Аймақтар • 24 Маусым, 2022

Жамбыл облысында сел жүрді

298 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында нөсерлі жауын салдарынан жолдарды су басып, сел жүрді, қорадағы мал өліп, көлік мінген адамдар су ортасында қалды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жамбыл облысында сел жүрді

Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 23 маусым күні сағат 20.00-де Қордай ауданы, Үлкен Сұлутөр ауылында нөсер жаңбыр салдарынан Ырғайты өзенінің бойымен сел тасқыны өтті.

Салдарынан ауыл жолдарын су басты. Сондай-ақ жеке тұрғын үйлердің 2 шаруашылық құрылысы қирады.

«Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, мал шығыны бар. Жергілікті атқарушы органның комиссиясы келген залал мөлшерін анықтап жатыр», деді ведомстводан.

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінен 8 қызметкер, 2 техника, жергілікті атқару органдарынан 5 қызметкер және 2 техника барған.

Бұдан бөлек, осы күні сағат 23:25-те Қордай ауданы, Шарбақты ауылынан 4 шақырым жерде Ырғайты өзенінің деңгейі күрт көтеріліп, арнасынан асқан.

«Өзен жағасында 11 адам демалып жатқан. Судың көтерілу салдарынан айналасын су басқан дөңес жерде 6 адам көлік ішінде қалып қойды. Сондай-ақ екпінді ағыс демалушылардың екінші көлігін шайып кетті.

24 маусымда сағат 01:15-те ТЖД құтқарушылары аралда қалған барлық адамды құтқарды. Оларға медициналық көмек қажет болмады. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ», деді ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен.