Бизнес • 22 Маусым, 2022

Кәсіпкерлікке кедергі көп

418 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жаңа Қазақстанды құруға қа­дам жасалып жатыр. Демек бәрі жаңаруы қажет. Осы орайда кәсіп ашып, отандық экономиканы өркендетуге үлес қосуды көздейтін кәсіпкерлер жетерлік. Алайда олардың кей­бірі бұрынғыша алдынан кесе-көлденең қойылатын кедергіден құтыла алар емес. Кәсіпкерлер «Атамекен» ҰКП-ның Атырау өңірлік филиалына өздері тап болып отырған 35 мәселені ше­шіп беруді ұсынған.

Кәсіпкерлікке кедергі көп

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың айтуынша, былтырғы тамыздан бері Атырау қаласы әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес абаттандыру, көгалдандыру және көлік тұрағын ашу үшін жер телімін беру тоқтатылған. Бас тарту туралы шешімге бизнес субъектілерінің ортақ пайдаланудағы жер телімін сұрауы, жерді заңсыз қоршауы, қосымша құ­ры­лыс үшін жалдау шарттарын бұзуы, шлагбаумдар орнатуы негіз болған.

– Осы орайда жергілікті атқару­шы органдар алдын ала бекітілуге тиіс эскиздік жобаны да талап етеді. Автотұраққа, абаттандыруға және көгалдандыруға жер беру туралы ше­шім қалалық сәулет және қала құ­рылысы бөлімінің бұйрығы тү­рін­де ресімделеді. Атырау қаласы әкім­дігінің бұл әрекеті жерге қа­тыс­­ты заңнаманың талаптарына тіке­лей қайшы келеді. Бұл бизнес субъек­тілерінің құқығын шектейді, – дейді С.Жолдыбаев.

Оның пікіріне қарағанда, әкімдік жосықсыз кәсіпкерлердің жекелеген әрекетіне байланысты басқа бизнес субъектілерінің құқығын хаттамалық шешіммен шектемеуі керек. Қазір қосымша әкімшілік кедергілер жасалып отыр. Өйткені қосымша рұқсат алу қажет. Жер телімдерін уақытша немесе тұрақты пайдалануға беруге қатысты барлық мәселе жергілікті атқарушы органдардың шешімімен ресімделуге тиіс. Мәселен, «Project Stroy Group» ЖШС абаттандыру, көгалдандыру және көлік тұрағы үшін эскиздік жоба тәртібінде әкім­дік алгоритміне сәйкес бекітілген жер учаскесінде көппәтерлі тұрғын үй құрылысын бастаған. Алайда жер телімі жеке тұрғын үй құрылысы үшін жеке тұлғаларға берілген. Енді бұл ­ны­санды қалай пайдалануға беру туралы мәселе туындап отыр. Серіктес­тік әкімдікке, өңірлік кәсіпкерлер палатасына және прокуратураға өтініш­тер жазған.

– Бұл – инвестициялық жоба. Онда мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Оның ішінде автотұраққа жер телімін беру және көгалдандыру да бар. Жоба бұл жер телімі бос кезде сәулет бөлімімен келісілгеннен кейін ғана жасалды. Соның негізінде эскиздік жоба бекі­тіліп, жұмыстар басталды. Енді бұл жер басқа адамдарға тиесілі екені бел­гілі болды. Олар өз талаптарын ұсын­ды. Біз құрылысты тоқтатуға мәж­бүр болдық. Қазір мәселенің қалай ше­шілетінін күтіп отырмыз, – дейді «Project Stroy Group» ЖШС өкілі Нұрбек Садықов.

Ал «Бека» жеке кәсіпкерлігінің өкілі Айсәуле Оразованың айтуына қарағанда, жиһаз шығаратын цех ғимаратының құжатын ресімдеу мүмкін емес. Бір жылдан бері қандай кедергіге тап болғанын тарқатып айтып берді.

