Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Өткен жылы клиникалық аурухана кезекті рет Ұлттық аккредиттеу орталығының «жоғары» санатына ие болса, жуырда «Дені сау ұлт» медициналық саммиті аясында «ALTYN SHIPAGER» сыйлығының жеңімпазы атанды. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният салтанатты рәсімде «Үздік көпбейінді облыстық аурухана» атағының иегері Түркістан облыстық клиникалық ауруханасына алтын мүсіншені табыс етті. Үздік атанған аурухана құрамында 844 төсектік 27 клиникалық, 27 төсектік 2-анестезиология және реаниматология бөлімшелері, 5 емхана, оның ішінде онкологиялық орталық және параклиникалық бөлімшелері бар. Ауруханада 1899 қызметкер жұмыс істейді, оның 329-ы дәрігер. Күн сайын 12 ауданға, облыстық маңызы бар Түркістан және Кентау қалалары, сондай-ақ үшінші мегаполис Шымкенттің тұрғындарына қызмет көрсететін, барлық заманауи құрылғылармен жабдықталған клиникалық ауруханада былтыр 33085 науқас емделіпті, 16200 ота жасалған. Ал биыл жыл басынан бері 13756 науқас емделіп, 6112 ота сәтті өткен. Отандық медицинаға өлшеусіз еңбек сіңіріп, талай шәкірт тәрбиелеген марқұм Мұқан Егізбаевтың аталған аурухананы дамыту мақсатындағы бастамалары мен игі істерін Марат Пашимов жалғастырған болатын. Бүгінде кешенді аурухананы кәсіби хируруг Елдос Сұлтанов басқарады. Ауруханадағы әр бөлімшенің өзіндік жетістігі мен ерекшелігі бар. Мысалы, нейрохирургия бөлімшесінің халыққа қызмет етіп келе жатқанына 10 жыл бола қойған жоқ. Дегенмен клиниканың дамуына елеулі еңбек сіңірген Мұқан Егізбаевтың бастамасымен 2013 жылы ашылған нейрохирургияның жетістіктері мол. Бөлімшеге «Болашақ» бағдарламасымен Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Поленова атындағы нейрохирургия институтын тәмамдаған жоғары дәрежелі білікті дәрігер Асқар Бақтияров жетекшілік етеді. «Біз «Болашақ» бағдарламасымен отандастарымыздың мемлекетке төлеген салықтарының есебінен білім алдық. Дипломым қолға тиген соң осында оралуымның бір себебі осы. Неге менің жерлестерім дертіне шипа іздеп Алматыға, Нұр-Сұлтанға баруы тиіс? Одан қала берсе, неге көрші елдерге ем іздеп кетуі керек? Оларды емдеуге білім-біліктілігім жеткілікті. Сондықтан облыстық клиникалық аурухана базасында еңбек етіп келе жатқанымды мақтан тұтамын. Дегенмен біздің қызметімізді территориялық жағынан бөліп қараудың қажеті жоқ. Біз облыс тұрғындарымен қатар Шымкент қаласының азаматтарына да дәрігерлік көмек көрсетеміз. Қаласа, шетелдіктерді де емдейміз. Өйткені медицинада шекара болмайды», дейді нейрохирург ағынан жарылып. Уақыт талғамайтын кәсіпті меңгерген білікті дәрігерлер түн ортасында да көмекке жетіп, аурухана базасында шұғыл хирургиялық ем-шараларды жүргізіп келеді. Былтыр облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен бөлімшеге нейрохирургиялық оталар жасау үшін соңғы үлгідегі микроскоп сатып алынған. Дәрігердің айтуына қарағанда, бұрын жасалатын оталардың 70-80 пайызы жұлынға қатысты болған. Жарақат салдары, грыжа, ісіктер бойынша омыртқаға хирургиялық ем көбірек жүргізілетін. Соңғы бір жарым жылда ми ісігімен келіп түсетін науқастар көбейген. Бұл скринингтік тексерулердің нәтижесінде ерте анықтаудың оң көрсеткіші болуы да мүмкін. Сондықтан аурухананың нейрохирургтері мүмкіндігінше аудандарға шығып, ауылдарды аралап, невропатолог мамандарға ауруды анықтауға көмектесуге уақыт бөлуге тырысады. «Өткен жылы аурухана базасында хирургияда тағы бір бағытты – ауырсыну синдромы қолданыла бастады. Тарқатып айтсақ: мысалы, беліңіздің аймағында 4-5 мм грыжа бар, ол нервті қыспайды, бірақ төменгі арқада ауырсыну бар делік. Әдетте, мұндай жағдайда пациент невропатологке жіберіледі. Ол көріп, ортопедке, ортопед жамбас буынын ауыстыру қажеті болмаса, оны тағы басқа маманға бағыттайды. Пациент осы аралықта ауырсынуды бастан өткеруі мүмкін. Бүгінде ондай ауырсынуды ауруханада бар радиожиілік генераторының көмегімен жеңілдетуге болады. Дәрігерлер ауырсынуды жеңілдетіп, блокада жасайды. Қажетті процедураларды орындайды. Бірақ ауырсынуды тоқтату уақытша екенін, мәселені шешпейтінін ескертіп айтады. Бұл «алтын уақыт» пациентке дәрігерлік тексеруден өтіп, дертінің неден екенін біліп, емделуді бастауына берілген мүмкіндік. Жалпы, бүгінде елімізде үздік деп танылып отырған клиникалық ауруханада өзге мекемелерге үлгі етерлік игі істер көп. Бұл, әрине, денсаулық саласына көрсетіліп келе жатқан мемлекеттік қолдаудың нәтижесі», дейді кезінде клиникалық аурухананың бас дәрігері болған, бүгінде облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов.
