Жігіт!
Азамат!
Қазақ, Адам ғой! – деп те қайырады.
Аталы сөздер. Киелі ұғымдар.
Маған осы аталы сөздер, атақты нейрохирург, нағыз ғалым, нағыз қазақ, абыройлы азамат Серік Ақшолақовқа қарата айтылғандай көрінеді де тұрады.
Серік Ақшолақовтың үйіндегі кең кітапханасында еркін отырмыз. Күн жексенбі болса да, кездесуді ертерек бастауды жөн көргенбіз. Менің білгім келген, Серіктің айтқысы келген, оқиғалар, ойлар тым көп болатын.
– Секе, әңгімеңізді бастап кетіңіз, – дедім.
– Неден бастасам екен деп, ойланып отырмын.
– Шалқардан, туған топырақтан бастаңыз.
– Болсын!.. – деді Серік Қуандықұлы. – Бабалардан бастайын.
Серік Қуандықұлы маған байыппен сынай қарады. Бұл көпті көрген адамның келіскен сыңайы болатын.
Нағашы атам
– Кісі келе жатыр. Дастарқан дайын болсын, – деді. – Ал сен, Серік қарғам, кешегі «Ер Төстік» дастанын тоқтаған жеріңнен әрі қарай оқи бер.
Қомақты «Батырлар жыры» дастаны кітабын құшақтап, аласа терезе қасына барып жайғасамын.
– Ата, ол кісі неге келе жатыр? – деп сұраймын. Бала шіркін бәрін білгісі келеді.
– Жұмысы болғаны ғой. – Сәл бөгеліп барып: – Қолын зақымдап алса керек. Сен оқы, оқи бер, – дейді нағашы атам.
Шалқардың көріпкелі де, емшісі де, сынықшысы да, ақылгөйі де, қолына Құран ұстағаны да осы нағашы атасы, Жалмұрат ақсақал болатын. Шалқарда жан баласы ол кісіге қарсы шыққан емес. Жұрт атасын құрметтейді. Атасы елін қадірлейді.
Атам мені қасынан тастамай ертіп жүретін. Бірде ауыл шетіндегі құмға шыққанда атам тізерлеп отырып алып намаз оқыды. Намазын оқып болған соң, малдасын құрып жұмсақ көшпелі құмға жайланды.
– Мен осы құмды алқапта, не бір тылсым күштердің құдіретін көремін. Бізбен бірге қосамжар (параллельный) әлем де өмір кешеді. Осы құмда, қосамжар әлемнің иелерін талай көрдім. Мектепте сендерге қосамжар әлем туралы айтпайды. Ана-Жерде болып жатқан небір тылсым қозғалыстарды Адам білуі керек. Жасыруға болмайды. Ақиқатты қадірлемеген қоғамның өмірі ұзаққа бармайды. Қашанда ақиқатты айту керек. Бұл қоғамның адамдары Құран оқуы керек. Құранға жығылмай, пенде Адам бола алмайды, – деді.
Нағашы атам орнынан асықпай тұрып ауқымды құмды бетке алып жүріп кетті.
– Құмда серуен құрмағалы көп болды. Маған еремісің?
– Еремін. Қосамжар әлемнің адамдарын көрсетемісіз?..
– Әне, олар анау құмдауыт төбеде кетіп барады.
– Кәне, кәне ата!.. – деп дауыстап жібергенім есімде.
– Сен оларды көре алмайсың. Олар жай пендеге көрінбейді. Қосамжар әлемді жақсы білген бір қазақ керекулік ақын, дана Мәшһүр Жүсіп. Ол бертіндегі білгіш. Ертеде ондай адамдар көп болған.
– Ата, сіз олардан қорықпайсыз ба?
– Қосамжар әлемнің тұрғындарынан қорықпаймын. Мына белсенді қызылдардан сескенем. Бұлар шаш ал десе, бас алатын хайуандар ғой. Әйтпесе, революция қайдан келсін?.. Қазақ даласына аштық қайдан келсін?.. Соғыс қайдан келсін?..
– Реке, менің нағашы атам, ақиқаттың шағын ғана ауылынан шыққан таза адам еді. Құранын оқыды. Емдерін жасады. Ақиқатты айтты. Осы үш тағанға сүйеніп өмір сүрді.
