Үкімет • 20 Маусым, 2022

Су ресурстарының күрделі мәселелері көп

885 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Мәжілісте «Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары» тақырыбында Парламенттік тыңдау өтті. Тыңдау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Су ресурстарының күрделі мәселелері көп

Отырыс Парламент Мәжі­лісі Төр­ағасының Орын­ба­сары Балаим Кесе­баеваның төр­ағалығы­мен, Мәжі­ліс­тің Экология мәсе­лелері және таби­ғат пайдалану, Эконо­ми­калық реформа және өңірлік даму мен Аграрлық мәселелер коми­теттерінің ұйым­дастыруымен өтті.

Парламенттік тыңдауға Мә­жіліс пен Сенат депутаттары, ор­талық мем­лекеттік және жер­гі­лік­ті атқарушы ор­­ган­дардың бас­шылары, су саласы­ның ға­лым­дары мен мамандары, шет­елдік және отандық сарапшылар, Пар­ламентаризм институтының, сон­дай-ақ «Атамекен» ҰКП мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынның кіріспе сөзін сөй­леген Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бұл тақырыпта арнайы тыңдау өткізудің мәні ерекше екенін айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің су ресурс­­­тарын пайдалану тиімді­лігін арттыру және қорғау – мем­лекеттің басым міндеті еке­нін бірнеше рет атап өтті. Ха­лық­аралық сарапшылардың айтуынша, 2040 жылға қарай Қазақстанда су тұтыну 46 па­йызға артады. Ал су ресурс­тары­­ның тапшылығы жылына 12 текше кило­метрге жетуі мүмкін. Бұған әсер етуші фактор­лар жетерлік. Халық санының өсуі, экономикалық дамудағы ерекшеліктер мен басқа да себептер ықпал етіп отыр», деді Е.Қошанов.

Спикер өз сөзінде өнеркәсіп пен тұрмыс­тық секторда су тұтыну жыл сайын артып келе жатқанына екпін берді. Мәселен, ауыл шаруашылығы – суды ең көп тұтынатын сала. Осы мә­селеге назар аударған Мәжіліс Төр­­ағасы мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылданып жатқанын да жеткізді.

«Бірақ су ресурстарының күр­делі мәселелері әлі де бар. Со­лардың кейбі­реуіне тоқталып өтсем. Біріншіден, Мем­лекет басшысы былтырғы Жол­дауында бес жылда қалалар мен ауылдарды 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін жүктеді. Бірақ әлі 1 543 ауыл немесе 544 мың адам таза сумен қамтамасыз етілмеген. Демек бұл бағыттағы жұмысты әлі де күшейту қажет. Кейбір облыстарда бұл бағытта тиісті жұмыстарды атқару керек.

Ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы суармалы жерлер негізгі су тұтынушы болып саналады. Қазақстан 2030 жыл­ға дейін суармалы жердің көле­мін 3 млн гектарға дейін жет­кізуі керек. Алай­да суармалы егін­шіліктің одан әрі дамуы­на ирригация жүйелерінің тозуы кедергі келтіріп отыр. Еліміз­де гидротехникалық құрылғылар­дың 90 пайызының техникалық жағ­дайы төмен. Сол себепті тұтынушыға тасымалдау кезін­де су шығыны едәуір артты. Сондықтан гидротехникалық құрылғыларды жаңғырту керек. Былтыр 248 мың гектар алқап су үнемдейтін технологиямен жабдықталған. Бұл жеткі­ліксіз көрсеткіш. Бұдан басқа, дамыған елдердегідей су тұтыну мәде­ниетін қалыптастыру қажет», деді Е.Қошанов.

Сондай-ақ Е.Қошанов көр­ші елдермен тиімді су дипло­матиясын жолға қоюдың ма­ңызына тоқталды. Қазақстан аумағының сумен қамтамасыз етілуі өзен ағысы бойынша жоғары орналасқан көрші мемлекеттердің су саясатына байланысты.

«Сондықтан трансшекаралық нысандарды бірлесіп пайда­лануға, мемлекетаралық су қа­ты­настарын жетілдіруге эко­логиялық қана емес, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі ретінде қараған жөн. Көрші елдермен өзара тиімді ынтымақтас­тық орнату Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі фактор болуға тиіс.

Қазіргі кезде су ағындары мен су айдындарының режімін зерделеу үшін небәрі 310 гид­ро­л­огиялық бекет жұмыс іс­тей­ді. Жалпы, мұндай бекет­тер 800-ден асуы қажет. То­лық­қанды мемлекеттік су кадастры жоқ деуге болады. Осының бәрі су ресурстарының сандық және сапалық жай-күйіне мониторинг жүргізуді, экономика салаларының сумен қамтамасыз етілуі бойынша нақты теңгерімнің болуын қиындатады», деді Мәжіліс төрағасы

Сонымен қатар ол су пайдалану саласын­дағы ведомствоара­лық үйлестіру мәселе­сіне тоқ­тал­ды. Өйткені су шаруашы­лы­ғы инфрақұрылымы әр­түрлі мемлекеттік органның қа­рауын­да. Бұл су ресурстарына қа­тыс­ты тиімді саясат жүргізуді қиындатады. Мәселен, сумен жабдықтау көздері (жерас­ты, жерүсті) мен топтық су­тарт­­­қыштарға Экология, геология және таби­ғи ресурстар ми­нистрлігі жауап бере­ді. Елді мекендерді сумен жаб­дық­­тауды дамытуға Индустрия және инф­рақұры­лымдық даму министр­лігі жауапты. Жос­парлау, салу және одан әрі пайдалану жер­гілікті атқарушы органдардың құзырында.

«Аудандар мен ауылдық округ­тердің әкімдіктері ара­сындағы басқарудың жүйесіздігі бірыңғай техникалық, кадрлық, тарифтік саясаттың болмауына алып келеді. Еліміздің су саласын дамыту үшін бірнеше ұсынысым бар. Біріншіден, жақын арада Парламент Мәжілісіне жаңа Су кодексін енгізу керек. Мендегі ақпарат бойынша бұл Су кодексі министрлікте әзірленіп жатыр. Бұл құжатты біздің қарауымыз­ға тез арада енгізу маңызды. Ең басты­сы, кодекс су ресурстарын сақтауға және олар­ды тиімді пайдалануға бағытталуға тиіс.

Елді мекендерде сумен жаб­дықтау, су бұру жүйелерін пайдалану, жобалау, салу және реконструкциялау жөніндегі Бірыңғай оператор құру керек. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру аясында бюджет шы­ғыс­тарын жос­парлау кезінде қаражатты сумен қамтамасыз ету көрсеткіштері республикалық деңгейден төмен өңірлерге бөлген жөн», деді Е.Қошанов.

Отырыста су қауіпсіздігін қамта­масыз ету мен ресурстарын пайдалану, қабылданып жатқан шаралар мен Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша өзекті мәселелер талқыланды.

Парламенттік тыңдауда Премьер-Ми­нистрінің орынбасары Ералы Тоғ­жанов су ресурстарын дамытудың келе­шегі туралы баяндама жасап, жаңа Су кодексінде қандай негіз­гі бағыттар редакцияға ұшырай­тынын айтты.

«Қазақстан Үкіметінің алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі – су сала­сы­ның жай-күйі мен даму перспективалары. Бүгінде су ресурстары экономикалық даму­дың, әлеуметтік әл-ауқаттың және әлем­дегі тұрақтылықты қолдаудың негізгі фак­торына айнал­ды. Су тапшылығының өсуі, климат­тық өзгерістер, шаруа­шылық қызмет­тің қар­­қын­дауы елдегі әлеуметтік-эконо­­ми­калық проблемалар мен шиеле­ністер­ге себеп болуы мүмкін екені өздеріңізге белгілі.

Су шаруашылығы саласын­дағы проблемаларды шешу бір­қатар гидро­логиялық тәуе­кел­дің болуы­мен күрделеніп отыр. Оларды іске асыру бүкіл ел ауқымындағы қауіп­сіздік­ке қатер төндіруі әбден мүмкін. Бірін­шіден, климаттың өзгеруі. Бол­жам­­дық бағалаулар бойынша 2035 жыл­ға қарай жер бетіндегі ауа темпе­рату­­ра­сы­ның ұзақ көтерілуі күтілуде. Екін­­ші­ден, трансшекаралық ағын су көлемі­нің бола­шақта қысқаруы Қазақ­стан эконо­мика­сының дамуы­на және экожүйелерінің жай-күйіне қолай­сыз әсер етері айтпаса да түсінік­ті. Үшін­шіден, су ресурстарын тиімсіз пайдалану. Жыл сайын ауыл шаруа­шы­лығында су өнімділігінің төмендеуі өздеріңізге белгілі», деді Е.Тоғжанов.

