26 Сәуір, 2014

Астана өмір сүруге өте қолайлы қалаға айналады

463 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
25-04-01. Кеше «Астана Опера» теа­трында Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың төраға­лығымен елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі кеңес болып өтті. Міне, елордамызды бүкіл дүние жүзіне астана ретінде жарияла­ға­нымызға 16 жыл болады. Осы жыл­дардың ішінде біз қыруар шаруаларды тындырдық. Біз әлемдегі ерекше озық қалалардың бірі ретіндегі елордамызды салдық. Астана бүгінде әдемілігі жағынан да, адамдарға қолайлылығы жағы­нан да дүние жүзіндегі ең озық қалалардың бірі болып келе жатыр. Қаламыздың гүлденуіне бар­лық халық, қала әкімдігі, осы отыр­ған барлығыңыз ерекше үлес қостыңыздар. Ол үшін тек қана ризашылық пен рахметімді айта­мын. Бұл – бір. Дегенмен, біз еш­уақытта істегенімізге тоқмейілсіп тоқтап қалмаймыз, қаламызды одан әрі дамыту жолында барлық жағдайларды жасауымыз керек. Біз елордамызды дүние жүзінің ең көрікті қалаларының, әлемдегі өмір сүруге ең қолайлы қалалардың біріне айналдыруымыз керек, деді Мемлекет басшысы өз сөзінде. 25-04-02 Одан әрі Елбасы осы 16 жыл ішінде тәуелсіз еліміздің жаңа Астанасын салу мақсатында орасан зор жұмыс атқарылғандығын атап көрсетті. Астананы бүгінде әлем­дегі аса серпінді дамып келе жат­қан қала деп есептейміз. Мұны тек біз ғана емес, әлемнің көптеген сарапшылары мойындайды. Біз өзіміздің тәуелсіз мемлекетіміз үшін осындай елорда салғанымызға мақтанамыз. Жеткен жетістіктер үлкен. Сонымен бірге біз қазір бұдан да жоғары межелерді белгілеп, Астанамызды өмір сүруге ең қолайлы қалалардың біріне айналдыру жолында міндеттер қойып отырмыз. Бұл ретте біздің қаламызбен барлық жағынан, ауа райы, табиғаты жағынан да ұқсас қалаларды үлгі тұтуымыз керек. Мәселен, Канада елінің қалаларымен, сонымен бірге, Сингапур сияқты біздің қаламызбен ұқсас жағдайлары бар қалалармен деңгейлесуіміз керек. 25-04-03 Одан әрі Мемлекет басшысы қала экономикасына тоқталды. Қаладағы өндіріс өнеркәсібінің көлемі 260 миллиард теңгеге жетіп, 7 пайызға өсті. Экономикаға 545 миллиард теңге инвестиция салынды. Бұл жақсы көрсеткіш. Бүгінде қалада шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Шағын және орта бизнес субъектілері өндіретін өнімдер жалпы өңірлік өнімнің 40 пайызын құрайды. Шағын кәсіпкерлікке жұмысқа қабілетті қала тұрғындарының басым көпшілігі қатысып, жергілікті бюджетке түсетін табыстың 70 пайы­зын береді. Бұл бүкіл Қазақ­станға үлгі боларлық жақсы көр­сет­кіш. Өткен жылы қалада 1 миллион 100 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 4 мектеп, 8 балалар бақшасы және бірқатар денсаулық сақтау мекемелері салынды, деді Президент. Өзінің салтанаты жарасқан ерекше нысандарының нәтижесінде елорда ірі мәдениет, сауда және туристік орталыққа айналды. Соңғы жылы Астанаға 1 миллионнан астам туристер, оның ішінде 100 мыңнан астам шетел туристері келген. Таяу жылдар аралығында атқарылатын міндеттер санатында қаланың алдында тұрған ең жоғары да жауапты міндет – ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін жоғары дәрежеде өткізу болып табылады. Бұл қаламыздың дамуына жаңа серпін береді. Елордамызда сапалық деңгейі аса жоғары жаңа орталық салынады. Біз ЭКСПО қалашығын салып қана қоймаймыз, біз болашаққа бағдар алған құрылыс нысандарын саламыз. Көрме қалашығында тек «жасыл экономикаға» ғана қатысты емес, сонымен бірге, озық технологияға жауап беретін инновациялық жобалар жүзеге асырылатын болады. Уақыт аз, атқаратын жұмыс ауқымы зор. Сондықтан барынша жұмылып еңбек етуіміз керек, деді Мемлекет басшысы. Содан кейін Елбасы баяндама жасау үшін сөз кезегін қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовке берді. – Бүгін Астананың дамуы барысы жайындағы дәстүрлі кеңес­те жүздесіп отырмыз, деді баяндамашы. Өткен кеңестен бергі аралықта атқарылған жұмыстың нәтижелері жаман емес. Жалпы алғанда, 2008 жылдан бері елордамызды дамыту мақсатында Сіздің тарапыңыздан 323 хаттамалық тапсырмалар берілді. Оның 243-і толық орындалды. 