Мәскеу менің өмірімдегі де, ғылымдағы да жолымды ашқан он бес жыл ғұмыр кешкен қимас, қадірлі мекенім болды. Ресейдің Бурденко атындағы нейрохирургия институтында орыстың атақты ғалымдарынан дәріс алдым, миға ота жасаудың алуан түрлі әдіс-амалдарымен таныстым. Ең бастысы, сол институттың директоры, атақты нейрохирург, академик Александр Коноваловтың шәкірті болдым. Озық ойлы, адал жүректі, нағыз ғалым адаммен сыйлас, сырлас болған кезді ұмыту мүмкін емес. Әлі күнге дейін, сол адам маған ақылшы, ұстаз ретінде қымбат-ақ.
Александр Коновалов мені нейрохирургияға қолымнан жетектеп әкелген хас шебер хирург. Орыс хирургі ғана емес, әлемдік дәрежедегі озат хирургтің бірі. Мәскеуге келісімен жолдамамды жалаулатып бұрыннан білетін Коноваловқа келдім. Ол кісі мені көріп қатты қуанды.
– О, Серік келіпті ғой, – деп мәз-мейрам болды. – Кәне, сөйле!..
– Александр Николаевич, аспирантураға келдім. Жолдамам да бар, – деп қағазымды көрсетіп ыржия күліп тұрмын. Жаңа ғана бет бейнесі жайнап тұрған академиктің түрі түксиіп үнсіз қалды. Өмірде қатал адамның мінезі де ауыр еді.
– Серік... – даусы салқын шықты. – Сен маған мынаны айтшы... Сен өзі ғалым болғың келе ме, нейрохирург болғың келе ме?..
– Мен нейрохирург те, ғалым да болғым келеді.
– Олай болмайды, – деді Коновалов. Даусында ызғар бар еді. – Аспирантураны талақ таста.
Менің жаным мұрныма тығылды. Академиктің неге тұлан тұтқанын ұқпадым.
– Енді не істейін?.. – деп күмілжідім. Көңілде сасу да болатын.
– Арнайы тәжірибе өтпеген адамға, аспирантура атасының басына керек пе?!. Саған екі жылдық ординатура бітіру керек. Ординатурада тәжірибе жинайсың, операция жасауды үйренесің. Көп, өте көп операция жасамай нейрохирург бола алмайсың. Ұғамысың... әлде ұқпаймысың? Әңгіменің тамырына ой жібер. Екеуміздің диалогымызға сапалы ой жүгірт, – сәл дамылдап барып, үнсіз қалды. Содан соң, менің бетіме зерделей қарады. Жүзі де сәл жылыған сияқты болды. – Серік, менің айтқан ақылымды дұрыстап ойла. Дұрыстап шешім шығар...
Менің де жүзім жылыды. Кеудені тепкілеген ыза да ақырын-ақырын шегініп бара жатыр еді.
– Александр Николаевич, сіздің сөзіңіз маған заң. Онда маған аспирантураның түкке керегі жоқ, – деп Ақтөбеден жалаулатып алып келген жолдаманы төртке бөліп жыртып тастадым.
Сергей Федоров жаратылысы бөлек, таланты кесек, адамгершілігі зор адам еді. Александр Коновалов пен Сергей Федоров менің өмірімдегі қадірлі де, қимас та ұстаздарым. Менің өмір жолымда олардың маған көрсеткен тәрбиелері мен үлгілері шексіз болды. Мен оны еш уақытта ұмытпаймын.
Тағы бір уақиғаны айтқым келеді.
Мен кандидаттық диссертация жазып жатқан кезім. Бұл диссертацияға ми мен бас сүйектің ішкі негізі керек болды. Оны ғалымдар «Блок препарат жасау» деп те атайды. Біздің Бурденко атындағы нейрохирургия институтында блок препарат жоқ. Оны өлген адамдардың басынан кесіп алу керек. Ол ең қиын шаруа.
Сот-медициналық экспертизада аспирант болып істейтін Болат Ғалиев деген жақын досым бар еді.
– Болат, сендерде ешкім сұрамайтын өліктер бар ма?
– Бар. Оны қайтесің? – деп сұрады Болат.
– Маған зерттеу үшін солардың басынан блок препарат алу керек, – дедім.
– Ондай өліктер бар. Ми мен бас сүйектің ішкі негізінің біреуі жиырма бес сом тұрады. Санитаркаларға айтсам, кесіп дайындап береді.
– Келістік, – деп қуандым.
– Саған қанша бас керек?
– Әзірше төрт-бес бас.
– Болсын. Сұраусыз жатқан өліктер жеткілікті, – деді Болат. Күлуге шақ қалып өз-өзімізді әзер тоқтаттық. Өлгендерге күлу күнә болатын.
