Қоғам • 20 Маусым, 2022

«Менімен ойнамаңыз, мен блогермін!..»

1747 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Ұлы­тау­да өткен алғашқы отырысында сөйле­ген сөзінде: «Отбасын асырау үшін та­бан­­ды еңбек етіп жүрген, заңға бағы­на­тын адамдар құрметке ие болу керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақыла­ры, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылдағы айқай шы­ғаратын адамдар бүгінгінің баты­рына айналды. Депутаттар мен ат­қарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеу­ніктер солардың ғана талабын орын­дауға жүгіреді. Орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс», деп қоғамымызда кейінгі жылдары жиі байқалып жүрген келеңсіз құбылысқа назар аударды.

«Менімен ойнамаңыз, мен блогермін!..»

Шынында да, қазіргі уақытта, әсіресе әр саладағы ірілі-ұсақты кемшіліктерді іздеп тауып, жауапты мемлекеттік қызметшілер­ге халық жауларын көргендей шүйлігіп, әлеу­меттік желіні жөнді-жөнсіз шулатып жататын блогерлердің аттары озып, айдарларынан жел есіп тұрған тәрізді. Сондай-ақ мемлекет пен ұлт мүддесін қызғыштай қорғап, әділ сөзімен жұртты баурап жүрген және адамгершілік пен ізгілік дәнін сеуіп, биік парасатымен, жоғары мәдениеттілігімен көпшілік сүйіспеншілігіне бөленген танымал блогерлер де бар. Ал осы бүгінде қарасы қалың қауымға айналған блогерлер кімдер және олардың құқықтық мәртебесі қандай?

XXI ғасыр – ақпараттық технологиялар заманы дүниеге әкелген бұл жаңа ұғым, һәм жаңа кәсіп хақында Уикипедияда: «Блог (ағылшынша blog) — оқиғалардың интернет-журналы, интернет-күнделік, веб-сайт, ал оларды жүргізушілерді блогерлер деп атайды», деген анықтама беріліпті. Бұл кәсіп шын мәнінде журналистикаға егіз қозыдай ұқсас болғанымен, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында блогерлік жайлы ештеңе жазылмаған, яғни блогерлердің құқықтық мәртебесі айқындалмаған. Алайда бұл оларға әлеуметтік желіде айтқан немесе жазған сөздері үшін жауаптылық жүктелмейді дегенді білдірмейді. Президент айтқандай, «жауапкершіліктен жұрдай блогерлердің» талайы өз «кейіпкерлеріне» жала жауып, ар-намысын қорлағаны, тіпті оларды қорқытып-үркітіп ақша бопсалағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы және Қылмыстық кодекстердің тиісті баптары бойынша сотталып, кінәларына сай жазаларға тартылып та жатыр.

Мәселен, ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, жақында Қарағанды қаласында тіпті иықтарына погон таққан құқық қор­ғау­шылардан ақша бопсалап, шектен шық­­қан блогерге қатысты сот отырысы бол­ған. Тергеу материалдарына қарағанда, был­тырғы күзде бір жас блогер жүргізуші жол­дасымен бірге патрульдік полицияның көлігі бағдаршамның қызыл сигналы жанып тұрғанда жарқылдау белгісін бермей жолдан өтіп кеткенін камераға түсіріп алады. Кейін сол бейнежазбаны пайдаланып, полиция қызметкерлерінен «ауызбастырық» ретінде 150 мың теңге сұраған. Полицейлер блогерге пара берместен бұрын болған жағдайды жергілікті Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік қызметіне хабарлағандықтан, бопсалаушы ақша алу үстінде ұсталған. Сот сотталушылардың екеуін де кінәлі деп танып, блогерге ең жоғары қауіпсіздік меке­ме­сінде жазасын өтей отырып 3,5 жылға бас бостан­дығынан айыру, ал оның қасында болған серігіне 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындапты.

Блогерлер туралы пікірін сұрағанымызда бір өңірдің Ішкі саясат басқармасының басшысы: «Шынын айтсам, өзін «Менімен ойна­маңыз, мен – блогермін!..» деп таныстырып, қоқилана қорқытып келетін адамдардың көбі басында өздерін әділдік іздеуші, жұрт­тың жанашыры етіп көрсеткенімен, сөй­лесе келгенде, қомақты пара дәме етеді. Сонда олар­дың ешқайсысының қолында блогер екенін куәландыратын ешқандай құжат та болмайды», деді. Демек блогерлікті заңдастырып, блогерлердің құқықтық мәртебесін, құқық­тары мен міндеттерін айқындау қажет. Бұл ретте кей елде әлеуметтік желіде белгілі мөл­шерде тұрақты оқырманы бар блогер ғана арнайы тіркеуге алынып, оған журналиспен бірдей құқықтар берілетінін ескерген жөн болар. Әйтпесе, ерінбегеннің бәрі блогер болып, толып жатқан шаруамен шақшадай бастарын шарадай етіп жүретін шенеуніктердің есіктерін қақпай ашып, есіл уақыттарын алушылар саны шамадан тыс көбейіп кетуі ғажап емес.