80 тапсырмаңыз іс жүзіне асырылу үстінде, ал 38 тапсырма Үкіметпен бірігіп жүзеге асырылуда. 2013 жылы қаланың жалпы өңірлік өнімінің көлемі 2,7 триллион теңгеге жетіп, жан басына шаққандағы бұл көрсеткіш 23 мың АҚШ долларын құрады. Өткен жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 6,7 пайызға өсіп, 263,2 миллиард теңгені құрады. Қазіргі таңда елорданың экономикалық негізін шағын және орта бизнес секторы құрайды. Олар жалпы өңірлік өнімнің 60 пайызын өндіреді. Өткен жылы қаладағы шағын және орта бизнес субъектілері 1 триллион 200 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Бүгінде шағын және орта бизнес саласында экономикалық тұрғыдан белсенді қала тұрғындарының 77 пайызы, яғни 316 мың адам еңбек етеді. Келесі жылдан бастап елорда республикалық бюджетке 7,5 миллиард теңге, ал 2016 жылдан бастап 17,3 миллиард теңге қаржы аударатын болады. Яғни Астана қаласы республикалық бюджеттің доноры болып саналатын алдыңғы қатарлы 4 өңірдің құрамына кіреді. Одан әрі қала әкімі елорданың экономикалық дамуы барысында инновациялық индустрияландыру бағытына ерекше басымдық беріліп отырғандығын тілге тиек етті. Бұл мақсатты жүзеге асыру барысында қалада жұмыс істеп тұрған Индустриялық парктің қосқан үлесі зор. Бүгінде Индустриялық парк­тер аумағында жалпы құны 180 миллиард теңгені құрайтын 49 жоба іс жүзіне асырылуда. Осында жүзеге асырылған 19 жоба бүгінде ойдағыдай жұмыс істеп тұр. 2014 жылдың аяғына дейін тағы да 4 ірі кәсіпорын іске қосылмақ. Жалпы алғанда, Индустриялық паркте жоспарланған барлық кәсіпорындар 2016 жылдың соңына дейін толық іске қосылатын болады. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы шеңберінде 2013 жылы 3 тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Қазіргі кезде 4 мыңнан астам пәтерден тұратын 11 көп пәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы салынып жатыр. Оның ішінде 8 тұрғын үй кешені ағымдағы жылы аяқталады. Ал көп пәтерлі 3 тұрғын үй кешені 2015 жылы пайдалануға беріледі. Қазір негізінен құрылыс жұмыстары Бас жоспар аясындағы басымдық берілген бес бағыт бойынша жүр­гізілуде. 2013 жылы 4 орта мектеп пайдалануға берілсе, үстіміздегі жылы 9 жаңа мектеп құрылысы салынбақ. Биыл құрылыс мамандарын даярлайтын 800 орындық 1 колледж пайдалануға беріліп, энергетика саласының мамандарын даярлайтын 800 орындық тағы бір колледждің құрылысы басталмақ. 2012-2013 жылдарда қаламызда 2 аурухана және 2 емхана пайдалануға берілді. 2014 жылы сол жағалауда бір ауысымда 500 адам қабылдайтын амбулаториялық емханалық кешен, сонымен бірге, Ильинка кентінде 2 емхана, Досмұхамедов атындағы көшеде 1 емхана пайдалануға беріледі. Сөйтіп, қала тұрғындарына емханалық қызмет көрсету толық дәрежесінде шешім табады. Одан әрі баяндамашы елорданы азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. Қазір қалаға 60 мың тонна көлемінде көкөніс өнімдерін сақтайтын қойма орындары қажет. Өткен жылы 3 қойма құрылысы салынды. Қазір қала бойынша 22 мың тонна көкөніс өнімдерін сақтайтын қоймалар бар. Биылғы жылы жалпы көлемі 11 мың тонна көкөніс сақтауға арналған 3 қойма пайдалануға беріледі және жалпы көлемі 13 мың тонна көкөніс сақтауға арналған 3 қойманың құрылысы басталмақ. 