Мен қолма-қол жиырма бес сом төледім. Санитаркалар басты кесіп берді. Блок препаратты сөмкеме салып алып, метроға отырдым да, институтқа тура тарттым.
Сол күні бір әріптесім екеуміз зерттеуді бастап кеттік. Сағаттап микроскопқа тесіліп, блок препаратты зерттедік, суретке түсірдік, тексердік.
Сергей Николаевич, кімнен екенін қайдам, менің өз ақшама блок препарат тауып, оған жүз сом ақша төлеп, зерттеу жасағанымды біліп қалып, мені кабинетіне шақыртты. Отыр деп те айтпастан үстелге үнсіз жүз сом ақшаны тастады.
– Сергей Николаевич, не әкелу керек? – деп сұрадым.
– Түк те керегі жоқ. Өз қалтаңнан материалдарға ақша төлегенді тоқтат. Материалдар үшін институт, мына мен төлеуім керек. Сен менің аспирантымсың, ал мен сенің ғылыми жетекшіңмін. Мен сенің французшаласақ, шефіңмін! Білдің бе?..
Кандидаттық диссертацияны бір жарым жылда жазып бітірдім. Александр Коновалов мені институтта операцияны ең көп жасайтын профессор Сергей Николаевичке мықтап байлады. Кандидаттық диссертацияны екі жылда дайындап болдым. Сонда Федоров мені өзіне шақырды.
– Серік, сен асықпа. Қайда асығасың? Ғылымның асығысты жақтырмайтын мінезі бар. Тағы бір жыл ізден, аурудың кеселдігін білу аз, емдеу де аз, нағыз ғалым аурудың алдын алу керек. Соны жатсаң да, тұрсаң да ойлан. Ибн-Сина бабаңның айтқандарын ұмытпа! – деді.
Бұл таптырмайтын керемет ақыл еді. Мені сабырыма түсірген де осы сөз болған. Несін айтасыз...
Докторлық диссертация
Сергей Николаевич төсектен тұра алмай қатты ауырып жатқан кезі еді. Мен Абрамцовадағы үйіне денсаулығын сұрайын деп барғанмын. Жылы қарсы алды.
– Өзіңе елу грамм арақ құй. Маған керегі жоқ. Енді мен асарымды асаған, жасарымды жасаған адаммын. Өзім ішкендей болайын, алдыңдағы арағыңды тартып жібер.
Мен екі айтқызбай тартып жібердім. Бір ауыз тілек айтпағаным не? – деп секемденіп қалдым. Бірақ кеш ойландым.
Ал ұстазым, Сергей Николаевич менің не ойлағанымды төсекте жатып-ақ дәл танып қойып еді-ау.
– Серік, қазір сөз айтатын кез емес. Біз дәрігерміз ғой. Ішіміз бәрін сезеді. Аурудың бет алысы жаман.
«Бұл неткен жау жүрек, неткен мықты адам!» – деп таңғалдым.
Әлден соң, Сергей Николаевич, маған бұрыла қарады. Ойлы жүзі жарқын, тек көзінде қалың, айықпас мұң тұр еді.
– Саған бір ақыл айтқым келеді. Тілек деп те қабыл алуыңа болады. Одан сөздің мағынасы өзгермейді. Ақиқат аяусыз ғой, тыңдаймысың?..
– Сергей Николаевич, сізді тыңдамасам, кімді тыңдаймын?!.
Көзін жұмып, үнсіз жатты да, басын көтерместен:
– Айтқан сөзіме ренжіме, – деді. Сәлден соң барып тұншыға жөтелді. Аздан соң тыншыды: – Докторлық диссертацияң талассыз мықты еңбек болатын түрі бар. Сен еңбекқор, адал, өте талантты адамсың. Ұйымдастырғыш қабілетің де ерекше. Докторлық диссертацияңды қорғаған соң, Мәскеуде бір күнге де қалма. Бұл орта бөлек, сенің тәрбие аяңа да, адамгершілік қасиетіңе де кереғар келеді. Сен сезерсің, сезбессің, ал менің ақылымды тыңдасаң, еліңе орал. Еліңе қызмет жаса. Сен үшін одан асқан бақыт болуы мүмкін емес.
Мен содан кейін Сергей Николаевич Федоровты көргенім жоқ.
