Конституциялық Кеңестің төрағасы Қайрат Мәми конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы баяндама жасап, реформаның қажеттілігіне, сондай-ақ атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды.
Бұдан кейін Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуын баяндап берді. Ведомство басшысы Үкіметтің есебі Парламент Мәжілісі мен Сенатында егжей-тегжей қаралғанын атап өтті.
«2021 жылы ішкі жалпы өнімнің өсімі 4 пайызды құрады. Экономиканың барлық негізгі салаларында оң нәтижеге қол жеткізілді. Мәселен, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 3,8 пайызға, құрылыс саласы 7,6 пайызға, көлік 3,6 пайызға, сауда 9,2 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,5 пайызға ұлғайды. Инфляция 8,4 пайызды құрады.
Жұмыссыздық 4,9 пайыз деңгейінде сақталды. Республикалық бюджеттің негізгі параметрлері атқарылды. Түсімдер 100,8 пайызға атқарылып, 12,7 трлн теңгеге жетті. Шығыстар 99,2 пайызға игерілді және 15,2 трлн теңгені құрады. Бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімге 3,1 пайызға теңесті. Жалпы алғанда, мемлекет өзінің әлеуметтік және басқа да міндеттемелерін толық көлемде орындады», деді Е.Жамаубаев.
Министр Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферт сомаларының ұлғайғанына тоқталды. Оның сөзіне сүйенсек, бұл әлеуметтік міндеттемелерді, дағдарысқа қарсы шараларды, мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру және пандемия жағдайында экономикадағы іскерлік белсенділікті қолдауға байланысты.
«Алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр мұнай секторынан Ұлттық қорға түскен тікелей салық түсімдерінің көлемі 1,8 есеге ұлғайғанын атап өткім келеді. Биылдан бастап кепілдендірілген трансферттің мөлшерін айқындау контрциклдік бюджет қағидаларына негізделеді. Жаңа тәсілдерге сәйкес Ұлттық қордан бюджетке алынатын қаражат мұнай секторынан түсетін қор кірістерінен аспайды. Сондай-ақ бюджеттің шығыстарына да шектеу қабылданды. Бұл Қордың жинақтау функциясын күшейте отырып, активтерді көбірек жинауға мүмкіндік береді.
Бюджеттің шикізаттық сектордан тәуелділігіне және салықтық әкімшілендіруге қатысты сын пікірлер айтылды. Кейінгі 5 жылдағы салық түсімдерінің жалпы көлеміндегі шикізаттық емес сектордың үлесі орташа алғанда 68 пайызды құрады. Тиісінше, осы жылдар ішінде шикізаттық сектордың үлесі 32 пайыздан асқан жоқ. Дегенмен жаһандық экономиканың біртіндеп жандануы негізгі экспорттық позицияларға бағаның өсуіне әкелді. Бұл жер қойнауын пайдаланушыларды әкімшілендіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен бірге, шикізаттық сектордан түсетін түсімдерді ұлғайтуға мүмкіндік берді», деді Е.Жамаубаев.
Мәселен, жер қойнауын пайдаланушыларға салықтық тексерулер мен горизонтальды мониторинг нәтижесінде бюджетке қосымша 200 млрд теңгеден астам қаражат түскен. Министрдің айтуынша, Үкімет салық базасын кеңейту, яғни бизнесті дамыту және оларды көлеңкеден шығаруға күш салмақ. Сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіруге назар аударады. Мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру және басқа да шаралар арқылы бюджет кірісін әртараптандыруды жүйелі түрде жүргізбек.
«Кейінгі 3 жылдың өзінде салықтық және кедендік әкімшілендіру мен цифрландырудан бюджетке 2 трлн теңгеден астам қосымша түсімдер қамтамасыз етілгенін атап өткен жөн. Оның тек 680 млрд теңгеден астамы былтыр түскен. Тағы бір атап өтетін мәселе – мәжбүрлеп өндіріп алуды қолдану есебінен салықтық берешек 337,2 млрд теңгеге төмендетілді. Былтыр Қытай Халық Республикасының экспорты – Қазақстан Республикасының импорты бағыты бойынша статистикалық деректердегі алшақтықтар 40,5 пайызға дейін төмендеді. Бұл бағыттағы жұмыс күшейтіледі.
Есеп комитетінің республикалық және жергілікті бюджеттер арасындағы қаржы ағындарын барынша азайту жөніндегі ұсынысымен келісеміз. Өңірлердің бюджеттік дербестігін нығайту үшін қосымша салық түсімдерін әкімдіктерге беру жолымен бюджетаралық қатынастарды реформалау жүзеге асырылады.