2016 жылы қала сұранысын толық қанағаттандыру межесіне қол жеткізілмек. Бүгінгі күні қалада жалпы қуаты 2,5 мың тонна көкөніс өсіруге негізделген 2 жылыжай жұмыс істесе, жалпы қуаты жылына 6,9 мың тонна көкөніс өсіруге негізделген 3 жылыжай құрылысы салынуда. Баяндамашы Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша қаланы көгалдандыру және абаттандыру мақсатында атқарылып жатқан жұмысқа да жан-жақты тоқталып өтті. 2013 жылы қалада жалпы көлемі 6 гектарды құрайтын 12 сквер жасақталған. Үстіміздегі жылы қалада 13 сквер және 2 саябақ құрылысы салынады және күрделі жөндеуден өткізіледі. Биылғы жылы Орталық саябақты қайта құру жұмысы толығымен аяқталады. Сонымен бірге, биыл Есіл өзенінің жағасындағы жалпы көлемі 190 гектар болатын саябақ құрылысы аяқталады. Сая­бақта қажетті барлық инфра­құрылымдармен бірге 15 мыңнан астам ағаш бүршік жаратын болады. Сол сияқты Ботаникалық бақ іске қосылатын болады. Алдағы уақытта қалада атқа­рылатын міндеттердің ішіндегі ең маңыздысы қоғамдық көлік саласын дамыту болып табылады. Бүгінгі таңда қалаға қажетті автобустар саны 900 болса, оның ішінде 350 автобус жетіспейді. Биылғы жылы 350 жаңа автобус сатып алынбақ. Сөйтіп, қалаға қажетті автобус көлігі толық қамтамасыз етіледі. Елордада биылғы жылы 2 коммуналдық автобус паркінің құрылысын бас­тау жоспарланып отыр. Ол үшін Индустриялық парк аумағында 8,5 гектар жер телімі бөлінді. Алғашқы жоба бойынша құрылыс мамыр айында басталып, үстіміздегі жылдың қазан айында аяқталмақ. Ал екінші коммуналдық парк құрылысы 2014 жылдың екінші жартыжылдығында басталмақ. Сонымен бірге, Астанада жаңа теміржол вокзалының құрылысы басталмақ. Болашақта қалада 2 жаңа автовокзал бой көтереді. Бүгінде бұл ірі жобалардың дайындық жұмыстары аяқталды, жер телімдері бөлінді. Құрылыс жұмыстары 2015 жылдың бірінші тоқсанында басталады. Баяндамашы Астана қала­сындағы жалпы ұзындығы 35 шақырымды құрайтын Кіші көлік сақинасының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқандығын атап көрсетті. Оның 20 шақырымы пайдалануға берілді. Бұл жоба аясында сонымен бірге, 18 жол айрығы және көпір құрылыстары салынды. Кіші көлік сақинасының құрылысы 2016 жылы толық аяқталады. Соның нәтижесінде 20 мың автокөлік қаланың орта­лы­ғын айналып өтуге мүмкіндік алады. 2013 жылы Сарыарқа даңғылы бойынша Есіл өзені арқылы өтетін көпірді және М-2 көпірін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы тағы да 2 ірі көпірді күрделі жөндеуден өткізу көзделуде. Қала бойынша жалпы ұзындығы 120 шақырым жаңа жол құрылысы салынады және күрделі жөндеуден өткізіледі. Сонымен бірге, баяндамашы қаланың алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі ретінде ЭКСПО-2017 Халықаралық көр­месін өткізуге дайындық жұмыс­тары екендігін атап көрсетіп, осы орайда атқарылып жатқан жұ­мыстарды тілге тиек етті. «ТМД елдерінде алғаш рет өтетін ЭКСПО-2017 көр­месі – Қазақстанның негізгі жобаларының бірі. Осы орайда Сіздің еліміздің жүрегі болып табылатын Астанада тарихи маңыздағы әлемдік іс-шараны өткізу туралы бастамаңыз жүзеге асырыла бастады. Сіз атап өткендей, көрме Қазақстан экономикасында жаңа кезең болып, инновациялық технологиялар мен индустриялық революцияның жаңа алаңына айналды», – деді одан әрі сөз алған «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев. Төрағаның айтуы бойынша, Тіркеу құжаты көрме нысандарының барлық техникалық құжаттарын қамтитын басты жос­пар болып саналады. Жақында Париж