Туған топырақ ыстық қой шіркін!.. Мәскеуде білім іздеп он бес жыл тер төккен соң, туған Ақтөбеге, киелі Шалқарға жетіп, оң мен солымды зерделеп ой жүгірткен шақта, барым мен жоғымды, жетістігім мен кемшілігімді, жеңісім мен жеңілісімді ап-анық танығандай болдым.
Өмірімдегі ендігі ұмтылысым, туған топырақ үшін, елім үшін, талмай, тайсалмай еңбек ету, басты мақсатым, ең қадірлі ұмтылысым, таусылмайтын ойым, асқақ арманым еліммен бірге жасайтынын анық таныдым. Бұл ойлар мені шабытқа бөледі, алға сүйреледі.
2008 жылы астанада «Ұлттық нейрохирургия орталығын» аштық. Бұл менің ең үлкен арманым болатын.
Жұмыс бастан асады. Нейрохирургия Қазақ елі үшін жаңа сала. Клиникаға бір кірсең, қайтып шыға алмайсың. Менде сенбі, жексенбі деген болмады. Шәкірттерімде де солай. Біздің мақсат, аурулардың денсаулығын тиянақты қарап отыру. Сапалы ем жасау. Ауруханадан сауықтырып шығару. Қазір нейрохирургия сан салаға бөлініп кетті. Жұлын, қан тамырлары, ми ісігі, балалар нейрохирургиясы, жалпы нейрохирургия болып жүре береді.
Бүгін операцияны менің шәкірттерім жасайды. Ал менің еншіме ең күрделі операциялар жасау қалады. Ертеде, біздің ауру адамдар, шетелдерге барып операция жасататын. Қазір оны өз елімізде жасаймыз. Біздің клиникаға операция жасауға шетел азаматтары көп келеді.
– Реке, мен сізге турасын айтайын. Ми әлемі – бөлек әлем. Алла тағаланың өзі жаратқан ерекше әлем. Менің ендігі қалған өмірімде екі арманым бар. Оның бірі, Қазақтың нейрохирургия орталығын, әлемдегі ең озық орталықтардың біріне айналдыру. Екінші арманым, ұстазым Александр Коновалов секілді тоқсан жаста да операция жасаудан қалмау.
– Алла тағала, сіздің арманыңызды әлдилесін! Сізге күш-қуат берсін! Сіздің орталықта бүгін елу нейрохирург жұмыс істейді. Нейрохирургтердің саны жүзге жетсін.
– Арман таусылмайды ғой. Ол күндерді мен көрермін, көрмеспін, бірақ біздің орталыққа шетелдік ғалымдар келіп білім алатынына сенемін.
Серік Қуандықұлы кең креслоға шалқая отырған күйі ойланып қалды.
Естен кетпес уақиға оқиғалар нейрохирургтердің өмірінде Құдайдың құтты күні кездесіп жатады. Талай тағдырлар көз алдымнан өтті ғой. Мәскеуде де, Алматыда да, Астанада да. Қазір де кесек тағдырлар көз алдыңнан көлбеңдеп өтіп жатады. Кесек бейнелер де. Небір ерекше тұлғалармен де кездестім. Өлім алдында тұрса да, адамдығын, кісілігін жоғалтпаған, қайтпас қайсар біртуар жандарды да ұшыраттым. Таңғалдым. Адамдық ерліктеріне тамсандым. Жақсы адамдар, батыр адамдар халық ортасында көп кездеседі.
– Реке, мен сізге дәрігерлік тәжірибеде бұрын кездеспеген бір уақиғаны айтайын. Шаршаған жоқсыз ба?..
– Жо-жоқ... Қайдағы шаршау? Қайта сіз шаршап қалмаңыз. Күні бойы отырмыз.
– Күні бойы мен ғана сөйлеп отырмын, – деп күлді Серік Қуандықұлы. Терезеге бір қарап алып: – Күн шіркін де шаршап-шалдығып батуды бетке алыпты.
– Батып бара жатқан қан қызыл күн астында, сізге сол уақиғаны айтып берейін.
– Айтыңыз...
– 2015 жылы болса керек. Маған сол кезде Денсаулық сақтау министрі болған Солидат Закенқызы хабарласты. Іс білетін жақсы адам еді, марқұм болып кетті. «Серік Қуандықұлы, Алматыда бір тосын мәселе шығып тұр», деді.
Ауруханаға аяғы ауыр әйел түседі. Дәрігерлер инсульт деп ойлайды. Кейін инсульт болмай шығады. Мида ісік бар, ал әйел екіқабат. Отыз алты жастағы әйел бұрын босанбаған. Балалы болмаған. Алматыдағы нейрохирургтер, іштегі баланы алып тастау керек. Мидағы ісікті содан соң аламыз, дейді. Оған аяғы ауыр әйел көнбейді.
