Әлем • 24 Маусым, 2022

Ресей газ экспортын тоқтатуы мүмкін

1266 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халықаралық энергетика агенттігі «Ресей көптеген елге газ тасымалдауды тоқтатуы мүмкін», деп мәлімдеді. Осыған орай Батыс елдері қоймаларын қысқы отынмен толтырып үлгере алмай қаламыз ба деп алаңдап отыр.

Ресей газ экспортын тоқтатуы мүмкін

Халықаралық энергетика агенттігінің басшысы Фатих Бирол Еуропа елдерін алдағы қыста Ресей барлық аймаққа газ таратуын тоқтатқан жағдайда, халық жылусыз қалмас үшін ел үкіметтеріне осы бастан да­йындық жұмыстарын жүргізу қажет­т­ігін ескертті. Ол газға деген тәуелділікті азайтып, атом электр стансаларының жұмысын жандандыру қажет деп есептейді. «Соңғы апталар­да Кремль жөндеу жұмыс­тарымен байланысты деп газ жеткізуді қысқартты, шын мәнісінде, бұл Ресейдің Батыс аймақтарына ықпал ету­ді көздеп, олардың қысқы мау­сымға қоймаларын отынмен тол­тыруды болдырмау мақ­сатында жасап отырған әрекет­тері», деді Фатих Бирол. «Еуропа ресейлік газдың толығымен тоқтатылатынына дайын болуы керек. Қыс мезгілі жақындаған сайын Ресейдің ниетін тереңірек түсінеміз», деп қосты ол Financial Times газетіне берген сұхбатында.

Осы хабарды естіген Еуроодақ елдері қоймаларын толтыруға асығуда, мәселен, Германия қараша айына дейін елдегі қорды 90%-ға дейін жеткізуді көздеп отыр. Бүгінде бұл елдің қоймасы отынның 45%-на толы. Одаққа мүше мемлекеттер, сондай-ақ өзге ел­дерден, соның ішінде АҚШ-тан газ сатып алу және жаңартылатын қуат көздеріне көшуді жеделдету арқылы ресейлік қазба отындарына тәуелділігін азайтуға тырысуда. Дегенмен шенеуніктер ресейлік мұнай мен газдан бас тарту көмірді көбірек тұтынуға және атом электр стансаларын қолдауға әкелетінін мойындайды. Сонымен қатар Фатих Бирол еуропалық үкіметтердің энергияға сұранысты азайту мақсатында қабылдаған төтенше шаралары әлі шырқау шегіне жете қоймағанын атап өтіп, елдерді электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін жұмыстарын тоқтатпай, одан әрі жандандыруға шақырды.

Соңғы апталарда Мәскеу Еуроодақтың бірнеше елінің Украинаға басып кіруіне байланысты Кремльге санкция салу шешіміне жауап ретін­де оларға газ жеткізуді қысқарт­ты, кейбір елге тіпті тоқта­тып тастады. Балтық теңізі арқылы Германияға өтетін «Северный поток-1» құбыры арқылы Еуропаға ресейлік газ жеткізу азайып барады. Өткен аптада Ресейдің мемлекеттік «Газпром» энерге­тикалық компаниясы құбыры арқылы тасымал­данатын газды екінші қайтара қысқартып, жет­кізу қуаттылығын 40%-ға дейін қыс­қартқанын хабарлады. Сон­дай-ақ итальяндық Eni энер­гетикалық компания­сы «Газпромның» Италияға газ жеткізуін екі есе қысқар­та­тынын хабарлады, ол импортталатын газдың шамамен 40%-ын Ресейден алады. Бұл ретте француздық GRTgaz желі операторы Францияның мамыр айының ортасынан бері Ресей газын Германия арқылы алмағанын айтты.

Ал Ресей болса жөндеу жұмыстарын алға тартып отыр. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков өткен аптада Ресей Канадаға жөндеуге жібе­рілген жабдықтың қай­тарылуын қамтамасыз ете ал­мады деген бұрынғы пікір­лерге сілтеме жасай отырып, жеткізудің қысқаруын тех­ни­ка­лық қызмет көрсету мәсе­лелерімен байланыстырды.

Сәйкесінше, газ бағасы да шарықтап барады. Еуропадағы эталондық газ бағасы бір МВт/сағат үшін шамамен 127 еуроны (109 фунт стерлинг) құрайды, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 300%-ға жоғары.

RBC Europe сарапшылары болса еуропалық саясаткерлер тиімсіз әрекеттерге жол бермек дейді. Олар Equinor, Shell және TotalEnergies газ жеткізушілері және көмір өндіруші Glencore компания­лары Ресейдің газ жеткізуді қысқарту әрекетінен пайда көреді деп санайды. Сәрсенбіде Ineos Energy америкалық Sempra Infrastructure компания­сымен 20 жыл бойы Солтүстік Америкадан жылына 1,4 миллион тонна сұйытылған табиғи газ жеткізу туралы келісімге қол қойды. Миллиардер Джим Рэтклифф басқаратын Ineos газды саудалап, оны өз пайдасына, өнеркәсіптік қызметіне жаратуға ниетті. Газ Мексика шығанағындағы екі жоба бо­йынша жеткізіледі.

Еске салсақ, Еуроодақ ресейлік мұнай мен газға тәуелділікті мүмкіндігінше тезірек тоқтату үшін күн мен жел энергиясын өндіруді, сондай-ақ көмірді (қысқа мерзімде) пайдалану көлемін арттыруды жоспарлаған еді. Алайда Ресей газ жеткізуді азайтып, тоқтатқан кезде, мұнай мен газдың «қадірін» түсіне бастаған секілді.