25 Сәуір, 2014

Сарқылмас сарын

367 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің жүрегі – Астана бүгінде түрлі халықаралық шаралардың бастамашысы ғана емес, сонымен қатар түрлі мәдени құндылықтарымызды дәріптеп насихаттайтын орталыққа айналуда. Бұған өңірлерде өнерге тер төгіп жүрген азаматтардың іс-әрекеті дәлел десек, сондай шығармашылық иесінің бірі ретінде Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-дирижер Назымбек Молдахметовті атаған жөн. Жақында күйші елордада «Думанды Тобыл» атты шығар­машылық кешін өткізді.

DSC_7078

Бүкіл саналы ғұмырын өнерге арнап келе жатқан жанның кешін Астана қаласы филармониясының халық аспаптар оркестрі (көркемдік жетекшісі әрі дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов) сүйемелдеп отырды. Концерттің шымылдығын А.Жайымовтың «Думанды Тобыл» шығармасы ашты. Раздықтың күйі «Аң­шының зары» өте шебер орындалды.

Автордың өзінен бөлек өнердегі замандастары мен ізбасарлары да өз өнерлерін ортаға салды. Батырбек Байназаров Абыздың күйі «Толғауды» қобызбен тебірентсе, Жазира Қалиева Н.Тілендиевтің «Балапандарым» шығармасын сазсырнаймен керемет үлгіде жеткізді. Сондай-ақ, дарынды әншілер Жанатбек Кәдіров пен Гүлбану Абдуллина шырқаған Қалибек Дербісалдиннің «Қостанай» әні де тыңдарманды тамсантпай қоймады.

 Ермұрат Үсеновтің «Шақшақ Жәнібек» туындысы оркестрде тіпті құлпыра түссе, Айтбай Мұздахановтың «Қос Қарлығаш» күйін орындаған Анар Мұздаханованы да жиылған жұрт ерекше ілтипатпен қабылдады. Сұлтанбек Молдахметов орындаған Шал ақынның термесіне тыңдарманның риза болғаны соншалық, термешіден тағы бір терме сұрап залдан жібермеді. Концертті Құрманғазының «Адай» күйі қорытындылады.

 Кеш соңында сөз алған Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының директоры Александр Евсюков алғашқы кезекте Астана қаласы филармониясының халық аспаптар оркестріне өзінің шексіз алғысын айта келіп, киелі Торғай топырағынан түлеп ұшқан Назымбек Молдахметовтің шығармашылығына тоқталды. Сондай-ақ, ол аталған шараға ұлы дала сазының сарқылмас көрінісі деп баға берді.

Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,

«Егемен Қазақстан».

––––––––––––––––––––––

Суретті түсірген

Ерлан ОМАРОВ.