Жергілікті жерлерде жалпы сипаттағы трансферттерді көбірек алу үшін салық базасын жүйелі түрде кемітіп көрсетуге қатысты Есеп комитеті пікір білдірді. Мұнымен келісе отырып, кейінгі жылдары жергілікті бюджеттің біршама асыра орындалып келе жатқанын айтып өткен жөн. Биылғы бес айдың өзінде жергілікті бюджеттер 388 миллиард теңгеге артығымен орындалып отыр. Бұл 2023-2025 жылдарға арналған субвенциялар мен бюджеттен алуларды анықтаған кезде ескеріледі. Тиісті методика бар және оны пысықтау барысында Есеп комитетінің ұсынымдары ескерілген», деді Е.Жамаубаев.
Сонымен қатар ведомство басшысы жекешелендіру мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қатысты да пікірімен бөлісті. Оның сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын өзектендіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Бұл ретте халықтың өмір сүруін қамтамасыз ететін және табиғи монополиялар субъектілеріне жататын объектілерді алып тастау қарастырылады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жекешелендіруге жататын объектілер тізіміне енгізу үшін бірқатар басты критерий бекітілді.
Бұл жерде негізгі мақсат – мемлекет үлесін азайта отырып, кәсіпкерлікті дамыту және жекешелендіруден қомақты қаражат түсіру. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқаруға келсек, Үкімет қазіргі уақытта оны реформалау, оның ішінде дивидендтік саясатты қайта қарау бойынша тәсілдерді әзірлеп жатыр.
Мемлекеттік борыштың өсуі республикалық бюджет тапшылығын жабу қажеттілігімен және маңызды әлеуметтік жобаларды қаржыландыру үшін қарыз алумен байланысты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік борыш деңгейі ішкі жалпы өнімге шаққанда 27,4 пайызды құрады. Бүгінгі таңда қауіпсіз деңгейде сақталған», деді Е.Жамаубаев.
Министрдің сөзіне сенсек, мемлекеттік борыштың қауіпсіз деңгейде екенін халықаралық қаржы және рейтингтік ұйымдар да растап отыр. Мысалы, Fitch агенттігі Қазақстанның тәуелсіз рейтингін растап, еліміздің сыртқы қарызына оң баға берген. Дегенмен мемлекеттік борышты басқаруды одан әрі жетілдіру үшін келесідей шаралар қабылданбақ.
«Бюджет тапшылығы кезең-кезеңімен азаяды. Бұл борыштың өсу қарқынын төмендетуге ықпал етеді. Көлеңкелі экономикамен күрес белсенді жалғасады. Осыған орай, әкімшілендіруді жақсарту және цифрландыру арқылы салықтық түсімдердің біртіндеп ұлғаюы күтіліп отыр. Қарыз алу кезінде ішкі нарықтың өтімділігі барынша пайдаланылады.
Бұдан басқа, заңнамада сыртқы қарыз қаражатын уақтылы игермегені үшін мемлекеттік органның бірінші басшысының жауапкершілігін белгілеу жөнінде норма қабылданғанын атап өту керек. Жалпы, Үкімет жүйелі түрде мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыштың, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор борышының қалыптастырылуына және басқарылуына бақылауды күшейтеді. Осы тұрғыда 2030 жылдарға дейін мемлекеттік қаржыны басқару концепциясы қабылданады», деді Е.Жамаубаев.
Бұдан кейін Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова баяндама жасап, бірқатар мәселеге тоқталды. Атап айтқанда, резервтер туралы сөз қозғады.
«Біз орталық мемлекеттік органдар деңгейінде стратегиялық жоспарлаудағы тәуекелдерді жоя аламыз. Әрбір министрлік өзінің жетекшілік ететін саласын дамытуда басымдықтарды дұрыс қоюға тиіс. Мемлекеттік бағдарламаларға, ұлттық жобаларға және стратегиялық жоспарларға ағымдағы қызметті енгізу саланың дамуына ықпал етпейді. Ештеңеге бағытталмаған мұндай іс-шаралар мен индикаторлар не үшін қажет», деді Н.Годунова.
Осы орайда Есеп комитетінің төрағасы мемлекеттік бағдарламалар ұлттық жобаларға көшкенін атап өтті. Мәселен, Үкімет өткен жылдың күзінен бастап 10 ұлттық жобаны іске асыруға кірісті. Оларды басым бюджеттік қаржыландырумен қамтамасыз ету жоспарланған еді. Өкінішке қарай, бұл іске асқан жоқ. Себебі оның 43 пайыздан астамы толық қаржыландырылмаған.