«Бұл баланы тумасам, менде енді бала болмайды. Ал бұл баланы менің ішімнен сылып алып тастасаңдар, маған бұл өмірдің түкке де керегі жоқ. Өмір сүргенше өлгенім артық», – дейді.
– Санавиациямен маған астанаға әкелсін, – дедім. Әйелді біздің Орталыққа жеткізді. Әйелді жылдам тексердік. Мидағы ісік өте қауіпті жерде орналасқан екен. Дәл жұлынның қасында. Тіпті үлкен ісік жұлынды үстінен басып тұр. Іштегі бала жеті айға жетіп қалыпты. Әйел менің бетіме тура қарады да: «Маған баласыз өмір жоқ! Баладан айырылсам өлемін», – деді. Даусында нық сенім бар еді. Төсекте шалқасынан жатқан әйелге бағдарлай да, сынай да қарадым.
«Айналайын батыр қарындасым-ай!» деп ойлағаным есімде. Шамамның келгенінше әйелге көмектескім келді. Шәкірттеріме: «Әлемде дәл осындай операция жасалынған ба екен?.. Соны біліңдер... Тез қараңдар...», дедім.
Бірақ әлемде мұндай операция жасалмапты. Орталыққа акушер-гинекологтарды шақырттым. «Біз қазір мидағы ісікке операция жасаймыз» – дедім. Бұл үлкен тәуекел. Мұндай операция жасау тәжірибесі әлемде болмаған. «Менің сіздерден сұрайтыным, операция жүріп жатқанда, әйелдің ішіндегі баланың жағдайын мұқият қадағалауларыңыз керек. Жүрегінің соғысын тыңдап тұрыңыздар» – дедім.
Акушер-гинекологтер тіл қатқан жоқ. Тек бастарын изей берді. Әйелдің ішіндегі баланың наркоздан өліп кету қаупі өте жоғары болатын.
Аллаға сыйынып операцияға кірісіп кеттім. Операция бес сағатқа созылды. Анасына жасаған операциядан бала аман шықты. Жүрек соғысы да бірқалыпты болды. Акушер-гинекологтер УЗИ-ден баланы мұқият бақылап отырды. Енді әйелді тездетіп ояту керек. Қазір бәрін уақыт шешеді. Әйел тірі. Енді баланы сақтап қалу керек. Мен әйел оянғанша жаным мұрнымның ұшына тығылды десем өтірік емес.
Бір жарым сағаттан соң, әйел оянды. Әйел ояна салысымен ішіне жармасты. Әйелдің білгісі келгені бала іште ме, әлде мына ақ халаттылар баланы сылып алып тастады ма?.. деген жан ұшырған сұрақ еді. Мен әйелдің қолынан ұстап:
– Балаң тірі... Бәрі жақсы. Миыңдағы ісікті алып тастадық. Операция сәтті өтті... Екеуің де тірісіңдер...
– Құдайға мың рахмет! – деді әйел. Әзер сөйлеп еді. – Сізге де мың алғыс. Атыңызды білмеймін, кешіріңіз.
– Мен де сіздің атыңызды білмеймін, – дедім.
Әйел ақырын жымиды. Әлсіз саусақтары менің қолымды қысқан болды.
Ананың жүрегіне, оның Аналық жан-сезіміне еш нәрсе жетпейді екен-ау! – деп ойладым. Дұрысы таң-тамаша қалдым.
«Жұмақ Ананың табанының астында» – деген киелі Хадис сөзінен айналдым.
Неге екенін қайдам, көз алдыма Анам келді. Өңімде емес, түсімде көрдім. Анамның алдында тізерлеп отыр екенмін. Анам басымнан сипады. Аруақтар да маған көмекке шыққан-ау! – деп ойлап үлгердім.
Әлде үлгермедім бе?..
Таңертең нейрохирургия орталығына келдім. Серік Қуандықұлымен қоштасуым керек болатын. Ширақ қималдайтын, тез сөйлейтін ол мені қуана қарсы алды.
– Кеше сізді шаршаттым білем...