қаласында қазақстандық делегация Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Атқарушы комитеті отырысында ЭКСПО-2017-нің тіркеу құжаттары бойынша есеп берді. Атқарушы комитеттің мүшелері ЭКСПО-2017 көрмесінің Тіркеу құжатын бірауыздан қолдап, үстіміздегі жылғы 11 маусымда Парижде өтетін ХКБ-нің 155-ші Бас Ассамблеясының мақұлдануына ұсынуға шешім қабылдады. Маусымда «Қазақстан» ұлттық павильоны құрылысына кірісеміз. Екі айдан кейін халықаралық тақы­рыптық корпоративтік пави­льондардың құрылысы бойынша жұмыстар басталады. Тамызда ұйымдастырушы кеңсесін, ал қыр­күйекте тұрғын үй кешендері құры­лысын қолға аламыз. Толықтай алғанда, ағымдағы жылдың жел­тоқ­санында 25 гектардағы көрме аймағының нөлдік циклін аяқтай­мыз, деді өз сөзінде Талғат Ерме­гияев. Елорданы одан әрі дамытуға байланысты өткен кеңесте сөйлеген сөзінде Президент соңғы бес жыл ішінде Астана қаласынан мемлекеттік бюджетке түскен түсімдер екі есе артып, 60 миллиард теңгені құрап отырғандығын атап көрсетті. Келесі жылдан бастап елорда ел бюджетінің нәрлендірушісі болады. Өн­дірілген өнім көлемін, актив­тер құнын есептегенде Ас­тана қазірдің өзінде мемлекет тарапынан салынған шығын­ды толық ақтады. Біз Қазақстан­ның ұлттық байлығына қар­қын­ды дамуын барған сайын жалғас­тырып отырған тұтас бір қала­ны қостық, деді Мемлекет басшы­сы. Одан әрі Нұрсұлтан Назар­баев қала экономикасына салын­ған инвестицияның жартысы­на жуығын жекеменшік капиталдың үлесі құрайтындығын атап көр­сетті. Солай бола тұрса да, шетел капиталын тарту жөніндегі жұмыс жоғары дәрежеде жүргізілмей отыр. 2013 жылы инвестицияның жалпы көлемі 540 миллиард теңгеге жеткен, оның ішінде шетел инвестициясы бар болғаны 1,4 миллиард теңгені немесе 0,2 пайызды құрады. Бізде Инвесторларға қызмет көрсететін орталық, Арнайы экономикалық аймақ құрылған. Алайда, шетел инвес­тицияларын тарту саласындағы нәтиже ойдағыдай емес. Біздің қаламызға көптеген елдердің қызығушылығы бар, көпшілігі қаржы салғысы келеді, бірақ, олар көптеген кедергілерге тап болады. Қалада барлық қызмет түрлерін электронды форматқа көшіру жөнінде жұмыс жүргізілуде. Бұл шетел инвесторларына да қатысты болуы керек, оларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетілуі керек, деді Елбасы. Мемлекет басшысы маңызды экономикалық актив болып саналатын астаналық жер телімдерін пайдаланудың тиімділігін арттыру қажеттігін атап көрсетті. Бас прокуратураның дерегі бойынша, қалада жалпы көлемі 15 мың гектарды құрайтын 800-ден астам жер телімі игерілмей жатыр. Оларды қайтарып алу және бұл жерлерді құрылыс жұмыстарын жүргізуге ынталы инвесторларға беру жөніндегі жұмысты одан әрі жалғастыру керек. Бас прокуратура игерілмеген жер телімдері бойынша жасалған іс-шаралардың барлығы бойынша тексеріс жұмыстарын жүргізуі тиіс. Қажет болған жағдайда игерілмеген мұндай жерлерді қайтып алу жөніндегі құжат берілгеннен кейін оны сатуға және сыйлауға тыйым салу жөнінде заңнамаға өзгеріс енгізілуі керек, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен бірге, Президент Астананы дамытуға бөлінген қар­жыны пайдаланудың тиімділігіне баса назар аударды. Өткен жылы қала бюджетінен тек әкімдікке қарасты ұйымдарға 85 миллиард теңге, яғни қала бюджетінің төрттен бірін құрайтын қаржы бөлінген. Ал бұл ұйымдардың 32-сі шығынмен жұмыс істесе, 8-і бан­кроттық жағдайға жеткен. Мен бұл проблема туралы жыл сайын айтамын, алайда шығынды оңтайландыру, мұндай кәсіпорындарды азайту барысында ешқандай жұмыс жүргізілмей келеді. Қалыптасқан осындай ахуал барлығын қанағаттандырып отыр. Бұл мәселені