24 Сәуір, 2014

«Біз қазақстандықпыз» деп мақтанатындар көбейіп келеді

317 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

24-14- Biz Kazakhstandiktarmiz01

АСТАНА. 24 сәуір. Қазіргі таңда ел тұрғындарының басым бөлігі өздерін алдымен қазақстандықпыз деп есептейді, ал содан кейін барып өз тектерін айтады. Бұл туралы Kazakhstan Today хабарлады. Әлеуметтанушы Бек Арғынов «Адамға Отан таңдау құқы берілмейді» атты мақаласында: «Бүгінде еліміздің халқының басым бөлігі өздерін қазақстандықпыз деп санайды. Олар содан кейін барып өз ұлттарын сөз етеді. Қазақстанда бір ғана ұлт тұрмайды, бірақ Отанымыз жалғыз, бізде тұтынылатын дін әртүрлі, алайда, мақсатымыз біреу, ол – дамыған мемлекеттердің қатарында тұру. Қазақстандағы түрлі этностың әрқайсысының өз тарихи отандары бар. Адам дүниеге келгенде оның Отан таңдауға мүмкіндігі болмайды... Бұрынғы кезеңді былай қойғанда, қазіргі тәуелсіздік жылдары «Менің отаным Қазақстан» деп мақтанатын, елінің болашағы үшін уайым жейтін ұрпақ өсіп-өніп шықты», – деп жазады. Мақала автор Қазақстан халқының татулығы мен бірлігі талай сын тезінен өткеніне де мысалдар келтірген. «Елімізде келісім мен татулық жайдан-жай орныққан жоқ. Ол халықтың, мемлекеттің күш-жігерімен қалыптасты», – дейді Бек Арғынов. Автор өз мақаласында Мемлекет басшысының: «Біз бірлесе, тізе қоса отырып, отанға деген сүйіспеншілікті оятар сенімді тұғырнама түзе білдік. Біз құрған қоғамда этносаралық келіспеушілік жоқ, барлығы заң алдында бірдей» деген сөзіне ерекше мән берген. Бек Арғынов өз мақаласында: «Барлық қазақстандықтар – туған жеріміздің сүйікті перзенттері. Бірлік пен татулық – біздің қоғамның басты байлығы. Біздің экономикамыз дамыды, азаматтардың әл-ауқаты жақсарды. Енді алдымызда «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыру міндеті тұр», – дей келе осы ауқымды бағдарламаның талабын орындауда бірлік пен татулықтың маңызды рөл атқаратынын айтады. Сондай-ақ, автор Қазақстан халқы Ассамблеясын еліміздегі рухани және мәдени келісімнің негізгі тірегі деп санайды. Еліміз бойынша 820 этномәдени бірлестіктің басын біріктіріп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан әлем назарына ұсынылған қазақстандық модельді Бек Арғынов жоғары бағалайды. Ол аталған құрылымның аясында атқарылып жатқан жұмыстардың жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызы зор екенін жеткізген. Жолдыбай Базар. Дереккөз: Kazakhstan Today. Фото: Altaynews.kz.