26 Сәуір, 2014

Қараусыз қалған ұңғымалар өңір тұрғындарының заңды алаңдаушылығын туғызып отыр

431 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Мәжілісте палата спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Еркін ШПАНОВ Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалинге депутаттық сауал жолдаған болатын. Онда төмендегі мәселе көтеріліп, былай делінген еді: «Адамдардың денсаулығына, бүкіл Орал-Каспий бассейні экожүйесінің жағдайына теріс әсерін тигізетін Атырау өңірінің маңызды экологиялық проблемалары жайлы көптеген жылдар бойы айтылып келеді. Мұ­най өндіретін компаниялар өкіл­дерінің бекітулері бойынша қоршаған ортаны қорғау – стра­тегиялық қондырғылардың бірі. Мысалы, болашағы жоқ болып қалған немесе мұнайы таусылып, ондаған жылдар бұрын қараусыз қалған ұңғымалар баяу әрекет ететін миналар сияқты Каспий теңізінің жағалауында шашылып жатыр. Ескі ұңғымалардан экологияға өлшеусіз залал келтіретін мұнай немесе газдың бұрқағы атқылауы мүмкін. Олар құрлықта бұрғыланды, алайда, теңіз деңгейі көтеріл­ген тоқсаныншы жылдары ұң­ғымалардың бір бөлігі су астында немесе су басуы ықтимал аймақтарда қалды. 2004 жылы қауіпті ұңғымаларды жою бағдарламасына мемлекет 3 миллиард теңге бөлді. Бес жыл ішінде 47 ұңғыма жойып үлгерілді. 2009 жылдан бастап жұмыстарды қаржыландыру тоқтатылды. Қазіргі кезде қанша ұңғыма­ның бар екенін ешкім біл­мей­ді, өйткені, ешқандай зерт­теу жүргізілген жоқ. Әртүрлі көздердің деректері бойынша Атырау облысының аумағында, Каспий теңізі айдынының солтүстік бөлігінде цифрлар 1400-ден 2000-ға дейін өзгеріп тұрады. Қараусыз қалған ұңғыма­лардың мәселесі, тек Атырау облысында өткір болып тұрған жоқ. Ол көршілес жатқан Маңғыстау облысында да аз емес. Онда 229 ескі ұңғымалар су астында қалған және бірнеше жүзі су басу қаупі бар аймақтарда орналасқан. Бұл – мұнайлы аймақтың ортақ проб­лемасы. Бұрғыланған ұңғымалар санын, олардың жағдайын және олардың ішінде қаншасы су басу аймағында тұрғанын анықтау үшін тез арада зерттеу қажет. Бүгінде осындай ұңғы­малар­дың әрқайсысы – болжап болмайтын экологиялық қауіп. Әсіресе, агрессиялық су ортасында тұрғандары қауіпті. Теңіздегі қараусыз қалған ұңғымалардан мұнайдың ағуы Оңтүстік-Батыс, Тәжіғали және Прибрежный кен орындарында болды. Оларды консервациялау орасан зор күш-жігерді қажет етеді. Үкіметтің 2013 жылғы 11 қазандағы кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы проб­леманы зерделеуге және батыс өңірлердегі қараусыз қалған ұңғымаларды жөнге келтіруге тапсырма берді. Мұнай және газ министрлігі ескі ұңғымаларды жоюға қаражат бөлеміз деп уәде еткен. Алайда, бүгінгі таңда нақты іс-қимыл байқалмайды, бұл өз кезегінде өңір тұрғындарының алаңдаушылығын туғызып отыр. Мүмкіндікті пайдаланып және біздің сайлаушылардың тілектерін орындау мақсатында, сізден осы маңызды міндетті шешуге жәрдем көрсетуіңізді сұраймыз».