Руханият • 27 Маусым, 2022

Қоңырқай болмыс

463 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Синестезия деген термин бар. Ол – адамдардың нәрсені сезім мү­ше­лерінің біреуімен қабылдап, екін­шісімен сезінуі. Мәселен, дыбыстан бейне көру немесе керісінше бейнеден үн есту. Бұл – көбінесе шы­ғар­машылық адамдарға тән құбы­лыс. Кейде ақындар өлең жазғанда әуелі әлдебір әуен келеді деседі.

Қоңырқай болмыс

Бір адамның болмысына қарап, түсін таныған кез болған шығар. Мәселен, Жұмекен Нәжімеденовті қоңырқай ақын дейді. Осы теңеу де синестезияның белгісі.

Жоғарыда аталған термин ақын­ның болмысын ғана емес, шығар­машылығын да еске түсіреді. Оның өлеңдерінде қоңыр түстің алатын өз орны бар. Есен­ғали Раушанов: «Қазақтың түбі – түркі, түлігі – жылқы, түсі – қоңыр. Бұны ойымнан шығарып отырған жоқпын. Осы­ның бәрі Жұмекен ағаның өзінің өлеңінде бар», деген еді. Сол өлең мынау.

«Қоңыр шешем қоңыр кешті жамылып,

көзін сулап, қалып еді қамығып.

Қоңыр жолға түсіп едім мен өстіп –

қоңырқай ой маза берер емес түк.

Қоңырайып жатыр алда жол әлі –

кеудем кейде қоңыр күйге толады.

Қоңыр әнмен қазақ бесік тербетіп,

өргізіпті-ау қоңыр-қоңыр баланы...»

Ақын қазақтың болмысын, танымын, өнерін, тұрмыс-тіршілігін та­нытатын түсті қоңырға телиді. Өзі­нің де бар бітімі осы өлшемнің қалыбында қаланған. Расында, қоңыр жырларынан қоңыр күй төгіліп тұрады. Кейде одан домбырасын алып қойсаң, ақындығы бірге жоғалатындай не ақындығы болмаса, домбырасы да болмайтындай көрінеді. Қоңырқай ақында кең танымымен тәрбиеленген күй­дің тілін сөз қылып, не жазған жыр­ларын күй қылып түсінетін түй­сік бар. Оның пайым-парасаты да ерекше. Әдебиетші қауым жи­нал­ғанда «домбыра тартшы» деп бекер қолқаламайды. «Үндемес күй­шіні тыңдағанда алдыңда кім отыр­ғанымен ісің болмайды. Ол өзімен-өзі. Сен өзіңмен-өзіңсің. Айналаңда қалықтап күй ғана тұрады... Талай нәрсені ұмытып, талай нәрсені ойға аласың... Неткен рахат әлем! Салқын саз, сабырлы саз». Міне, осы әсерге елітеді. Әркім өз жанының сырымен күйдің тілін түсінбекке талпынады. Терең сүңгіп жүрегінен толғамды ой табады. Ал ол ойға күй жеткізіп үлгер­месе, ақынның өлеңі үзілген тұстан қайта жалғап береді. Өйткені күй мен жырда бірін-бірі түсініп, біте қайнасқан сыр бар.

Сол жиында ақындар жарыса жыр оқып, кезек Жұмекенге келгенде ол тек «маржандай қып түсінікті жазылған қолжазбасын» ұсынады екен.

Әбіш Кекілбаев естелігінде: «Қол­жазбаға үңіліп сен отырасың. Құлағыңда әлгі бір қоңыр әуен. Әлі бебеулеп тұр. Олар алаңдатып мына жырды ұғынтпай, мынау өлеңдер алаңдатып әлгі әуендерді ұмыттырып жібере ме екен деп қорқасың. Жоқ, өйтпейді... Күй мен жыр көп ұзамай бір әлемге айналады. Мынау үндемес ақын мына өлеңдерді жазғанда әлгі әуендерді естіп отырып жазғандай. Ал мына өлеңдер әлгі күйді қайталап шертіп тұрғандай. Сол баяғы шалқар көлдей мөлдірей тұнған кәусар әлемге күмп бересің», деп жазады.

Қазақ баяғыдан бір құбылысты екінші құбы­лыспен астарлап дәл жеткізе алған. Бұл – оның таби­ғатпен тамырлас шығармашыл түйсігінен туған сезімталдық. Кез келген та­лант­қа ондай өрелі биіктік дарымай­ды. Ол үшін жүректі болу керек шы­ғар. Сезім түйсігі адамгершілік қа­сиеттермен тәрбиеленуі керек. Та­ны­мы кең, түсінігі терең парасат иесі болуы қажет. Нағыз өнер осыдан туады. Жұмекеннің де болмысы сондай.

 

Айтолған ЖҮНІСХАН,

Еуразия ұлттық университетінің студенті