шешумен шұғыл айналысу керек, деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев соңғы жылдары қалалық аудандардың архитектуралық-қала құрылысы және инфрақұрылымы арасында айырмашылықтардың үдеп бара жатқандығы туралы да атап көрсетті. Мәселен, қаланың оңтүстік-батыс бөлігіндегі әлеуметтік нысандар инфрақұрылымының жағдайы орталықтағы жағдайдан мүлдем басқаша. Іс жүзінде әлеуметтік кескіні мүлде басқа орамдар салынуда. Қаланың шеткері аймақтары келеңсіз жағдайда болуға тиіс емес. Олардың тарапына бірыңғай көзқарас қалыптасып, олар да қала құрамында дамуы керек, деді Президент. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қалалық базарлардың ұсқынсыз келбеті, антисанитарлық жағдайы және салық төлемеуі фактілеріне жол беруге болмайтындығын атап көрсетті. Олардың барлық талаптарды орындауы қажеттігін тапсырды. Елбасы қаланы су тасқынынан қорғау, сумен қамтамасыз ету, №3 ЖЭО құрылысына бақылау жасауды күшейту арқылы жылумен қамтамасыз ету мәселелеріндегі проблемаларды шешу қажеттігін атап айтты. Үш жыл ішінде қалада 330 шақырым жол жөнделді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы жол құрылысы сапасының төмендігіне және сапаны түбегейлі жақсарту қажеттігіне назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде елордада Қазақстан бойынша ең жоғары қылмыс деңгейі тіркеліп отырғандығын атап өтті. Өткен жылы қылмыс саны 53 пайызға, оның ішінде ауыр қылмыс екі есе өскен. Ал қылмысты ашу деңгейі 36 пайызды құрап отыр. Қала бақылау пункттерін қалыптастыру үшін 2 миллиард теңге қаржы жұмсаған, алайда олардың есебінен қылмысты ашу деңгейі бар болғаны 1 пайызды құраған. Осыған байланысты Президент Астананы қала тұрғындары үшін қауіпсіз қалаға айналдыру туралы міндет қойды. Мемлекет басшысы қалада бар мәдениет нысандарын пайдалану мәселесіне назар аударды. Бұл мәдениет орталықтарында қала келбеті қалыптасады, тұрғындарды әдемілікке, өнерге, музыкаға баулу шаралары жүзеге асырылады. Бюджет есебінен салынған әлеуметтік нысандар үнемі сол бюджетке тәуелділігінен шыға алмайды. Олар барынша тиімді пайдаланылуы қажет және тым болмағанда өздерінің қалыпты жұмысын қамтамасыз етуге жететін табыс табуы керек, деді Елбасы. Елбасы 120 мемлекет және көптеген халықаралық ұйым­дардың қатысуы жоспарланып отырған ЭКСПО-2017 көрмесін ойд­а­ғыдай өткізу Астана қала­сының және жалпы еліміздің алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі екенін атап көрсетті. Ол Астана қаласының және алда тұрған ЭКСПО-2017 бүкіл­әлемдік көрмесінің таны­малдылығын арттыру қажеттігіне назар аударды. Сөзінің қоры­тындысында Нұрсұлтан Назарбаев елорданың алдында әлемнің же­текші қалаларымен бәсекеге түсу мақсаты тұрғандығын атап көр­сетті. Әлемде қалаларды әртүрлі дәрежеде бағалау қалыптасқан, бәсекелестікке қабілеттілік ин­дексі, өмір сүру жағдайы және қолайлылығы үшін, өмір сүру сапасы бойынша бағалау рейтингтері бар. Біз осындай рейтингтік көрсеткіштерді жақсартуға ұмтылуымыз керек. Тұрғындар өздерінің қаласын сүюі және онда салынған барлық ғимараттарды көздің қарашығындай сақтауы керек. Біздің еліміздің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің құрамына кіру туралы мақсаты айқындалған. Сондықтан Астана қаласының алдына аса жоғары міндет – 2050 жылы әлемдегі ең дамыған 10 қаланың құрамына кіру міндеті қойылып отыр, деді Елбасы. Кеңесте көтерілген барлық мәселелер бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың, оның ішінде өкілетті қалалық қызмет орындарының басшылары тиісті түсінік берді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.