Ең әуелі министр мамандандырылған облыс орталығындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында азаматтарды қабылдады. Шаһар тұрғындары көрсетілетін қызметтердің сапасы жөнінде әңгіме өрбітіп, орталықтың жұмысына көңілдері толатындарын жеткізді. Онлайн форматқа көшу нәтижесінде, мемлекеттік қызметтерді алудағы жеделдік пен қолайлылықтың айтарлықтай артқанын атап өтті.
Дейтұрғанмен, тұрғындар кейбір мәселелер әлі де бюрократияландырылғанын және министрлік тарапынан назар аударуды талап ететіндігін айтты. Азаматтардың сауалдарына жауап бере отырып, министр жақын арада Екібастұзда мамандандырылған ХҚО ашылатынын сүйіншіледі. Ендігі жерде қала мен аудан тұрғындарына көлік құралдарын ресімдеу үшін облыс орталығына барудың қажеті бола қоймас.
Торайғыров университетінде жұртшылықпен кездесу барысында Б.Мусин ведомствоның мемлекеттік қызмет көрсету, облысты қолжетімді интернетпен және байланыспен қамтамасыз ету, ғарыштық мониторинг бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың жобалары мен жетістіктері туралы айтты.
Ведомство басшысы қазіргі таңда қазақстандықтарға онлайн форматта 18 негізгі құжат қолжетімді екенін айтты. Олардың ішінде жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, неке және туу туралы куәліктер және тағы басқалары бар. Сонымен қатар Б.Мусин мемлекеттік қызметтерді проактивті түрде көрсетуге, бұл жаңашылдық болашақта адами фактордан мүлдем бас тартуға бағытталғанын атап өтті.
– Біз мемлекеттік қызметтерді ұсыну процесінен адами факторды алып тастау мақсатын қойып отырмыз. Жеке куәлікті алуға және оны қайта шығаруға арналған «құжаттандыру терминалы» сияқты жобаларды іске асыру жоспары бар. Қазіргі уақытта бұл жоба Нұр-Сұлтан қаласының бірқатар ХҚО-сында орнатылуда. Бұл қадам тұрғындарға көші-қон қызметінің қызметкеріне жүгінбей, 5-10 минут ішінде жеке куәлікке тапсырыс беруге мүмкіндік береді, – деді Б.Мусин.
Министр бүгінде Павлодар облысы халқының 98 пайызы, яғни 758 мың адам интернет және байланыс қызметтерімен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Қалған 2 пайызы жақын арада қосылады.
Тағы бір маңызды мәселе – жайылымдық жерлердің жай-күйін спутниктен бағалау. Соның нәтижесінде, облыста 1,8 млн га жайылымдық жерді заңсыз басып алу жағдайлары әшкере болған.
Орман ресурстарына жасалған космомониторинг деректеріне сәйкес, 731 ағаш кесу полигоны анықталыпты. Павлодар облысының мемлекеттік орман қоры аумағында 144 құрылыс цифрландырылған. Құрылыстардың заңдылығын тексеру мақсатында деректер Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне жолданған. Цифрланған орман алқаптарының жалпы ауданы 225,9 мың га құрайды.
Б.Мусин «Ақылды қала» жүйесін дамыту мәселесіне де тоқталды. Оның мәліметінше, Павлодар Smart city рейтингісінде 13-орында тұр. Яғни жетілдіретін салалар жетерлік.
– Павлодар қаласында әр 100 адамға 2 бейнекамерадан келеді. Бұл әлемдік көрсеткіштерден 7 есе аз. Мысалы, АҚШ-та 100 адамға 15 камерадан келеді. Сондай-ақ Павлодарда басқа өңірлермен салыстырғанда тұрғын үй-коммуналдық сектор ұйымдарының қызметтерін беру әлі күнге дейін автоматтандырылмаған. Тұрғын үй-коммуналдық сектор қызметтерін цифрландыру бойынша жұмыстар өңірлік геоақпараттық порталдар базасында жүргізілуде, – деп атап өтті министр.
Сапар барысында цифрлы ведомство басшысы «Jylygai-Teplitsa» өңірлік IT-Hub-тың жұмысымен танысып, Павлодар облысының IT-қауымдастығымен кездесті. Жиын барысында Б.Мусин Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 2025 жылға дейін 100 мың IT-маман даярлау көзделгенін айтты. Бұл үшін бағдарламалау мектептеріне гранттар үлестірілмек. Өткен жылдың соңында 13 IT-мектепке 100 грант беріліпті. Гранттың құны 600 мың теңгені құрайды. Биыл тағы 3 мың грант бөлінеді деп күтілуде.
2021 жылы Торайғыров университеті базасында ашылған IT-мектеп бүгіннің өзінде 7 курс бойынша мамандар даярлайды екен. Қазіргі уақытта 108 сертификат берілген. Оның 63-і IT саласындағы курстар бойынша үлестірілген. Білікті IT-мамандарды даярлау бойынша оң динамиканы ескере отырып, Павлодар облысында IT-хаб құру және экожүйені дамыту қажет екені айтылды.
Жұмыс сапарының соңында Бағдат Мусин Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовпен кездесіп, өңірді цифрландыру саласын дамыту жөніндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Павлодар облысы