«Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауы аясында берілген тапсырмасына сәйкес БАҚ саласындағы салалық заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта журналистік қоғамдастықпен бірге жұмыс тобы құрылды және БАҚ-ты жетілдіру бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Министрлік саланың кадрлық әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөледі», деді министр.
Министр медиа сала мамандарын оқыту бойынша 2020-2021 жылдарға арналған арнаулы жоспар әзірлеп, іске асырғанын атап өтті.
«Арнаулы жоспарды іске асыру кезеңінде әр түрлі саланың бағытына маманданған салалық журналистерді даярлау бойынша ЖОО-мен меморандумдарға қол қойылды. Мультимедиялық білім беру және ақпараттық платформа іске қосылды. 4 мыңнан астам журналист медициналық, экологиялық, діни және IT-салаларында оқыту курстарынан өтті. Жаңа білім беру бағдарламалары іске қосылды», деді Асқар Омаров.