«Ұлттық қорды 2015 жылдан бері қарқынды түрде пайдаланып жатырмыз. Біз 2020 жыл туралы айтып отырған жоқпыз, шын мәнісінде, пандемиямен байланысты дағдарысқа қарсы іс-шараларды қаржыландыру қажет болды. Бірақ 2021 жылы жағдай айтарлықтай жақсарды.
Мемлекет басшысының Республикалық бюджет Ұлттық қор қаражатын пайдалануға арқа сүйемеуге тиіс деген тапсырмасына қарамастан, 2021 жылы 4,5 трлн теңге жұмсадық. Ал түсімдер 4,3 трлн теңгені құрады. Заңнамаға сәйкес Тұжырымдамада көзделген бағыттарға ғана трансферттер бөлінуге тиіс. Ал 30 пайыз азайтылмайтын қалдыққа қол сұғылмауы керек», деді Н.Годунова.
Баяндамашы Мемлекеттік борыштың ішкі жалпы өнімге арақатынасы жаңа Бюджет саясаты тұжырымдамасында белгіленген 27 пайыз мөлшерінен шамалы асқанын жеткізді. Кейінгі уақытта үкіметтік борыштың құрылымы жақсарған көрінеді. Ішкі борыштың үлесі 60 пайызға дейін өсіп, сыртқы борыштың үлесі 40 пайызға дейін төмендеді.
«Қазіргі уақытта 812 мемлекет-жекешелік әріптeстігі жобасы іске асырылып жатыр. Мемлекет-жекешелік әріптeстігі бойынша республика мен өңірлердің жалпы борышы 1,6 трлн теңгеге жетті. 1 трлн-нан астам теңгеге тағы 150 жоба бойынша жұмыс атқарылып жатыр.
Бұрын мемлекет-жекешелік әріптeстігі жобаларының іске асырылу тиімділігіне жүргізілген талдауға сәйкес тартылған инвестициялардың 1 теңгесіне мемлекеттік міндеттемелердің 2,1 теңгесі тиесілі екені анықталды. Көптеген жоба бойынша мемлекеттік міндеттемелер олардың құнын толығымен жабады. Яғни іс жүзінде бұл мемлекеттің жеке компаниялардан алған қарыздары», деді Н.Годунова.
Талқылау барысында депутаттар сұрақтарын қойып, өз пікірлері бөлісті. Мәселен, Парламенттің бірлескен отырысында «Ақ жол» партиясы Үкімет пен Есеп комитетінің бюджет туралы есебін бекітуден неге бас тартты. Мұның себебін Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов айтып берді.
«Өткен жылы халықтың нақты ақшалай табысының өсуі екі есеге қысқарды. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемінің 2,5 пайызға төмендеуі байқалды. Инфляция шектен 1,5 есеге асып түсті. Экономикадағы мұндай жағдайдың субъективті себептерінің қатарында «Ақ жол» фракциясы Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің ақылға қонбауы мен тұтастай алғанда Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктердің мүдделерін қорғауынан көреді.
Кешегі Салық кодексін талқылауда, Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлағандай, бүкіл еліміздің экономикасы – мемлекет, бизнес, халық болып қаржыландыратын банктердің салық жүктемесі небәрі 2-5 пайызды құрайды екен. Яғни азаматтарымыз 10 пайыз табыс салығын төлейді, бизнеске түсетін салық ауыртпалығы 40 пайыздан асады. Ал банктердің өз есептері өздерінде, олар ешкімге қарыз емес. Сондықтан экономика құлдыраған кезде, керісінше, олардың кірістері өсе түсті. Міне, бюджеттің резерві осында көмулі жатыр.
Әділетті Қазақстан туралы айтатын болсақ, салық салуды да әділ негізге қоятын кез келді. Өндіріске берудің орнына несиенің 60 пайызы тұтынуға кетеді. Халық табысының бестен бір бөлігі тұтынушылық несиені өтеуге жұмсалады», деді Б.Дүйсенбинов.
Сенатор Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде өзекті мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, адам капиталын жақсарту мақсатында жоғары оқу орындарына түсу шарттарын жетілдіруге назар аударды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілдердің көптігін атап өтті.
Есеп құжаттарын талқылау барысында депутаттар бюджеттердің кіріс базасын одан әрі жетілдіру, мемлекет активтерін басқару тетіктері, қаржы мониторингі жүйесінің пәрменділігі, салық және кеден әкімшілендірулерінің тиімділігін жетілдіру мәселелерін көтерді. Жалпы алғанда, депутаттық корпус бюджетке қатысты анықталған кемшіліктерді атап, оны алдағы уақытта ескеруді ұсынды. Жиын соңында Парламент Үкіметтің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітті.