Аймақтар • 22 Маусым, 2022

Еріктілер миссиясы бір реттік акция емес

410 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте алматылық еріктілер бір жылдан астам уақыт ішінде атқарған жұмыстарымен таныстырып, еріктілер қатарына қосылудың мүмкіндіктері туралы айтып берді.

Еріктілер миссиясы бір реттік акция емес

Qamgor charity қоғамдық қоры­ның төрағасы Бағдат Анар­баева алматы­лық еріктілер жұмыла іске кіріскенде алынбайтын қамал болмайтынын алға тартты. Бір жылдан астам мер­зімде үлкен тәжірибе жинап үл­герген ерік­тілер қолдауға зәру аза­маттарға қолұшын беруге қашанда дайын. Әсіресе «Қасіретті қаңтар» ке­зін­де төтенше жағдай режімінде жұмыс істей жүріп, еріктілер қиын жағдайға тап болғандарға барынша көмек қолын созғаны белгілі. Жекелеген азаматтармен қатар, мекемелер мен кәсіпорындарға барып, бүгінде мыңнан астам алматылық отбасының алғысына бөленіп отыр.

Қайырымдылық іс-шаралардың басым бөлігі қасиетті Рамазан айы кезінде іске асты. Осы кезде көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға ауызашар беріп, қала көшелерінде құрма мен су таратуға атсалысты. Бұл – еріктілер жұмысының бір бөлігі ғана. Еріктілер миссиясы бір реттік акция емес, қайырымдылыққа негізделген дәстүрлі іс-шаралар түрінде іске асып келеді.

«Қалада ата-анасының қамқор­лы­ғын­сыз қалған балаларға кәсіптік бағдар беру және қысқа мерзім­ді кәсіптерге оқытуға бағытталған «Әлеуметтік шеберхана» авторлық жобасы жұмыс істейді. Сонымен қатар еріктілердің Ulagat жобасы аясында жалғызбасты ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық көрсетіліп келеді. Ал мереке күндері еріктілер үшін түрлі қайырымдылық іс-шаралары мен экоакцияларға толы», дейді «Қазақстан еріктілері лигасы» ҚҚ төрағасы Нұрсұлтан Бекқайыров. Оның айтуынша, еріктілер өздерінің нақты іс-әрекеттері арқылы қоршаған ортасын, туған елін өзгертуді мақсат етеді. Бүгінде мұндай ұйымдардың қатарын Bilim, Sabagtastyg, Qamgor, Taza alem, Үmit, Asyl mura, Ayala сияқты ұйымдар толықтырып отыр. Ал республикалық «Игі істер марафоны», «Ардагерлерді ардақтайық», «Шай ішейік», «Жарқын жұлдыз» акциялары еріктілер тарапынан тұрақты ұйымдастырылып келеді.

«Жыл басынан бері фронт-офис­тің қолдауымен 80-ге жуық жоба ұйым­дастырылып, жүзеге асты. Қала­ның барлық жоғары оқу орындарын­да «Қазақстан волонтерлар лигасы» қоғамдық қорының фи­лиал­дарын ашу жоспарлануда. Бүгінде бұл ұйым­ның филиалдары 23 жоғары оқу ор­нында жұмыс істейді», деп атап өтті Н.Бекқайыров. Қоғам­дық қор басшысының айтуынша, ерікті­лер құрамы тек жас­тардан жасақ­талмайды. «Бүгінде «күміс волонтер» тұжырымдамасы әзірлену­де. Олардың құрамына белсенді азамат­тық ұстанымы бар еңбекқор азаматтар кіреді. Өйткені  ерікті болу қоғамға жақсы көңіл күй сыйлаудағы еркіндікпен байланысты. Ерікті болғысы келетіндер фронт-офиске хабарласып, арнайы ақпарат алғаннан кейін команданың толыққанды мүшесі бола алады», дейді ол.

 

АЛМАТЫ