– Тауардың шығарылғаны тура­лы мәліметі бар «СТ-KЗ» форма­тын­дағы сертификат алғымыз келеді. Осы мақсат үшін тұрғын үйді цехқа айналдырып, нысаналы мақсатын өзгерту үшін құжаттарын ресімдей бастадық. Біз 1 миллион теңге кө­ле­мінде мемлекеттік баж салығын төледік. Қала әкімінің тиісті шешімі шықты. Алайда қазір сәулет бөлімі ғимараттың құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес еместігін алға тартып, бізге сәулет-жоспарлау тапсырмасын бермей отыр. Сонда әкімнің шешімі қалай шықты? Мұны неге мем­лекеттік баж салығын төлегеннен кейін айтып отыр? Бір жылдан бері осы мәселені шеше алмай келеміз, – деп қынжылыс білдірді А.Оразова.

Бұған қоса мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт жасасқан оқу орнынан ақшаны да, қалған тауарды да ала алмай отыр. Оқу орнымен 2020 жылдың қазан айында жалпы сомасы 4 млн теңгеге жуық тауарды жеткізу туралы келісімшарт жасалған. «Бека» жеке кәсіпкерлігі қараша айында шарт талабын орындаған. Сот бірнеше рет бизнес субъектісінің талабын қанағаттандырудан бас тартқан.

– Оқу орнының басшылары сәл кейін төлейміз деп, тапсырыс берген тауарды қабылдап алды. Ал жыл соңында келісімшартты бұзатынын мәлімдеді. Осы оқу орнының директоры осылай жасауға мәжбүр екенін айтып, бірақ ұзамай тауар үшін ақша төленеді деп сендірді. Үш ай күтіп, еш нәтиже шықпаған соң, сотқа арыз бердік. Сотта біздің тарапты кәсіпкерлер палатасының адвокаты қорғады. Алайда тауарды материалдық жауапты емес тұлға қабылдап алған деп, талап арызымызды қанағаттандырмады. Оқу орнының директоры біздің тауарды қабылдау үшін сол адамды өзі таныстырған еді, – дейді А.Оразова.

«Eurostream» ЖШС-ның қаржы директоры Наурызбай Қабидің жағдайы да мәз емес. Оның мәліметінше, бұл серіктестік құрылыс материалдарын жеткізіп, су сүзгілерін орнатумен айналысып жүр. Бірақ Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері оған қатысты жалған шот-фактуралар бергені үшін қылмыстық іс қозғаған.

– Серіктестік басшысы лауазымын атқаратын туысымды жалған шот-фактуралар арқылы 800 мил­лион теңге ұрлады деп қорқытып отыр. Біздің есепшотымызға мұндай ақша түскен жоқ. Бізде тауардың сатып алынғанын, жеткізілгенін растайтын құжаттар бар. Барлық тапсырыс беруші тауарды алғанын растайды. Біз тауарды шетелден әкелеміз. Тауарлар кедендік бақылаудан өтеді. Сондай-ақ бізде мемлекеттік кірістер комитеті­нен электронды шот-фактуралар шы­найы екені айтылған хат бар. Про­куратураға да арыз жаздық. Өзім­нің кінәсіз екенімді қалай дәлелдеуім керек? Енді соңғы қадамға барып, өзімді өртеп жіберуден басқа амалым қалмады, – деп налиды Наурызбай Қаби.

Кәсіпкерлердің кәсібіне кесе-көлденең қойылған мұндай кедер­гілердің біразынан облыс әкімі Серік Шәпкенов те, оның бірінші орынбасары Серік Айдарбеков те, облыс прокуроры Халидулла Дәуешов те хабардар. Демек кәсіпкерлердің бұзыл­ған құқығы қорғалып, адымын аштырмайтын тұсаудай болған қиындық­тар оң шешімін табатын шығар. Бұл – құқығы тапталған кәсіпкерлердің үміті.

 

Атырау облысы