Жазғы тілдік лагерьдің қатысушыларының алғашқы легі – 31 бала. Олар Назарбаев зияткерлік мектебінде қазақ тілінде сауатты жазуға және оқуға үйреніп, ұлтымыздың салт-дәстүрі, тарихы мен мәдениетінен тағылымды дәрістер алып, ауыз әдебиетінің жауһарлары – эпостық шығармаларды тыңдайды. Сондай-ақ оқушылар сабақтан бос кезде Yurta park, Green land демалыс орындары мен Tree Of Life аквапаркінде, «Көкжайлау Ақтөбе» агротуристік кешенінде демалады. Ақтөбе облысының тарихи орындарына экскурсиялар да ұйымдастырылды. Балалар Алға ауданындағы Есет Көкіұлы кесенесіне, Қобда ауданындағы Абат Байтақ мемориалды кешеніне, облыстық тарихи-өлкетану музейіне барып, өткен заманның тарихи оқиғалары өткен жерлері туралы мағлұмат алады.
Жазғы лагерьде теориялық дәрістерден өзге, ұлттық музыка, қолөнер сабақтары да жоспарға енгізілген. Бұл жерде Ахмет Жұбанов атындағы музыка колледжінің оқытушылары ресейлік қазақ балаларына домбыра тартуды үйретіп қана қоймай, күй, терме жанрлары туралы дәрістер оқиды. Қолөнершілер қазақтың ұлттық бұйымдарының жасалу ерекшеліктерін, Сервис колледжі оқытушылары қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеуді үйрететін болады.
Өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің бастамасымен шетелдік қазақ балалары үшін тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған осы этнографиялық-тілдік лагерьдің бағдарламалары оқушыларға өте пайдалы болатынына сенім мол. Ақтөбе облысы әкімінің бастамасын РФ Орынбор қаласындағы «Қазақ тілі» орталығының жетекшісі Сәуле Тайкешова ең бірінші қолдап, балалардың Ақтөбеге келуін ұйымдастырды.
Ақтөбеге балаларымен бірге келген ата-аналар жазғы демалыстың қызықты да мазмұнды етіп ұйымдастырылғанын көріп, қуаныштарын жасыра алмады.
Ақтөбе облысы