Аймақтар • 22 Маусым, 2022

Мұхтарханның ізбасарлары мықтылығын танытты

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан қаласындағы «Олимпик» спорт сарайында Қазақстан, Өзбекстан, Гру­зия, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан мемле­кет­терінің кіл мықты былғары қолғап ше­бер­лері арасында xалықаралық турнир өтті.

Мұхтарханның ізбасарлары мықтылығын танытты

Жастар арасында биыл оныншы рет ұйым­­дастырылып отырған турнир Сидней олим­пиадасының және Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, Оңтүстік Қазақстан облысының, Мақтарал ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңір­ген спорт шебері Мұхтархан Ділдәбековтің жүлдесіне арналды. Бес күн бойы бағы мен бабын сынаған боксшылар арасындағы әр кездесу тартысты да шиеленісті өтті. Дегенмен салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанғандар арасында Түркістан облысының және Қырғызстанның бокс­шылары басым. Мысалы, Түркістан облысының спортшылары Нұрғиса Тұрабеков, Нұрислам Қалдыбаев, Әділет Елемес, Архат Тұрғынбек, Садриддин Абдулла өз салмақ дәрежелерінде алдына жан салмады. Сондай-ақ 51 кило сал­мақта ақтөбелік Оралхан Тұралин, 57 килода өзбекстаннан келген боксшы Саят Ильясов, 67 килода Алматы қаласынан Нұрбек Мурсал, 75 килода Қырғызстан спортшысы Атай Асанбеков, 80 килода тағы бір қырғызстандық Бекбол Мурас­­беков, 86 килода қырғызстандық Эмирхан Ражапов, 92 килода Жамбыл облы­сының боксшысы Әлижан Қанатбек, 92+ кило салмақ дәреже­сін­де алматылық Ерсұлтан Сапар жеңімпаз атанды.

Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлерін ел намысын әлемдік ареналарда қорғап Олимпиада, Әлем, Азия чемпионы атанған боксшылар – Ермаxан Ибраимов, Болат Жұмаділов, Галиф Жафаров, Мұхтархан Ділдабеков, Біржан Жақыпов, Қайрат Ералиев құттықтады. Сондай-ақ жеңімпаздарға арнайы сыйлықтарды ҰОК спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қана­ғатов, Шымкент қаласы мәслиxатының xатшысы Бахадыр Нарымбетов, Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қ.Жолдықараев табыс етті.

 

ТҮРКІСТАН