Ұлттық спорт • 21 Маусым, 2022

Садақ ату орталығы ашылды

826 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорданың маңайындағы Аққайың ауылында орналасқан Qazanat ат спорты клубының жанынан бой көтерген ашық аспан астындағы садақ ату орталығы өз жұмысын бастады. Республика бойынша алғашқылардың бірі болып ашылған садақ ату орталығында балалар мен ересектер ұлттық спортымызбен еркін айналыса алады.

Садақ ату орталығы ашылды

Суретті түсірген Ғазиз ШАКИРОВ

Іс-шараның ашылу салтанатына бокстан Лондон Олим­пиадасының чемпионы Серік Сәпиев, Ұлттық спорт қауым­дастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай, Қазақ­стан дәстүрлі садақ ату федера­циясының вице-президенті Диас Ахметов және Садақ ату фе­дерациясының өкілдері қатысты.

Жиында сөз алған Диас Ах­метов бұл орталық атқа мінуді жақ­сы көретін адамдар үшін таптырмас мүмкіндік екенін айтады. Сонымен қатар болашақта бұл жерде ат спортын сүйер қауымының қалауымен дәстүрлі садақ ату курстары өтеді дейді.

– Дәстүрімізді жаңғыртып, рухымызды оятып, атқа мініп, садақ атуға машықтанатын орта­лық бүгіннен бастап өз жұмы­сын бастады. Бұл жерге келу­шілерге төлем үшін арнайы кесте шығарылады. Бағасы тұр­ғын­дар үшін қолжетімді болады. Орталық аптаның жұма, сенбі және жексенбі күндері халыққа ыңғайлы уақытта жұ­мыс істейді. Сондай-ақ садақ атуға қатты қызыққан, жиі ке­луді қалаған адамдарға арнайы кесте жасалады. Барлығын өзіміз­дің әлеуметтік желідегі парақ­ша­ларымызда жариялаймыз. Садақ ату орталығы әзірше тек жаз мезгілінде ғана жұмыс істейді. Алдағы уақытта қыс мезгілінде де жұмыс істеуді көздеп отырмыз. Ол үшін ат қораның ішін­дегі манежде арнайы садақ ату аймағын ұйымдастырамыз. Қыс­та манеждің ішіне нысаналар қойылып, үлкен қашықтықта да садақ ата алатын болады, – деді Диас Ахметов.

Жалпы, дәстүрлі садақ ату спорты Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Мамандардың айтуынша, садақ атудың пайдасы өте мол. Ол адамға рух беріп, көздің де көру қабілетін жақ­сартады. Сонымен қатар адамдар­ды сабырлы болуға, өзін-өзін тәр­биелеуге, адам бойына сенім­ділік ұялатуға көмектеседі.