Осы орайда Премьер-Ми­нистр­дің орынбасары мұндай тәуекелдерді барынша азайтудың басты факторларын атап өтті. Мәселен, «жасыл» техн­оло­гиялар және ресурстар­ды тиім­ді басқаруды енгізу қажет. Со­ның ішінде қолда бар инфра­құ­рылымды жаңғырту және жаңа инф­ра­құрылымды дамыту, қоршаған ортаға әсер ету дәрежесін қысқарту арқылы тиімді шараларды қолдану кезек күттірмейтін мәселе.

«Мемлекет басшысы 2021 жыл­ғы 1 қыр­­күйектегі Жол­дауында су үнем­деуді қолға алуды, сондай-ақ қалалар мен ауыл­дарды таза ауыз сумен то­лық­тай қамта­масыз ету қажеттігін атап өтті. Бұл міндеттер басым­дық ретінде белгіленді. Қазақ­станның 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына сәйкес су шаруашылығын дамытуды жақсарту, ирригациялық, су тарту құрылыстары мен дренаждық жүйелерді қалпына келтіру, жаңа су шаруашылығы объектілерін салу, топтық су құбырларын реконструкциялау және суды үнемдеу бойынша шаралар қабылдау қажет. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында жаңа су қоймаларын салу, каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды реконструкция­лау көзделген. Сондай-ақ суару каналдарының жұмысын цифр­лы басқаруды енгізу бойын­ша жұмыстар жүргізіледі», деді Е.Тоғжанов.

Баяндамашы агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұлттық жобасында мемле­кет­тік қолдау есебінен су үнемдеу техно­логия­лары қолданылатын суармалы жер­лер­дің аумағын 450 мың гектарға дейін ұл­ғайту көзделгеніне назар аударды. Суды үнемдейтін суару технология­ларын қолдану суды үнемдеуге ғана емес, сонымен қатар жоғары өнім алуға мүмкін­дік беретіні белгілі. Е.Тоғжановтың келтір­ген дерек­теріне сүйенсек, «Ауыз су», «Ақ бұ­лақ», «Өңірлерді дамытудың 2020 жыл­ға дейін­гі бағдарламасы» және «Нұр­лы жер» мем­лекеттік және салалық бағдар­­лама­ларын іске асыру нәтижесінде халықт­ың 96 па­йы­зы сумен жабдықтау қызметімен қамтылған.

«Ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау желілерін салу мен реконструкциялауды жал­ғастыру «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жоба­сында көзделген. Нәтиже­сін­де, тұрғындар 2025 жылға қарай сумен жабдықтау қызмет­терімен 100 пайыз қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ Қазақстанның 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында жеке тұлғалардың, аграршылар және кәсіп­орын­дардың суды тиімді пайдалануына түрткі болатын жүйелі нормаларды енгізу мақсатында су заңнамасын өзектендіру, кәсіпорындар мен тұрғын үй-коммуналдық саласында суды пайдалану мен тазартудың тұйық циклын ынталандыру қажеттігі атап өтілді», деді Е.Тоғжанов.

Сонымен қатар отырыс барысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов және Мәжіліс депутаты, тыңдауды дайындау жөніндегі арнаулы уақытша комиссияның жетекшісі Еділ Жаңбыршин сөз сөйледі.

«Парламенттік тыңдауларға да­йындық кезінде, біз, өңірлердің және экономика секторларының болашақта даму тенденциясы ескерілген, кешенді ғылыми-зерттеулердің негізінде жасақ­талған, су ресурстарына қатыс­ты стра­тегиялық жоспарды көре алмадық. Бо­лашақта су қоры­мыздың потенциалы қалай өзгереді және суға деген сұ­раныстың деңгейі қандай болмақ? Жүйелі түрде талданған болжамдар бар ма? Алдағы он жылдықта елімізді сумен қамтамасыз ету қалай іске аспақ? Сұрақ көп», деді Е.Жаңбыршин.