– Өткен өмірді көз алдыма елестетіп рахаттандым ғой, – деді Серік Қуандықұлы. Сәл ойланып барып, қайта сөз бастады: – Кейде Шалқарда әкем салған үй есіме түседі. Еңсесі биік үй еді. Үлкен шарбағы болатын. Сол шарбаққа шырмауықша өрмелеп жүзім өсуші еді. Аулада алма, небір әдемі гүлдер де өсетін. Жүзім тәтті болатын. Шелектеп жиған жүзімін әкем маған Мәскеуге жіберіп тұратын. Сол жүзімдердің дәмі әлі таңдайдан кеткен жоқ. Әкем қайтыс болған соң, жүзім де, алма ағаштары да, гүлдер де жетімсіреді. Кейін олар да өлді. Үй тұр, тәтті жүзім жоқ. Ол да иесінің соңынан о дүниеге аттанып кетті білем. Уақыт деген жалмауыз тоқтау білмейді ғой. Қазақтың бойындағы жалқаулық та біздің кесіріміз білем... О, бал татыған қара көк жүзімдер керемет еді-ау, шіркін!..
Серік Қуандықұлы ойлы жүзін маған бұрып үнсіз қалды.
Нейрохирургия орталығынан шығар тұста мен бір қария ақсақалмен бетпе-бет келіп қалдым.
– Жігітім, мына орталықтың бастығына қалай кездесуге болады? – деп сұрады.
– Жайшылық па, ақсақал?..
– Осы орталықтың бастығына келіп едім. Жүзбе-жүз кездесіп, рахмет айтпақпын, – деп бөгелді де, баскиімін шешіп маған түстей қарады: – Осыдан бір апта бұрын, үш жасар шөбереме осында операция жасады. Миында ісік бар екен. Сөйлеуден қалған. Бүгін таңертең сол шеберем, сарнап тұр. О, Алла тағала, қалай таңғалмайсың?!. Машина жалдап осында жаңа жеттім... Енді осындағы бастыққа кіріп, рахмет айта алмай қиналып тұрмын. Маған Ақшолақов деген хирург керек.
Мен лезде Серік Қуандықұлының көмекшісі Мираға телефон соқтым. Ақсақалдың тілегін жеткіздім.
– Серік Қуандықұлы операция жасауға кетті. Сағат он екіге дейін күте тұрсын.
– Күтем, – деді ақсақал. – Күтем.
– Роллан аға, мен қазір төмен түсіп, ақсақалмен кездесемін. Шай бергіземін. Алаңдамаңыз, бәрін жасаймыз, – деді Мира. Екі сөйлемейтін, сабырлы, ақылды, асыл қарындасым Мира, Серік Қуандықұлы екеуміздің кездесуімізді де өзі өткізіп еді.
Тектілік тезисі
Өлім арсыз.
Өмір аяусыз.
Хайуандық жансыз.
Өмірде өздерін өздері шарқ ұрып іздеп, өздерін өздері тұлға жасайтын тектілер болады. Олар Дешті-Қыпшақтың нағыз қасқырлары. Сол Дешті-Қыпшақтың қасқыр ұлдарын, ұлы сапарда, Ұлы даланың киесі қолдайды. Алла тағаланың өзі көмекке шығады. Алла тағаланың бұйрығы бұлжымайды.
Бүгін астанадағы Нейрохирургия орталығына менің талантты шәкіртім, орыс жазушысы Максим Кузин барды. Миында ісік бар. Сол ісікті сылып алып тастау керек.
– Роллан Шәкенұлы, мен өз өмірімді әуелі Құдайға, содан соң Серік Қуандықұлына сеніп тапсырдым, – дейді Максим. – Қорықпай, қорғанбай Орталыққа келдім. Сізге айтқан уәдемді орындадым. Тәнім орыс болғанымен, жаным қазақ деп соғады.
– Аман бол, Максим! Бар бол, Максим! Көр де тұр, бәрі дұрыс болады.
Біз бүгін Ана-Жерде, Адам азған, Ана-Көкте Алла тағала қаһарланған шақта өмір сүрудеміз.
Алла тағала, кімге қабілетті көп берсе, содан көп сұрайды. Сондықтан да жауапты интеллигенцияның ойлы, таза, арлы болуын тілейді.
Алла тағала ара-арасында Ана-Жерге Асыл перзенттерді жіберіп тұрады.
Серік Қуандықұлы солардың санатынан.
Осы дүркіреген тіршіліктің қақ ортасында, адамның жанына араша түсуден бір таймаған, біртуар Серік Ақшолақов үнсіз тұр.
Адам баласының амандығы үшін жанын салған дара тұлға.
Роллан СЕЙСЕНБАЕВ,
жазушы