Қазақстан • 22 Маусым, 2022

Болашаққа батыл қадам

861 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2022 жылғы 15 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай құрылды. Ол Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып саналады.

Болашаққа батыл қадам

Мемлекет басшысы жаңа құры­лым жа­йында алғаш рет наурыздағы Жолдауын­да мәлімдеген болатын. Ұлттық құрыл­тай не үшін құрылды? Ұлттық құрылтай қоғамның бірігуін нығайту және кеңейтуге идеялар мен қадамдар іздеу әрі әзірлеу үшін диалог платформасына айналуды мақсат тұтады. Бұрын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде әлеуметтік-экономикалық мәселелер төңірегінде пікірталастар болса, Ұлттық құрылтай көтеретін проблемалар негізінен жалпыұлттық құндылық­тар арқылы қоғамның бірігуін арттыру болмақ. Үш жыл жұмыс істеген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін абыроймен атқарды. Қордаланған мәселелер жоғары мінберден айтылып, әлеуметтік мәселелердің кей бөлігі шешілді. Енді осы кеңеске мүше болғандардың біразы Ұлттық құрылтайдың құрамына енді.

Тарихқа көз салып, ғасырлар қойнауына шегініс жасайтын болсақ, құрылтай ежелгі дәуірден бастап ел мен халық мәселесін шешуде үлкен рөл атқарған. Онда, негізінен, ұлы хан сайлау, жерге иелік ету және әскербасы тағайындау мәселелері шешілді. ХV-ХVІІІ ғасырларда түркі мемлекеттерінде, соның ішінде Қазақ хандығында аса маңызды мәселелерді шешу үшін Құрылтай шақырылған. Оған Қарақұмдағы халық құрылтайы, Ордабасы құрылтайы сияқты тарихи деректер айғақ бола алады. ХХ ғасырда біздің елімізбен бірге Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан секілді Орталық Азия елдерінде билік­тің жоғары органы – Құрылтай болды. Қазір­гі заманда Құрылтай – партиялардың, қозғалыстардың, тағы да басқа өзге де қоғамдық бірлестіктердің аса маңызды мәселелерге байланысты басқосу жиылысы болып табылады.

Саяси реформаларға белсене кірісіп, тиісті реформаларды жүргізіп отыр­ған Мемлекет басшысының батыл қадам­дарын қолдайтын ел-жұрты бірлік-ын­тымақ, ауызбіршілік пен өзара сенім­ді ық­палдастық арқылы барлық қиын­дық­ты еңсеріп, Жаңа Қазақстанның жаңарған келбетін қалыптастыруға атсалысатын болады.

 

Мұхтар ТӘҢІРБЕРГЕНОВ,

«Ауыл» ХДП партиясының Жетісай аудандық аумақтық партия ұйымының төрағасы