, яғни 47%-ы заң бұзушылықтарға жол беріп, «көлең­келі» жұмыс істеді деп нақты айта аламыз. 2013-2014 жылдары лицен­зиялау алынып, мемлекеттік білім беру тапсырысын орындау бағдарламасы қабылданғаннан кейін бұл көрсеткіш 13%-ға дейін төмендеді. Сондықтан лицензиялау енгізілсе, керісінше, «көлеңкеде» жұмыс істейтін балабақ­шалардың саны күрт өсетініне сенім­діміз», дейді.

Қазіргі кезде Қазақстанның үздік­сіз білім беру қауымдастығы 2 817 балабақшаның мүддесіне өкіл­дік ете­ді. Бұл көрсеткіш жұмыс істеп тұрған барлық жекеменшік балабақ­шаның ­
(4 973 бірлік) 43%-ын құрайды.

Қауымдастықтың мәліметінше, жекеменшік балабақшалардың үлесі мемлекеттік балабақшаларға қарағанда әлі де аз. Жеке балабақшалар негізінен оңтүстік өңірлерде және республикалық маңызы бар қалаларда: Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қала­ларында шоғырланған. Олардың басым бөлігі мемлекеттік білім беру тапсырысын орындайды, өйткені мем­лекеттің қаржылай көмегінсіз бизнестің бұл түрі тиімсіз.

«Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім беру сапасын арт­тыру мамандарға тікелей байланысты екенін ескермейді. Ал біздің әлеует қандай? Балабақшада көпте­ген объективті себепке байланысты кәсі­би деңгейі жеткіліксіз, еңбекақысы төмен, несиесі бастан асатын, тұр­ғын үй проблемасы бар тәрбиеші­лер жұмыс істейді. Жастар педагог ма­­мандығын таңдамайды. Мемле­кет тарапынан тәрбиешілерге қолдау жоқ», деп мәлімдеді қауымдастықтың Алматы облысы бойынша филиал директоры Алмагүл Батырханова.

Осы жиынға арнайы келген Алма­ты қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов мәселенің маңыздылығын жоққа шы­ғармайды.

«Алматы қаласының кәсіп­кер­лер па­латасы жекеменшік бала­бақ­ша­лар­дың көзқарасын қолдайды. Мек­тепке дейінгі білім беру саласын­да көпте­ген шешілмеген мәселе­лер жеткілікті. Оларды репрессивті әдіс­­термен емес, жағдайды сараптау арқылы шешу қажет. Нарық­тың пікі­рін ескере отырып, осы са­ланың сапалы дамуы үшін үйлесімді ше­шімдерді қабылдау ке­рек», деп атап өтті Палата директоры.

Айта кету керек, балабақшаларда тәрбиешілердің бүлдіршіндерді ұрып-соғуы сияқты оқиғалар аз емес. Қыз­мет көрсету сапасына да сын айты­лып жатады. Осыған орай, тиісті ведомство лицензиялау арқылы осы сала­да қадағалауды күшейтпек. Бірақ минис­трлік бұл өзгерістің бүгін-ертең енгізіл­мейтінін, әлі де жеткілікті тал­қыланатынын айтып отыр.

 

АЛМАТЫ