Қазақстан • 22 Маусым, 2022

Бірде-бір өтініш назардан тыс қалмайды

223 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Amanat-тың атқарушы хатшысы Асхат Оралов партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдап, әр өңірден түскен өтініштерді офлайн және онлайн форматта қарады. Тұрғындар көтерген жеке және жүйелі сипаттағы мәселелерді шешу заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етеді.

Бірде-бір өтініш назардан тыс қалмайды

Қабылдауда болған Ақмола облысына қарасты Егіндікөл ауылының тұрғыны Светлана Гурбанова сумен жабдықтау кезінде туындап отырған мәселелер туралы айтты. «Су мәселесі бұрыннан шешілмей келеді. Ауылда ұңғыма да, құдық та жоқ, бар үмітіміз тек Нұра каналында. Мұндағы жағдай қиын, аудан жойылудың аз-ақ алдында тұр. Адамдардың көбі бұл жерден көшіп кетпек, сусыз қалай өмір сүреді? Осы мәселе өткен жылы, біз жаз бойы сусыз отырған кезде шегіне жетті. Аптасына 1-2 рет су алып келіп, әр үйге шамамен 200-250 литрден береді. Бірақ барлығында бірдей суды ұзақ уақыт сақтайтын бөшке де жоқ», деді ол.

Бұл сұраққа жауап берген Эко­ло­гия министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдам­жаров биыл жо­балық-сметалық құ­жаттама әзірленетінін, ал Нұра топтық су құбырын жөндеуге 2023 жылы кірісетіндерін жеткізді. Маңғыстау облы­сының Оңды ауылынан хабарлас­қан Басшы Көбентаев та елді мекендегі су мәселесін көтерді.

Батыс Қазақстан облысына қарасты Подстепное ауылының тұрғыны Баян Төлеутаева ауыл балаларының әлі күн­ге дейін үш ауысымда оқуға мәжбүр еке­нін алға тартып, жобалық-сметалық құжаттамасы дайын жаңа мектеп құры­лысын барынша жылдамдатуды сұрады. «Ауылымыз Оралдан 12 шақырым жерде орналасқан. Халық саны 15 мыңға жетті. Жыл сайын 1-сыныпқа баратын балалардың саны артып келеді», деді ауыл тұрғыны.

Өз кезегінде Қостанай қаласынан келген Айымгүл Ахметова денсаулық сақтау жүйесінде жұмыс істейтін, бірақ медициналық қызметкерлер қатар­ына кірмейтін тәрбиешілерді педагог­терге теңестіру қажет деп есеп­тейді. Бұл осы саладағы еңбекақы мөл­шерін арт­­тыруға мүмкіндік береді. Ал қазақ­стан­дық бірыңғай стоматологтар қауым­дастығының президенті Назым Бектұр­ғанова балалар мен жүк­ті әйелдерге профилактикалық стома­то­логиялық қызмет көрсету бойынша мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді ұсынды.

Көкшетау қаласының тұрғыны Фарида Көшенова «Бақытты отбасы» ипотекалық бағдарламасына жетім балалар санатын қосуды сұрады. Бұған жауап ретінде Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері коми­тетінің төрағасы Тимур Қарағойшин мұн­­дай өзгерістер Үкімет қаулысымен бекі­тіл­генін, жоба қазір мемлекеттік орган­дарда келісу сатысында екенін атап өтті.

Павлодарлық кәсіпкер Виктор Пряхин ғимараттарды пайдалануға беру кезінде жиі тіркелетін келең­сіз­дік­терге тоқталды. «Кез келген нысан­ды пайдалануға беру кезінде әлеу­меттік қорғау органы жүріп-тұруы шек­теулі адамдар үшін ыңғайлы болуын қамтамасыз ету бөлігіне сәй­кес келетіні туралы декларация­ны келіседі. Алайда бұл декларация­ны келісудің нақты алгоритмі мен мерзімі жоқ. Осы функцияны мемлекеттік қыз­меттер тізіліміне қосып, арнайы стан­дарт әзірлеуді сұраймыз», деді ол. Ал алматылық экобелсенді Сергей Снегирев жануарларға жауап­кер­шілікпен қарау туралы заң норма­лары­ның орындалуына қоғамдық бақылау жүргізу жобасын іске қосуды ұсынды.

Партияның атқарушы хатшысы қабылдау кезінде айтылған әр өтініш бойынша бірқатар нақты тапсырма беріп, сұрақтардың басым бөлігін жеке бақылауына алды.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында, партия билік пен азаматтар арасындағы көпір болуы тиіс. Олар әділдік іздеп, бізге келеді. Бірде-бір өтініш назардан тыс қалмайды», деп атап өтті А.Оралов.

Айта кетейік, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жыл басынан бері 65 мыңнан астам адам жүгінген. Тұр­ғын­дарды негізінен әлеуметтік қамсыз­дандыру (30%), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (16%), тұрғын үймен қамтамасыз ету және жер учаскелерін бөлу (11%) мәселелері толғандырады. Мемлекеттік орган­дардың басшылары мен түрлі дең­гейдегі депутаттар 13 мыңнан астам қабылдау өткізіп, 36 мың адамның талап-тілегі тыңдалды. «Мобильдік қоғамдық қабылдаулар» жобасы аясында 4 ай ішінде партиялықтар еліміз бойынша 578 ауылды аралап, 5 мыңға жуық азаматты қабылдады.