Аймақтық медициналық оқу орындары үшін клиникалық база болып саналатын аурухана қабырғасында тұрақты негізде жетекші отандық және шетелдік мамандардың қатысуымен шеберлік-кластар өткізіліп келеді. Мысалы, жуырда аурухананың ортопедия бөлімшесінде Ресейдегі Приоров атындағы Травматология және ортопедия ұлттық ғылыми зерттеу орталығының профессоры, қол хирургиясы және микрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Игорь Голубев шеберлік-сағат өткізді. Мәскеуден арнайы келген маман иық сүйегінің сынуы кезінде радиалды нервтің зақымдалуы жағдайында демонстрациялық ота жасады. Шеберлік сабағына өңірдің травматолог-ортопедтері қатысты. Сондай-ақ ауруханада Президенттік клиниканың роботтандырылған хирургия орталығының басшысы Бақтияр Қасымов жергілікті мамандармен бірге күрделі урологиялық ота жасады. Жалпы, өңірдегі медициналық мекемелердегі мамандардың біліктілігін арттыру басқарма басшыларының басты назарында. Жыл сайын ақ халаттылардың білімін жетілдіру үшін республикадағы қалаларға, алыс-жақын шет мемлекеттерге тәжірибе жинақтауға жіберіліп тұрады. «Мамандардың жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін өткен жылы жоғары оқу орындарының 129 түлегі медициналық мекемелерге жұмысқа жіберілген болатын. Оның ішінде шалғай ауылдарда жұмыс істеуге ниет білдірген 43 жас маманға 1 млн 500 мың теңге көлемінде әлеуметтік және қаржылай көмек көрсетілді. Сонымен қатар өткен жылы үш мыңға жуық медицина қызметкері біліктілігін арттырды. Оның 100-ден астамы АҚШ, Түркия, Ресей сынды мемлекеттерге жолданды. Десек те, бүгінгі таңда облыс бойынша кадр тапшылығы байқалуда. Медициналық ұйымдарға әлі 202 маман қажет. Атап айтқанда, кардиолог, невропатолог, отоларинголог, анестезиолог-реаниматолог, жалпы практика дәрігері, педиатр, окулист, онколог дәрігерлерге зәруміз. Ал орта буынды медицина мамандары жеткілікті. Себебі облыс бойынша Түркістан және Жетісай жоғары медицина колледждерінде орта буын медицина қызметкерлері жергілікті бюджет есебінен бөлінген грант бойынша оқытылуда. Облыста орта буын медицина қызметкерлерінің 10 мың халыққа шаққанда қамтылу көрсеткіші 92 пайызды құрайды, жалпы саны 19101. Жыл сайын арнайы бағдарлама бойынша әр колледжде мемлекеттік тапсырыс негізінде – 350 адам, ақылы 325 медициналық қызметкер біліктілігін арттырады. Өткен жылы жергілікті бюджеттен 450 грант бөлінген болатын. Биылғы жоспарымыз – облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы есебінен педиатр, терапевт, анестезиолог-реаниматолог, неонатолог дәрігерлерді «Шұғыл жағдайлар және қарқынды терапия» тақырыбында оқыту. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігіне 2022-2023 оқу жылына резидентурада медицина кадрларын даярлауға мемлекеттік тапсырысқа 121 өтінім берілді. Ұлттық жобаның негізгі басымдығына сәйкес сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін облыста жоспарланған іс-шаралар тұрақты орындалуда», дейді Марат Пашимов. Сондай-ақ облыста 2025 жылға дейін кешенді жоспарға сәйкес 8 нысанның құрылысын салу жоспарлануда. Оның 5-еуі облыс орталығы Түркістан қаласынан бой көтермек. Бұл нысандар 190 төсек-орындық облыстық балалар ауруханасы және бір ауысымда 300 келушіге арналған тіс емханасы, бір ауысымда 500 келушіге арналған қалалық емхана, симуляциялық орталық және ана мен бала орталығы болмақ. Тағы екі нысан 240 төсекорындық перинаталдық орталық пен бір ауысымда 500 келушіге арналған емхана Сарыағаш қаласында салынады. Ал Арыс қаласында бір ауысымда 500 келушіге арналған қалалық емхана салынады деп күтілуде.
Айта кетелік, «ALTYN SHIPAGER» сыйлығының тағы бір жеңімпазы – «Ең үздік босандыру ұйымы» атанған №1 облыстық перинаталдық орталығында жыл сайын 10 мыңнан астам жаңа туған нәресте дүниеге келеді. Рахима Нәлібаева басқаратын орталықта төсектік орын қоры – 300, 600-ден астам қызметкер еңбек етеді. Соңғы екі жылда бірде-бір ана өлімі тіркелмеген орталықта ауруларды ерте диагностикалау, туылмаған баланы медициналық қолдау, перинаталды тексеруді жетілдіру шарасына басымдық беріліп келеді. Сәбилерге, шала туған нәрестелерге ерекше күтім жасалуда.
Түркістан облысы