
АСТАНА. 24 сәуір. Астанада 1-сынып оқушысының қалтасындағы ұялы телефоны жарылып, соның салдарынан ол 3-дәрежелі күйікпен ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы NUR.kz хабарлады.
Астаналық жеті жасар Ариана Айтжан өзінің Samsung Galaxy S2 маркалы ұялы телефонының жарылуынан денесін күйік шалып әрі есеңгіреп қалған.
Оқушының әкесі Ерлан Айтжанның айтуынша, қыз аулада ойнап жүріпті. Ол әлдене тарс еткенде, қорыққаннан айқайлап жібереді. Сол сәтте джинси шалбары жана бастайды. Киімі өртенге Ариана айналасындағыларды көмекке шақырады. Содан, көршілер оның джинсиін шешіп алғанда, терісі бірге сыпырылып түскен. Күйік сүйекке дейін барған.
Ал Ариананың анасы Әлия Қамзина: «Біз қазір ауруханада жатырмыз, сірә, біраз болатын түріміз бар. Терісін жамау керек. Қызым қазір телефоннан қорқатын болды. Мен Samsung компаниясына телефон шалдым, олар бәрін өтеп, емдеу шығындарын төлеуге уәде берді», – деді. Қазір қыздың ата-аналары перзенттерінің денсаулығымен бас қатыруда. Олар бұдан кейін кінәлілерді анықтауға кіріспек.
Олар Samsung Galaxy S2 телефонын Астанадағы Республика даңғылы бойындағы дүкеннен сатып алыпты. Ерлан Айтжан телефонды тәуелсіз сараптамаға бермек. Жәбірленушілер Мәскеудегі Samsung-орталығына хат жазыпты. Олар телефонды салып жіберуді сұраған. Ерлан Айтжан: « Біз әзірге оны жібермейміз, алдымен тәуелсіз сараптама өткіземіз. Қазір біз қызымыздың денсаулық жағдайымен айналысудамыз, бірақ та кейін міндетті түрде мәселенің мән-жайын тексертетін боламыз», – деді.
Осы жағдайға байланысты Samsung компаниясы жағынан түсініктеме берілгенін де айта кетелік. Олар «Біз жарылған телефонды алып, мұқият тексеруіміз керек. Содан кейін оның не себепті жарылғанын анықтайтын боламыз. Бұл іске жеңіл қарамаймыз. Біз үшін тұтынушыларымыздың қауіпсіздігі маңызды. Samsung Kazakhstan міндетті түрде Ариана Айтжанның ата-анасымен байланысып отырады. Оларға қажетті көмегімізді береміз» депті.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: NUR.kz.
Фото: Supreme.ru.