25 Сәуір, 2014

Мысырлық министрлермен кездесулер

299 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы елшісі Берік Арын МАР Уақыфтар министрі Мұхтар Жұмамен және Туризм министрі Хишам Заазумен кездесті. МАР Уақыфтар министрі М.Жұма­мен кездесу барысында қазақстандық дипломат Қазақстан Парламенті Сена­тының Төрағасы Қ.Тоқаевтың үсті­міздегі жылғы 18 қыркүйекте Астанада өткізілуі жоспарланған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының ХІІІ отырысына қатысты хатын табыс етті. М.Жұма аталған маңызды шараға өзі басшылық ететін мекеме өкілінің қатысатынын қуаттай отырып, Қазақ­станның жаһандық деңгейде дін­аралық және өркениетаралық үнқатысуды ілгерілетудегі үлесін жоғары бағалады. Ол Мысырдың Орталық Азиядағы сая­си және экономикалық тұрғыдағы жетекші мұсылман мемлекеті – Қазақ­станмен бұл бағыттағы өзара іс-қи­мылға белсенділікпен атсалысуға дайындығын атап өтті. Сонымен қатар, М.Жұма Б.Арын тапсырған Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің төрағасы М.Әзіл­хановтың Қазақстанға ресми сапар­мен келуге шақыруын ри­за­шылықпен қабыл алды. Екі ел арасындағы білім және дін саласындағы ынтымақтастықты да­мыту бағытында тараптар «Нұр-Мүбәрак» бірлескен қазақ-мысыр университеті қызметінің алдағы даму болашағы жөнінде пікір алмасты. Мысырлық министр «Нұр-Мүбәрак» университетін үздік бітірушілердің келешекте Әл-Азһар университетінің магистратурасына қосымша талаптарсыз қабылдануын, сондай-ақ, Әл-Азһардың қазақстандық оқу орнының дипломдарын тануын қамтамасыз ету үшін аталған жоғары оқу орнындағы білім беру сапасын көтеру бойынша бірқатар ұсыныстар білдірді. МАР Туризм министрі Х.Заа­зумен кездесу кезінде елші оған Пре­мьер-Министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешевтің 21-23 мамырда Астанада өтетін VII Ас­тана экономикалық форумы мен ІІ Дү­ниежүзілік дағдарысқа қарсы кон­ференцияға қатысуға жолдаған шақыруын табыс етті. Министр Х.Заазу өз кезегінде Мы­сырдың қазақстандық туристерді тартуды қалайтындығын жеткізді және оны жүзеге асыру мақсатында МАР үкіметінің биылғы жаз мезгілінде Алматы мен Шарм Аш-Шейх арасында тікелей әуе жолы байланысын ашу бойынша тиісті шараларды қолға алуды жоспарлап отырғанын хабарлады. «Егемен-ақпарат».