Депутат су Тұжырымда­масының горизонтын 2025 жылға дейін емес, 2030 жылға дейін ұзартуды ұсынды. Бұл құжатты дайындауға және талқылауға арнайы ғылыми-зерттеу институттары мен мамандарды кеңінен тартуға шақырды.

«Су саласының бағыттарын басқару мен реттеу үш ми­нистрлікке бөлініп берілген, тіпті трансшекаралық су ресурстарымен Сыртқы істер министрлігі де айналысып кетеді. Бақташы көп, нәтиже мардымсыз. Көрші мемлекеттерді алып қарасақ, оларда су шаруашылығы­мен тиісті министрлік немесе агенттік айналысып отыр. Бұл мәселенің актуалды екенін Мәжіліс төрағасы Ерлан Жақан­ұлы атап өтті. Сондықтан су саласына жауапты және Қазақ­стан Республикасы атынан ха­лықаралық деңгейде келіссөздер жүргізетін тиісті министрлік құрудың уақыты келген сияқты», деді Е.Жаңбыршин.

Депутат баяндамасында жер­асты су қорларына назар аударды. Мемлекеттік баланста 4 324 су кен орындары бар. Халық тұ­тынып отырған ауыз судың 48%-ы осы ресурс­тар­ға тиесілі. Алайда қоры анықталған жер­асты сулары елімізде біркелкі орналаспаған және олардың локациясы су тапшы өңір­лерден қа­шық жерде. Ауыз су қоры мол кен орындарының айналасын­да, әр­түрлі қазба байлықтың иге­рілуі­н­е байланысты, жерасты сулары зиянды заттармен ластанады.

«Жерасты су қорларын тиімсіз пайда­ланудың көрінісі – өз бетімен ағып жатқан су ұңғылары. Қазіргі таңда жойы­лу мен консервациялауға жататын Қазақстанда 2 256 гидро­геологиялық ұңғы бар, оның ішінде Түркістан облысында – 411, Солтүс­тік Қазақстан облысында – 361, Маңғыстау облысында – 299, Ақтөбе облысында  278. Су ресурстарын үнемдеу үшін бұл ұңғыларды инвентаризация жасап, жою, консервация және крандық режімге қоюды іске асыру керек. Алайда 2017 жылдан бері жергілікті атқарушы органдардың ұңғы­ларды жою үшін берген бюджеттік өтініш­тері, Қаржы министрлігі тарапынан толық қолдау көрмей келе жатыр», деген депутат су дипломатиясына қатысты мәселе көтерді. Көрші мемлекеттермен трансшекаралық өзен­дерге байланысты ондаған келісім-шарт­тар жасақталғанын, бірақ көңілден шы­ға­тындай нәтиже жоқ екеніне назар аударды.

Одан әрі Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасады. Парламенттік тыңдау барысында БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия бойынша арнаулы өкілі Наталья Герман бейнежолдама форматында қатысты.

Сондай-ақ отырыста Сенат депутаттары Ақылбек Күріш­баев пен Дүйсенғазы Мусин, «География және су қауіпсіздігі институты» акционерлік қоға­мының басқарма төрағасы, Ұлттық Ғылым академиясының ака­демигі Ахметқал Медеу, Мә­жіліс депу­таттары Айжан Сқақова мен Екате­рина Смыш­ляева, Халықаралық Арал­­ды құтқару қорының атқарушы ди­рек­циясының басшысы Болат Бекнияз, Rubicon Water Australia консультанты Энтони Оукск, «Адалдық алаңы» респуб­лика­лық жәрдемдесу орта­лығы» бас­қарма төрағасы Болат Қасымов сөз сөйлеп, су мәселесі саласын­дағы өзекті проблемаларды талқылады.

Жалпы айтқанда, отырыста Қазақ­станның су саласын жетілдіру үшін Парла­мент, Үкімет, азаматтық қоғам, ғалым­дар мен сарапшылар қоғам­дас­тығы, кәсіпкерлер нақты ұсыныс­тар берді.